МҰРАТЫ БИІК АҚЫН

Қазақ қаламгерлерінің ұзақ керуенін бұғының мүйізіндей бірнеше ұрпаққа бөлетіндер табылып қалып жүр. Ұрпақ ұлы ұғым. Ол әр бесжылдық сайын туа бермейді. Тарихи ұрпақ тарихи кезеңмен қабаттаса келеді.

Ұлы Октябрьмен бірге туған Сәкен, Бейімбет, Ілияс, Мұхтар, Сәбит сияқты алыптар тобы бастаған алғашқы ұрпақ бар да, солардың жіксіз жалғасындай болып, техникалық революция кезінде келген екінші ұрпақ бар. Тұрсынзада — әдебиет табалдырығын алпысыншы жылдары аттаған осынау ұрпақтың ортан қолдай өклі.

Қай дәуірде туса да, қас таланттар сегіз қырлы болады. Тұрсынзада — ақындықтың алуан саласында сақасы алшы түскен сирек дарын.

Қысқа өлең түрінде де, ұзақ дастан түрінде де шынайы шығармалар берген қаламгеріміз Омар Хайям дәстүріндегі төрттағандарды қазақ поэзиясына ерекшелей жүйелеп, ағысты — айдынды арналармен енгізуге көп қайрат жұмсады.

Жалғас болу — жаңғырық болу емес. Жаңалықты жалғастыра табуға керек. Басқа бір ұлттық әдебиеттің жаңалығын сол қалпында көшіру — табу емес, ұрлау, даму емес, қалу болып шығады. Сондықтан да тапқан жаңалығың төл дәстүрдің табиғи өркені болсын. Тұрсынзада — жалғаса да, жаңалық таба да білген күрделі творчествоның иесі – дейді Ғабит Мүсірепов Тұрсынзада Есімжановтың 1984 жылы жарық көрген «Болашаққа хат» атты кітабына жазған алғы сөзінде.

Иә, Қазақстан Жазушылар одағының және Қазақстан Жазушылар одағының Ағалар алқасының мүшесі, Қазақстан Халық экология академиясының академигі, акын Тұрсынзада Есімжанұлы 1941 жылы 21 қаңтарда Алматы облысының Ақсу ауданында дүниеге келген. Мектеп жасынан алғашқы өлеңдерімен көзге түскен. «Өмір нұры» газетінде редактор болған. Алғашқы өлеңдері мен американдық ақын Эдгар По, Пушкин мен Есениннен, Гейне мен Байроннан, Ғамзатовтан аудармалары баспасөз беттерінде 1957 жылдан жарияланған. Шекспир шығармашылығының шыңы саналатын «Король Лирдің» де тұңғыш аудармашысы. Тұңғыш жыр жинағы «Қабырға тал» (1963), «Соңғы сот», «Зауал», «Жолда қалған жолаушы» пьесалары жарық көрген.

Еңбек жолын 1957 жылы Ақсу аудандық «Ленин жолы», 1958 жылы Талдықорған облыстық «Советтік Жетісу» газеттерінен бастап, 1975–1984 жж. «Жазушы» баспасында қызмет істеген. Шығармалары азды — көпті шетелдерде кітап болып шыққан, мерзімді баспасөзде жарияланған. ҚазМУ-дің журналистика факультетінде сырттай оқып, 1965 жылы бітірген.

Батырхан Сәрсенхан ағамызбен сұхбатында ақын ағамыз:

«Жаңа буын келіп поэзияны дамыту үстінде. «Абайдан асырып не жазамыз?», – дейді біреулер, онда, жаза алмайтын болса, қаламды тастау керек. Принцип біреу – келдің бе оз, бірақ оздым деп кеудені қағудың керегі жоқ. Ісің озық болсын. Түптің түбінде поэзия авторынсыз жетім қалады. Сонда көретін күні қалай болады?! Бұл жайында көзіңнің тірісінде ойлану керек» – деген екен. Бұл сөз соңынан ерген бізге үлкен сабақ, шабытымызға қамышы болады. Оның өлеңмен сурет салысында алыптарға тән, бөлекше құлаштау бар. Ілияс Жансүгіров туралы

«Қазақтың маңдайына өлең бітсе,

Өлеңнің маңдайына бітіп ең сен, деген екі жол халық сөзіндей қалыптасып кетті. Екі — ақ жолмен Жансүгіровтің ақындық образы жасалды. Тұрсынзада осындай екі ақ жолмен Жетісу сынды бүкіл бір өлкенің де образын жасай алған екен.

«Жеті өзен — ұйқыдағы жеті алыптың

Шыңдарға сүйей салған семсеріндей! Қандай керемет теңеу, қандай керемет сурет.

Тұрсынзада ағамыздың өлеңдері хақында әңгімеміздің басында бастаған Ғабит Мүсірепов: «Тұрсынзада өз соңынан талай талант туғызып, әрбір жаңа жинағымен оқырман талғамын тереңдетіп, қазақ жырының көкжиегін кеңейтіп келеді. Ол талантын ылғи бір маңызды жаңа тақырыптарға арнайды, жаңа бояулар, жаңа теңеулер табады…» – дей келе, тұтас шығармашылығына пайымды шолу жасаған. Ақын Қадыр Мырза Әли – Тұрсынзада — суреткер ақын. Ол әр ойды, әр сезімді образға орап ұсынады. Бұл – көпті көрген қазақ поэзиясы үшін мүлдем жаңа – десе, ақын Сағи Жиенбаев Тұрсынзада Есімжановтың шығармашылығы казақ поэзиясының көкжиегін кеңейтіп келеді, — дейді. Ал, ақын Хамит Ерғалиев – Тұрсынзада Есімжановтың шығармашылығы қазақ поэзиясын байытты – деген лебізін білдірген. Сондай – ақ, акын Әбу Сәрсенбаев Тұрсынзада Есімжанов – шалқар шабыттың, қуатты образдардың, алуан түсті бояулар мен бай тілдің ақыны – деп суреттейді. Тұрсынзада ағамыз жайлы осындай ыстық лебіздер жетерлік. Солардың ішінен қысқа да нұсқа айтылған ойларды ғана алып отырмын. Тұрсынзада ағамыздың творчествосы Одақ көлемінде оқырман құрметіне бөленген.

Міне, осындай Одақтың сүйікті жазушысы, ақын, еліміз ғана емес тіпті шет елдерге де танымал болған Ақсу ауданының тумасы Тұрсынзада атамыз 80 жастан енді асқанда өмірден озды.

Ілияс атамызды екі жол өлеңмен танытқан шебер суреткер, мұраты биік ақын еді. Ендеше:

Өлеңдерін оқысаң Тұрсынзаданың –

Ұлы дала көшінен жыр тыңдағаның, — деп мен де екі жолмен ойымды аяқтайын.

Ербол СЫМХАНОВ,

Қазақстан Журналистер одағының мүшесі.

Мәліметпен бөлісу: