ЛУДОМАНИЯ – ҚОҒАМДЫ ЖАЙЛАҒАН ҚАУІПТІ ІНДЕТ

Қазіргі әлемде «Лудомания» сөзі жиі кездеседі. Лудомания — бұл адамның физикалық, психологиялық, қаржылық немесе әлеуметтік әл-ауқатына теріс әсер еткеніне қарамастан, құмар ойындарға деген қажеттіліктен зардап шегетін тәуелділік. Құмар ойындардан шыға алмайтын адамдар «лудомания» ауруына шалдығады.

Яғни, құмар ойынға тәуелділік – тәніңізді ауыртып, жаныңыз жапа шекпесе де, санаңызды улап, айрандай ұйып отырған отбасыны тас-талқан етуге құдіреті жетеді. Мейлі, отбасылы болмаса да, «бойдақпын» деп алшаң басқанның да тұмсығын тасқа тигізген. Себебі оның соңы өзіне – өзі қол жұмсауға алып келеді екен. Статистикалық деректерге сәйкес, елімізде қаншама суицид фактісі тіркелсе, оның әрбір бесіншісін құмар ойынға әуес адам жасаған. Оңай олжаны сезінгісі келген жандар тек бір рет ойнап, оңай жолмен келген ақшаны еселеп алғысы келеді. Алайда, онлайн казино, автоматты ойындардың барлығының да адамды әуреге салар жері сол. Ең алғашқы жеңіс оңай жолмен және тез келуіне байланысты адамдар осы жеңісті тағы да қайталап көруге тырысады. Бірақ бір рет қана келген жеңіс неше еселеп жеңіліске ұшыратып жататынын ешкім ескере бермейтіні өкінішті.

Осы жолда адасқан адамдар тек ақшадан емес, өмірінен айырылады. Елімізде ажырасқан 10 жұптың әр 7 жұбы осы ойындардың әсерінен бір — бірінен ажырады. Не себепті адамдар тәуелділікке ұшырайды?

Бірінші және ең көп таралған мәселе: отбасыдағы мәселе. Ол тікелей жүріп, тұруымызға, дұрыс өмір салтын жүргізуімізге әсерін тигізеді. Егер де үй ішінде тыныштық орнамаса, іштегі ызаны басып тастау үшін ойындарға көңіл бөліп, уақыт өткізетін болады.

Екінші, әрі бірінші мәселеден туындайтын қиыншылық: қаржылық, моральді қиындықтар. Еліміздегі қаржылық сауаттылықтың төмендігінен халықтың көп бөлігі әлі күнге дейін тәуекелге баруға дайын.

Үшінші мәселе: қанағатсыздық. Яғни, өмірден түңілу, бар дүниені бағалай алмау. Қазіргі заманда ақша табудың сенімді, әрі көп капиталды қажет етпейтін түрлері көп. Алайда, оны білмеген қауым әлі күнге дейін дұрыс емес ортада жүр. Бұрындары ойын автоматтары тек үлкен қалаларда болғандықтан шағын аудандар мен ауылдарда мұндай мәселелер көп көтерілмейтін.

Қазір технологияның дамуымен казиноға бару немесе ойын автоматтарын іздеуге деген сұраныс жоқ. Өйткені қазір телефон арқылы да лудомания атты тұзақтан шыға алмай жүр.

Психологтардың пікіріне сүйенер болсақ, лудомандардың 95%-ы онлайн казиноның және түрлі ойын автоматтарының ойыншылары. Лудомандар қатарының көбеюіне заңсыз ойындар мен онлайн казино жарнамаларының өткірлігі де әсер етеді. Әлеуметтік желіге кірсең де, өзіңе қажет мәліметті жүктегің келсе де, рахаттанып отырып кино көргің келсе де, алдыңнан шығатын жарнаманың түрі тек осы құмар ойындарға шақыру. Ол жарнамаларды өткізіп жіберуге болмайтындығы тағы бар. Ақыр соңында өз керегіңді алу үшін жарнаманы толық көруге тура келеді. Сол аз ғана уақытта ойсыздарды ойынға шақыру ісі үгіт ретінде жүріп жатады. Осы секілді жарнамалар сырт көзге жай ғана жарнама, ақша жасаудың жолы болып көрінуі мүмкін. Ал, шынтуайтына келгенде, осындай жарнамалардың кесірінен көптеген шаңырақтың керегесі сөгіліп, айрандай ұйып отырған отбасылар шайқалып жатыр. Мұндай жарнамалардың әдемі мұқабамен шығып, санының көбеюі жастарды тура жолдан адастыруға бірден — бір себеп.

Президент осы жаман әдетке, әсіресе, жастар әуес екеніне назар аударып, мемлекеттік органдарға азаматтардың жекелеген санаттары үшін құмар ойындарға қатысты шектеулерді күшейтуді тапсырған еді. Мемлекет басшысы елімізде лудоманияның белең алуына қарсы бағытталған әлеуметтік дағдыларды қалыптастыруда қоғамның, дін қызметкерлерінің және бұқаралық ақпарат құралдарының атқаратын рөлі ерекше екенін атап өтті.

Сондай – ақ, Мемлекет басшысы «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне ойын бизнесі, лотерея қызметі, денсаулық сақтау, мемлекеттік еңбек инспекциясы, мемлекеттік бақылау және артық заңнамалық регламенттеуді алып тастау мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» 2024 жылғы 8 шілдедегі Заңға қол қойды,  яғни 2024 жылдың 08 қыркүйегінен бастап заңды күшіне енді.

Осы Заңмен халықтың ойынға тәуелділігін төмендетуге бағытталған шектеу және ынталандыру нормалары енгізілуде. Құмар ойындарға және бәс тігуге тыйым салынған адамдардың тізімі кеңейтілді.

Қорыта айтқанда: Бүгінгі таңда әрбір оқушыда смартфон бар. Тіпті кішкентай нәрестелерді де жыламасын деп қолына телефон ұстата саламыз. Әрине олар құмар ойынды түсінбесе де, телефонға деген құмарлық басталады. Ал, оқушыларға келсек, ата – ана бақылауын міндетті түрде жүргізуіміз қажет. Олар телефоннан не көріп жүр, қандай ойындар ойнайтынын әрдайым бақылауда ұстауымыз қажет.

Ләззат Қасымбекова,

«Ақсу өңірі» газетінің директор – бас редакторы.

Мәліметпен бөлісу: