«Қазақстан» деген жалғыз ауыз сөздің құдіреті мен қасиетін осы жерде туған және осы өлкеде өскен әрбір азаматтың сергек сезінуі парыз. Бұл сөз біздің қанымыз бен жанымыздың ажырамас бір құрамды бөлігі. Қазақ жері, қазақ елі біздің ата- бабаларымыздың кейінгі ұрпақтарға қалдырып кеткен баға жетпес байлығы және асыл мұрасы. Халықта мақал бар: «Өскен ел тарихын таспен жазады, өшкен ел тарихын жаспен жазады» деген, міне біздің ел тарихын ғасырлар бойы жаспен жазып келеді. Тамыры тереңге жайылған тарихтан сыр шертетін болсақ, біз қазақ не көрмедік, қанша қиын жағдайларды, ашаршылықты, елден жыраққа ауып кету, тілімізден айырылу, барлығын бастан кешірдік. Біз үшін қай замандағы тарихымыз болмасын қымбат, айтулы кезеңдерде ту ұстаған.
Бабаларымыздың барлығы да құрметті. Исатай, Махамбеттер патшалық Ресейдің озбыр саясатына қасқайып қарсы тұра білді. Сан зұлматты өткерген еліміз ұлт-азаттық көтеріліске келгенде де тосылып қарап қалған жоқ. Бұл күрестер азаттық үшін өткен сан күрестің соңы емес еді. Елін, жерін жау аяғына таптатпай, сол туған жерінің қарсы қадамы үшін басын өлімге тіккен аталарымыздың бойындағы ерен күш, биік рухқа әр кез таңданамын. Аталарымыздың сол қасиеті елге — мұра, ұрпаққа-ұран болып келе жатыр. Ұлт – азаттық көтерілістер, Ұлы Отан соғысы мен желтоқсан оқиғалары, соғыстың қатал сынағынан өткен жандардың жанқиярлық ерлігі арқасында, біздің барлығымыз өмір сүру бақытына ие болдық.
550 жыл бойына көрген қиындығымызға ешкімді жазғырмай, біреуді кінәламай, қайғы көрсек тереңіне батып кетпей, қуанышқа – асып-таспай бүгінгі күнге аман-есен жеткеніміз біз үшін үлкен бақыт! Терезесі тең, керегесі кең шаңырағы биік еліміздің тарихы мен мәңгілік елдің ірге тасын қалап кеткен Керей мен Жәнібектен бастау алған қазақ елінің мәңгілік ел болуы осының айғағы. Батырлық, ерлік деген ұрпақтан — ұрпаққа ата дәстүр болып қала бермек. Өткенін білмеген, тәлім — тәрбие, ғибрат алмаған халықтың ұрпағы — тұл, келешегі тұрлаусыз. Біздің қазақ халқы — батыр халық.
Тәуелсіздік таңы атып, егемен ел атанып, шекарамызды шегендеген сәттен бастап ұлттық идея мәселесі белсенді қолға алынды. Тәуелсіздігімізбен бірге халқымыз мәңгілік мұраттарына қол жеткізді. Халқымыз Тәуелсіздіктің мызғымас тұғырын бекітіп, «Мәңгілік Ел» болуға бекінді. Тектілердің тұяғы Елбасы Н.Ә.Назарбаевтың ерен еңбегінің арқасында халқымыз — тыныштықта, Отанымыз еркіндікте. Аз ғана жылда аспанның астын жайнатып, Астана — шаһарын тұрғызды. Елдің бірлігі артып, берекесі кірді. Іргеміз тыныш, түндеріміз- бейбіт, күндеріміз нұрлы болды. Әр азаматын жігерлендіретін Әнұранымыз, мақтаныш сезім ұялататын Елтаңбамыз, ерлікке жетелейтін Туымыз, экономикалық дербестігімізді танытатын төл теңгеміз бар. Әлем картасындағы «Қазақстан Республикасы» деген атау еліміздің әр азаматының төл құжаты іспеттес. Қазақстан тәуелсіз мемлекет ретінде дүние жүзіндегі барлық елдерге түгел дерлік танылды. Тәуелсіздік – ұлттық тілдің, салт – дәстүрдің, ұлттық сананың тірегі.
Ең бастысы – еліміздің рухын көтеретін, ұлы мақсаттарға жеткізетін «Мәңгілік ел» ұлттық идеясы болып жарияланды. Бұл идея – елімізді өз мақсатына талай дәуір сынынан сүріндірмей жеткізетін тұғырлы идея болып табылады. Еліміздің мұратына айналған «Мәңгілік ел» идеясы — халықтың әл-ауқатын жақсартып, ынтымағын арттыратын, елді дамудың жаңа сатысына жетелейтін жаңа қадам. «Мәңгілік ел» идеясының маңыздылығын Елбасы Н.Назарбаев «Қазақстан жолы — 2050: бір мақсат, бір мүдде, бір болашақ» атты жолдауының негізі етіп алып, бұл туралы өз сөзінде: «Бір жыл бұрын мен еліміздің 2050 жылға дейінгі дамуының жаңа саяси бағдарын жария еттім. Басты мақсат — Қазақстанның ең дамыған 30 мемлекеттің қатарына қосылуы. Ол — «Мәңгілік Қазақстан» жобасы, ел тарихындағы біз аяқ басатын жаңа дәуірдің кемел келбеті… Өткен тарихымызға тағзым да, бүгінгі бақытымызға мақтаныш та, гүлденген келешекке сенім де «Мәңгілік Ел» деген құдіретті ұғымға сыйып тұр» деген болатын. Халықты бір мақсатқа, бір мүддеге, бір болашаққа үндеген Елбасының бұл жолдауында ел халқына үлкен жауапкершілік жүктелген. Мәңгілік елге айналу үшін тәуелсіздікті сақтап, елдігімізді нығайту басты мақсат болып табылады.
Қазақстанды жарқын болашаққа жетелейтін біз жастар бабаларымыз аңсап өткен тәуелсіздіктің туын жықпай, желбірете білуіміз керек. Өйткені, бабаларымыздың ұлан байтақ жерін қалай қорғағанын, бостандықты қалай аңсап-қадірлегенін білеміз. Жастар сондай текті ұрпақтың ұрпағы екендіктерін сезініп, осы «тәуелсіздік», «мәңгілік ел» ұғымдарын саналарына сіңіріп, қастерлеуге міндетті. Тәуелсіздікке қол жеткізгеннен гөрі, оны ұстап тұру әлдеқайда қиын. Бұл — әлем кеңістігіндегі ғұмыр кешкен талай халықтың басынан өткен тарихи шындық. Өзара алауыздық пен жан-жаққа тартқан берекесіздік талай елдің тағдырын құрдымға жіберген. Тіршілік тезіне төтеп бере алмай жер бетінен ұлт ретінде жойылып кеткен елдер қаншама. Біз өзгенің қателігінен, өткеннің тағылымынан сабақ ала білуге тиіспіз. Ол сабақтың түйіні біреу ғана – Мәңгілік Ел біздің өз қолымызда. Ол үшін өзімізді үнемі қамшылап, ұдайы алға ұмтылуымыз керек. Байлығымыз да, бақытымыз да болған Мәңгілік Тәуелсіздігімізді көздің қарашығындай сақтай білуіміз керек.
Атамекеніміз бізге ата – бабаларымыздан қалған аманат! Міне, бүгінде біз болашаққа деген жарқын сеніммен алға қарай нық қадам басып келеміз. Бізді бұл бақытқа жеткізген ата – бабаларымыздың, аяулы арыстарымыздың еркіндік үшін күресте төгілген қаны, солардың жанқиярлық ерлігі!
Мен қазақпын, биікпін,
байтақ елмін,
Қайта тудым өмірге,
қайта келдім.
Мен мың да бір тірілдім
мәңгі өлмеске,
Айта бергім келеді, айта бергім
– деп Жұбан ақын жырлағандай, біз мәңгі өлмейтін халықтың ұрпағымыз!
Бүгінгі таңда осындай бақытты, барша әлемге үлгі бола алатын елде тәрбие, білім алып жатқаныма өте ризамын. Тек әрдайым еліміз аман, аспанымыз ашық, ежелден аңсаған еркіндіктің туы жоғары, елдігі берік болсын дегім келеді!
Назым НҰРТАЙҚЫЗЫ.