Қоғамда мүгедек жандарға қамқорлық жасауды әлеуметтік саладағы басты міндеттердің бірі ретінде үнемі айтып келеді. Аудандық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімі де осы бағытта күнделікті қызметін жалғастырып, адамдардың өздерін қоғамымыздың толыққанды мүшесі ретінде сезінуіне жағдай жасауға ұмтылуда. Бұл ретте мүмкіндігі шектеулі жандарға жан-жақты көмектесіп, оларды белсенді тірлікке тарту, жұмыспен қамтуға қатысты шаралар арнасын кеңейту жүзеге асырылуда. Қоғамдағы осы топтағы адамдардың тіршілік ету сапасын жақсарту — мемлекеттік саясаттың басым бағыттарының бірі болып белгіленуде. «Мүгедектерді әлеуметтік қорғау туралы» Қазақстан Республикасының Заңы аясында, Қазақстан Республикасы Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі «Мүгедектердi оңалтудың кейбiр мәселелерi туралы» Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау және әлеуметтік даму министрінің 2015 жылғы 22 қаңтардағы № 26 бұйрығына өзгерістер енгізу туралы» Қазақстан Республикасы Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі міндетін атқарушының 2017 жылғы 28 сәуірдегі № 103 бұйрығына сәйкес жеке оңалту бағдарламалары негізінде мүмкіншілігі шектеулі жандар сурдотехникалық, тифлотехникалық, протездік-ортопедиялық құралдармен, міндетті гигиеналық құралдармен, санаторлық-курорттық еммен, сондай-ақ жеке көмекшінің, ымдау тілі маманының әлеуметтік қызметтерімен қамтамасыз етіледі.
Техникалық көмекшi (орнын толтырушы) құралдар — тiзбесiн Қазақстан Республикасының Yкiметi бекiтетін протездiк-ортопедиялық және сурдо-тифлотехникалық құралдар мен мiндеттi гигиеналық құралдар.
Сурдотехникалық құралдар — есiту кемiстіктерiн түзеуге және олардың орнын толтыруға арналған техникалық құралдар, оның iшiнде байланыс пен ақпарат берудi күшейтетін құралдар.
Тифлотехникалық құралдар — мүгедектердiң көру кемiстiгi нәтижесiнде жоғалтқан мүмкiндiктерiн түзеуге және олардың орнын толтыруға бағытталған құралдар.
Протездік –ортопедтік құралдар — қол мен аяқты немесе дененiң басқа да мүшелерін алмастыратын, аурудың немесе денсаулықтың бұзылуы салдарынан организмнiң бұзылған немесе жоғалтқан функцияларының орнын толтыратын құралдар.
Міндетті гигиеналық құралдар –табиғи физиологиялық қажеттiлiктер мен мұқтаждықтарды қанағаттандыруға арналған құралдар және де олардың мүгедектерге мынадай түрлері берiледi: тiрек-қозғалыс аппаратының бұзылушылығы бар мүгедектерге жөргектермен, несепжыныс жүйесiнің бұзылушылығы бар мүгедектерге несеп қабылдағыштар, iшек ауруы бар мүгедектерге нәжіс қабылдағыштар, сіңіргіш жайма (жаялық), стоманың маңайындағы теріні қорғайтын және тегістейтін герметикалық-паста,қорғаныш крем, абсорбациялық ұнтақ (пудра), иісті бейтараптандырғыш, санитарлық қондырғысы бар орындық, жуынатын және дәретхана бөлмесіне арналған ұстағыш-тұтқа.
Арнаулы жүріп-тұру құралдары: арнаулы жүріп-тұру құралдары деп мүгедектердiң белсендi және баяу жүріп-тұруы үшiн техникалық көмек көрсету түрi деп кресло- арбалар ұсынылады. Бөлмелiк кресло-арбалар мүгедектерге жетi жыл, серуендiк кресло-арбалар — төрт жыл пайдалану мерзiмiне берiледi.
Санаторий-курорттық емделумен қамтамасыз ету мүгедектер мен мүгедек балаларға мүгедекті оңалтудың жеке бағдарламасына сәйкес санаторий-курорттық жолдама беру арқылы жүзеге асырылады.
Жеке көмекшінің әлеуметтік қызметтері жүріп — тұруы қиын бірінші топтағы мүгедектер үшін жеке оңалту бағдарламасына сәйкес көрсетіледі.
Ымдау тілі маманының әлеуметтік қызметтері естімейтіндігі бойынша мүгедектер үшін жылына отыз сағат жеке оңалту бағдарламасына сәйкес көрсетіледі.
Жоғарыда көрсетілген құралдарды және қызметтерді алу үшін құжаттарды ресімдеу бойынша «Ақсу ауданының жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөліміне» келіп жүгінуге болады.
Қайрат БЕКБАЛАНОВ,
аудандық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімінің басшысы.