Сан ғасырлық тарихымызда мақтан тұтар, бүгінгіміз бен келешегіміз үшін ғибрат алар оқиғалар мен ел тағдырын өз тағдырынан биік қойған, ұлтының тұтастығын, жерінің бүтіндігін мұрат еткен қазақ батырлары, Отан алдындағы адал қызметінен үлгі алар ұлы тұлғалар аз болмаған. Сонау ғасырлар қойнауының қатпар-қатпар белесінен байқасақ, ежелден-ақ ру-тайпаларымыздың өз жерін еш жауға бастырмай, шыбын жанын шүберекке түйіп, қасық қаны қалғанша күрескен жауынгерлік істері бізге аманат болып жеткен. Сондай ірі тұлға, батырларымыздың қатарында есімі найманның матай руының ұранына айналған, жоңғарлардың жойқын жорықтары салдарынан ел басына түскен ауыр күндерде елдің бірлігін сақтап қалған, жауларымен болған шешуші бір шайқаста нағыз ерлерше қаза тапқан, матай Бөрібай батыр ерекше орын алады.Ақсу аудандық балалар кітапханасы Е.Сиқымов атындағы орта мектеп интернатының 9 сынып оқушыларымен «Ұлы даланың жеті қыры» мақаласы аясында ел азаттығы үшін күрескен Бөрібай батырдың ерлігіне арналған «Еліне ұран болған ер Бөрібай» атты тарихи сағат өткізді.

Шараға ауданда Бөрібай батыр бабамыздың ескерткішін тұрғызудың бастаушы мүшесі Б.Қасенов Е.Сиқымов атындағы орта мектеп интернатының директоры Р. Ибраймова, тарих пәнінің мұғалімі Қ.Сүлейменов мектеп кітапханашысы Ж.Мансурова және оқушылар қатысты . Қасенов Берікбол Төлегенұлы ауданымызда орнатылатын Бөрібай батырдың ескерткішінің эскиздік жобасымен таныстырып өтсе , мұғалім Қайрат Асанұлы Бөрібай батырдың ерлігіне тоқталды. Оқушылар жерлес ақын жазушы Д.Мусановтың «Бөрібай батыр» дастанынан үзінді оқыды.
Ақсу аудандық балалар
кітапханасының меңгерушісі Б.Абдрахманова .