Матай ауылында жаңа мәдениет үйі пайдалануға берілді

Ақсу ауданының Матай ауылында дене шынықтыру залымен жапсарлас 180 орындық жаңа мәдениет үйі ел игілігіне берілді. Бұл нысан ауыл тұрғындарының мәдени-рухани өмірін дамытуға бағытталған маңызды әлеуметтік жобалардың бірі.

Жоба «Ауыл – Ел бесігі» бағдарламасы аясында жүзеге асырылып, мердігер LEANQOR ЖШС тарапынан салынды. Заманауи талаптарға сай бой көтерген мәдениет үйі ауыл тұрғындарының мәдени өмірін жандандырып, жастардың шығармашылықпен айналысуына және спортпен шұғылдануына мүмкіндік береді.

Салтанатты ашылу рәсіміне Жетісу облысы мәдениет және архивтер басқармасының басшысы Қуаныш Сұлтанұлы, аудан әкімі Берік Тынышбайұлы, ардагерлер, ауыл тұрғындары, мекеме және бөлім басшылары, ауылдық округ әкімдері қатысты.

Жиында аудан әкімі Берік Тынышбайұлы сөз сөйлеп, мемлекет қолдауымен ауылдық елді мекендердің әлеуметтік инфрақұрылымын дамыту бағытында жүйелі жұмыстар атқарылып жатқанын атап өтті. Оның айтуынша, аудан көлемінде «Ауыл – Ел бесігі» бағдарламасы аясында үш мәдениет үйінің құрылысы жүргізілуде. Бүгін пайдалануға берілген нысан – сол жобалардың екіншісі.

Жаңа мәдениет үйі ауыл тұрғындары үшін мәдени-көпшілік іс-шаралар өткізетін, шығармашылық үйірмелер мен қоғамдық кездесулер ұйымдастырылатын маңызды орталық болмақ. Нысанның іске қосылуы ауылдың мәдени өмірін жандандырып, жастардың бос уақытын тиімді ұйымдастыруға мүмкіндік береді.

Мәліметпен бөлісу: