МЕЙІРІМДІ БОЛЫҢЫЗ!


Mейірімділік – адам бойындағы шынайылық пен сүйіспеншіліктен ту­ындайтын жүрек мейірбандығы. Ол рақымдылық шуағынан тарқайтын этикалық норма. Мейірімділік — мүміндерді нәпсі өзімшілдігінен құтқаратын рухани деңгей тұрғысынан кемелдендіретін ең ба­сты қасиеттердің бірі.

Құран Кәрімде Алла Тағаланың құлдарына деген мейірімділігі мен рақымдылығы туралы аяттардың көптеп келуі, Алланың адамзатқа де­ген сүйіспеншілігіне ишарат етуде. Яғни, Алла Тағала көптеген аяттарында: «Алла құлдарына ерекше мейірімді» (Бақара сүресі, 207-аят); «Күмәнсіз Алла адамдарға ерекше мейірімді және өте рақымды» (Хаж сүресі, 65-аят) деп, құлдарын өте жақсы көретіндігін және оларды қолдап, қорғаштайтындығын айқын білдірген.

Ұлы Жаратушымыз мұндай мейірімділікті бізден де күтуде. Адамзат баласына сүйіспеншілік танытуды, мейірімділік пен рақымдылық көрсетуді талап етуде. «Бір — бірлеріңді жақсы көрмейінше жәннатқа кіре алмайсыңдар», «Алла Тағала адамдарға рақымдылық етпегендерге рақымдылық етпейді»,-деген хадистер біздерді мейірімділік пен рақымдылыққа баулуда.

Дініміз бойынша барша жаратылғанға мейірімділік пен рақымдылық жасау, олар- дың мұқтаждықтарына ортақтасу әрбіріміз- дің басты міндетіміз. Бір мұсылманның мұң-мұқтаждығына көмектесу, басына түскен түрлі қиыншылықтардан құтқару, Алла ризалығына жетелейтін амалдардың бірі болмақ. «Ізгілік пен тақуалықта (бір-бірлеріңе) жәрдемдесіңдер. Күнә істерде және дұшпандық жасауда жәрдемдеспеңдер» (Мәйда сүресі, 2-аят) деген аят жәрдемдесудің түрінен хабар берсе: «Расында иман келтіріп, хижрет еткендер Алла жолында мал-жандарымен жиһад еткендер, ал мұхажирлерді қамқорлығына алып, жәрдем еткен­дер міне осылар бір — бірлерінің до­стары» (Әнфал сүресі, 72-аят) деген аят мұхажирлердің мал-жандарымен дінге жасаған қызметтерін көрсетсе, ансарлықтардың да олардың құшақ жай­ып қарсы алуы айырықша мадақталған. Пайғамбарымыз (Оған Алланың са­лауаты мен сәлемі болсын): көптеген хадистерінде адамдарға жәрдем етуді және мұсылмандарға қызмет көрсетуді ынталандырумен қатар, оған берілетін сауаптарға тоқтала кеткен: «Адамдардың ең жақсысы (өзге) адамдарға пайдалы болғаны.

Сен де оларға пайдалы бол», «Мүмин құл дін бауырының жәрдемінде болған уақытта, Алла Тағала да ол құлға жәрдем етеді»,-деген хадис бұл ақиқатқа назар аударуға үндейді. Сол себепті не істейтін болсақ, оның қайтарымын Жаратушымыз­дан аламыз.

Сондай-ақ, жоғарыдағы хадистер еңбек еткендерге, қайырымдылық жо­лында атсалысқандарға зор сүйінші береді: «Кімде-кім бір мүминнің дүниедегі қиыншылықтарының бірін шешетін болса, Алла Тағала да қиямет күнінде ол мүминнің қиыншылықтарының бірін шешеді (жеңілдетеді). Кімде-кім қиналғанға жеңілдік көрсететін болса, Алла Тағала да оған дүниеде және ақыретте жеңілдік көрсетеді. Кімде — кім бір мұсылманның айып-кемшілігін жасыратын болса, Алла Тағала да оның дүниедегі және ақыреттегі айып-кемшіліктерін жасырады».

Ислам руханиятының төрінен орын алатын мейірімділік пен рақымдылық тек адам баласымен ғана шектеліп қалмай, қоршаған ортаға, табиғатқа сонымен қоса хайуанаттарға да мейірімділікпен мәміле жасауға көңіл бөледі. Расулуллаһ (Оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) бір хадис-шәріпінде былай дейді: «Бір адам сапар шегіп бара жатқанда қатты шөлдеді. Тіпті шөлге шыдай алмайтын дәрежеге жетті. Сол уақытта бір құдыққа кез болды. Құдықтың ішіне түсіп шөлін қандырды. Құдықтан шыққанда шөлдегеннен топырақ жалап жатқан бір итті көреді. Әлгі адам өз-өзіне: «Мына ит те мен сияқты қатты шөлдеген екен ғой»,-деп қайтадан құдыққа түсіп, аяқ киіміне су толтырып алып шығып итке береді. Алла Тағала оның бұл әрекетіне риза болып күнәларын кешіреді». Сонда сахабалардың кейбірі: «Уа, Алланың Елшісі! Бізге хайуанаттарға жасаған жақсылықтарымыз үшін де сау­ап бар ма?»,–деп сұрады. РасулАлла (Оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын): «Иә, әрбір мақлұқатқа жасаған жақсылық үшін сыйлық бар»,–деді. Бір күні Пайғамбарымыз (Оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын): Ансар сахабаның бірінің бағына кірді. Ол жер­де бір түйе байлаулы тұрған болатын. Түйе Пайғамбарымызды көргенде боздап көздерінен жас аға бастады. РасулАлла (Оған Алланың салауаты мен сәлемі бол­сын): түйенің жанына барып көз жаста­рын сүртті. Түйе тынышталды. РасулАл­ла (с.а.у.): «Бұл түйенің иесі кім?»,–деп сұрады. Ансарлық жас жігіт: «Ол түйенің иесі менмін»,-деп ортаға шығып еді, Пайғамбарымыз: «Алланың саған мүлік ретінде берген мына түйеге не істегенсің? Алладан қорықпайсың ба? Маған қара. Түйең маған шағым айтуда. Сен оны аш қалдырып, көп шаруа жасатып, шаршата­ды екенсің»,–деп азарлады.

Істеген істерімізден есепке тарты­латын Қиямет күні Алла Тағаланың жаратқандарына мейірімділік пен рақымдылық танытқандығымыз үшін ұлы нығметке оралуымыз әбден мүмкін. Жаратушы Алла мейірімді пенделерінен еткей!

Анарбай ТАСБОЛАТҰЛЫ,

Ақсу ауданының бас имамы.

Мәліметпен бөлісу: