
Президентіміз Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев Қазақстан халқына жасаған кезекті Жолдауында еліміздегі жүргізіліп отырған Конституциялық реформаның негізгі бағыты – саяси-әлеуметтік жүйені жаңғырту арқылы әділетті Қазақстан құру екендігін айтты. Халқымыздың әл-ауқатын арттыру, тұрмысы төмен және мүмкіндігі шектеулі азаматтардың жағдайын жақсарту, кіші және орта бизнесті дамыту, макроэкономиканы тұрақтандыру, жаңа салық саясатын енгізу, автокөліктерді сатып алу жөнінде бірыңғай алым жүйесін енгізу, кеден жұмысына “бір терезе” қағидатын енгізу, сәулет-құрылыс пен кадастр — жер қатынастары саласында бақылауды және сыбайлас жемқорлықпен күресті күшейту, игерілмей жатқан жерлерді қайтару мен сумен қамтамасыз ету керек екендігін түсіндірді.
Білім мен медицина салаларына қажетті қаржы бөле отырып, олардың жұмыстарын жетілдіру, экономикадағы инвестиция жүйесін тәртіпке келтірумен қатар жаңа инвестициялық бағдарламаларды жүзеге асыру, заң үстемдігіне талаптарға сай қол жеткізу мақсатында сот пен құқық органдарының жүйелерінде тиісті реформалар жүргізу және басқа да бірқатар өзекті мәселелер бойынша нақты ұсыныстары мен тапсырмаларын бере отырып, оларды орындау бағыттарын айқындап берді.
Президент Қасым – Жомарт Тоқаев өз сөзінде: — «Қазір Жаңа Қазақстанның не екенін түсіндіру ерекше маңызды. Әр азматтың бұған қатысты өз пайымы бар екені түсінікті. Мен бұған дейін айтқанымдай, Жаңа Қазақстан дегеніміз бұл — Әділетті Қазақстан. Оны құруға әрқайсымыз өз үлесімізді қосуымыз керек. Жаңа Қазақстан нақты көрсеткіштері бар жол картасы емес. Бұл мемлекет пен қоғамды дамыту жүйесін түбегейлі жаңғырту деген сөз. Бұл мемлекет пен қоғамды дамыту жүйесін түбегейлі жаңғырту деген сөз» – деді.
Иә, оны құруға әрқайсымыз өз үлесімізді қосуымыз керек. Біз Ақсу ауданының ардагерлер кеңесі «Жаңа әділетті Қазақстанды» құру үшін жас-тарды, аудан тұрғындарын береке – бірлікке шақырамыз. Жаңа әділетті мемлекетімізді құру, мемлекет басшысы айтқандай, алдымыздағы айрықша міндет – еліміздің егемендігін және жеріміздің тұтастығын сақтап қалу баршамыздың парызымыз.
Сөз соңында аудан ақсақалы ретінде айтарым: — Жаңа әділетті Қазақстанды құрамыз деп, өткен тарихымызды ұмыт қалдыруымызға болмайды. Еліміз егемендігін алғалы елімізді басқарған, Қазақстанды бар әлемге танытқан Тұңғыш Президенттің еңбегін жоққа шығарғанымыз ешқандай да әділеттілікке жатпайды.
Қ.Тоқаев: «- …қазіргі дамыған Қазақстан – бұл, ең алдымен, Елбасының арқасы. Елбасы – қазақ мемлекетінің негізін қалаушы ұлы тұлға. Ол жаһандық деңгейдегі мемлекет қайраткері. Әлем тарихына дәл осылай жазылды.
Елбасының халқымыз үшін және әлем қауымдастығы үшін сіңірген орасан зор еңбегін әрқашан құрметтеу – бәрімізге ортақ парыз» — дегені шындық…
Амангелді АЙТБАЕВ,
Ақсу ауданының Ардагерлер кеңесінің төрағасы, Ақсу ауданының «Құрметті азаматы».