МЕДИАЦИЯ – ЖАҢАРҒАН ДӘСТҮР

Біз қазақ халқы ежелден мәмілегер халықпыз. Кез кел­ген мәселені, дауды келісіммен шешіп, бітімге келе білгендігіміз баршамызға тарихтан белгілі. Қара қылды қақ жарған әділ бидің бір ауыз кесімді сөзіне бағынып, бітімге келетін ата-бабамыздың бітімгершілік жолын бүгінгі қоғамда жалғастыру мүмкін бе? Иә, әрине, ол мүмкін. Осы рет­те сол байырғы қанымызда бар қасиетті заңнамалық заманауи тұрғыда дамып келе жатқан ме­дация ұғымымен байланыстыра аламыз.

Қазақ сөзге тоқтаған халық. Елді ортақ мақсат — мүддеге жұмылдыруда арнайы Дала парламенті жұмыс істеді. Онда ақсақалдардың байламына тоқтап, дауласқан тараптар келісімге келіп отырды. Төрелігін

айтқан шақта, би ағасы екі жақтың уәжін тыңдап, айыптының кінәсін мойындатып, татуластырып отырғандығы бәрімізге белгілі. Осылайша көптеген мәселелер мәмілегерлік жолмен шешіліп, ел іші де тыныш болған. Қазақ халқы үшін бітімгершілік – билік айтудың ең озық өнегесі ретінде таныс. Де­мек қазіргі медиация, біздің тари­хымызда баяғыдан бар дәстүр.

Медиатор сол тарихтарды айтылған қара қылды қақ жарған әділ билеріміздің орнында, олар да дауды қаншалықты шешу­ге болатындығын, тараптардың қайсысы бейбіт шешімге жақын екендігін анықтап, өз тәжірибесіне сүйене отырып, тараптардың ортақ шешімге өз еріктерімен келуіне жағдайлар туғызады. Екі тараптар­да татуластырып, бітімге келтіреді.

Медиация жүйесінің дамуы Қазақтандағы сот жұмысына жеңілдік жасап, дауды диа­лог арқылы оңтайлы шешу­ге мүмкіндік беріп, халықтың құқықтық мәдениетінің дамуына зор ықпал ететіні анық. Медиа­ция рәсімінің де басты мақсаты – дауға қатысты тараптарды қанағаттандыратын шешім табу. Яғни, байырғы игі дәстүріміз бүгінгі күні заңнамаға еніп, өмірімізге қайта келуде.

Халқымызда «Бақ қайда барасың – ынтымаққа барамын»,-деген дана сөз бар. Сол айтылғандай, бірлікке жететін байлық жоқ, татулыққа жететін тірлік жоқ. Арамыздағы ынтымақтастық пен достығымызды сақтай білейік.

С.ИМАНЖАНОВА,

Ақсу аудандық сот әкімшісінің басшысы.

Мәліметпен бөлісу: