Ұлыстың ұлы күнінде…

Жақсылықтың жаршысы болған көктемнің шуақты мейрамы Ұлыстың ұлы күні орталық алаңда 22 наурыз күні аудан көлемінде аталып өтті.

Жылдағы дәстүр жалғасын тауып, ауыл тұрғындары мерекелік қуанышқа бөленді. Тойдың басын аудан әкімі Базарханов Есім Сейілханұлы бастап сөз сөйлеп, Әз Наурыз мерекесімен тұрғындарды құттықтап, жылы лебізін білдірді. Келесі кезекте аудандық «Батагөй» байқауының бас жүлдесін жеңіп алған, Ақсу ауданының Құрметті азаматы Елубаев Шеге атамыз ақ батасын берді, ардагерлер алқасының төрағасы Айтбаев Амантай Айтбайұлы Ұлыстың Ұлы күнінде аудан ардагерлері атынан сөз алып, жиналған көпшілікке ізгі ниетін білдірді.

Лас — Вегаста ауыр атлетикадан өткен әлем чемпионатының чемпионы Ақмолда Сайрамкез Сайлаукезұлына аудан тұрғындары атынан ерекше құрмет көрсетіліп, ат мінгізілді.

Аталған шараны Ақсу халық театыры мен мәдениет қызметкерлері мерекелік бағдарламамен жалғастырды. Әжелер шашу шашып, көптеген ойындар ойнатылып жеңімпаздар марапатталды.

Мекемелер қазақ үйлермен шатырлар тігіп, дастархан жайылып, мереке одан әрі жандана түсті.

Тігілген қазақ үйлер арасында бас жүлдеге Аудандық аурухананың хирургия бөлімі ие болды, «Бесікке салу» салтын жоғарғы дәрежеде Муравьева Любовь Семеновна жас ұрпаққа үлгі етерліктей дәрежеде көрсетті.

А.Сағымбаева,

«Молықбай» атындағы Мәдениет үйі директорының міндетін атқарушы.     

Мәліметпен бөлісу: