
29 қарашада Қазақстанда мәслихат депутаттарының кезектен тыс сайлауы өтеді. Сайлаушыларға өз округіндегі кандидаттарды таңдап, жергілікті өкілді органдардың жаңа құрамын қалыптастыруға қатысу мүмкіндігі беріледі.
Сайлауға жеті саяси партия қатысуға жіберілді. Сонымен қатар кандидаттарды ұсыну кезінде азаматтардың өзін-өзі ұсыну құқығы да қарастырылған. Жалпы ел бойынша 11 мыңға жуық кандидат тіркелген.
Заңнамаға сәйкес, мәслихат депутаты болып 20 жасқа толған Қазақстан Республикасының азаматы сайлана алады. Алайда сот шешімімен әрекетке қабілетсіз деп танылған, бас бостандығынан айыру орындарында отырған, өтелмеген соттылығы бар және сыбайлас жемқорлық құқық бұзушылығы бойынша кінәсі сотта танылған азаматтар депутаттыққа сайлана алмайды.
Сайлау жүйесінде де айырмашылық бар. Астана, облыстар мен республикалық маңызы бар қалалар мәслихаттарында депутаттардың жартысы партиялық тізім бойынша, қалған жартысы бірмандаттық округтер арқылы сайланады. Ал аудандық және облыстық маңызы бар қалалардың мәслихаттарында депутаттар тек бірмандаттық округтер бойынша сайланады.
Бірмандаттық округтерде кандидаттарды саяси партиялар мен қоғамдық бірлестіктер ұсына алады. Азаматтардың өзін-өзі ұсынуына да мүмкіндік бар. Бір партия бір округ бойынша бір ғана тізім ұсына алады. Ондағы әйелдер мен жастардың жиынтық үлесі кемінде 30 пайыз болуы тиіс.
Дауыс беру 29 қарашада сағат 07:00-ден 20:00-ге дейін өтеді. Заңда көзделген жағдайларда аумақтық сайлау комиссиялары дауыс беру уақытын өзгерте алады.
Ал 28 қараша – тыныштық күні. Бұл күні сайлауалды үгіт-насихат жүргізуге болмайды.
