Біз тәуелсіздікке аңсап, зарығып жеттік. Көзді ашып – жұмғанша егеменді ел болғанымызға орда бұзар 30 жыл өтіпті. Биыл Тәуелсіздігіміздің отыз жылдығын тойлаймыз. Мемлекет басшымыз айтқандай «Енді сол тәуелсіздіктің қасиетті рәміздерін де ерекше қадірлеуіміз, қастерлеуіміз керек. Әрбір азамат Қазақстанның Туын, Елтаңбасын, Әнұранын тұмардай қасиет тұтуы қажет. Елдігіміздің сыналатын бір тұсы – осы», мемлекеттік рәміздер – ел дамуының ажырамас бөлігі. Сондықтан қазақстандықтардың осы рәміздерге деген құрметі, оларды бойтұмардай қастерлеуі ерекше сезіліп тұруы тиіс. Рәміздер арқылы елімізді бүкіл әлем таниды. Өйткені, онда қазақ халқының бастан өткізген тарихы, мәдениеті мен дәстүрі көрініс береді. Жастардың отансүйгіштік сезімін оятады, патриотизмге үндейді, батылдыққа тәрбиелейді. Тіпті балабақша бүлдіршіндері оң қолының алақанын жүрек тұсына қойып «Менің Қазақстанымды» шырқағанда ерекше бір сезімге бөленетінің, жігерленіп қанаттанатының рас. Бұл ел болашағы – жастардың өз Отанын, өз жерін, өз елін қорғауға деген сезімін оятып, сенімін нығайтатыны анық. 4 маусым — еліміздің мемлекеттік рәміздері күні. 1992 жылдың 4 маусымында Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Назарбаев қол қойған заңдармен тұңғыш рет тәуелсіз еліміздің Туы, Елтаңбасы бекітілді, ал 1992 жылдың 11 желтоқсанында Мемлекеттік Әнұранымыз туралы заңға қол қойылды. Міне, егемендігіміздің белгісі ретінде бекітілген Ту, Елтаңба және Әнұран ұлтымыз үшін аса қастерлі құндылықтар. Мемлекеттік рәміздер барша қазақстандықтың рухын асқақтатып, ұлттық бітім — болмысын айшықтайды. Отыз жыл биікте желбіреген көк туымыз мәңгілік елдің мәртебесін көтере берсін. «Таласқа түссе жан мен ту – жан емес маған керегі. Көк тудың желбірегені»,-деп әндеткен келешегіміздің болашағы жарқын болсын.
#Qazaqstan30
Ардақ ҚҰМАРОВА,
І.Жансүгіров атындағы тарихи — өлкетану музейінің меңгерушісі.