«Ұлттық қор – балаларға»

Бұл Қазақстан Республикасы Ұлттық қорының инвестициялық табысынан әр баланың болашағына беріліп отырған үлкен қолдау болып табылады. Соңғы жылдары мемлекет Ұлттық қордың бір бөлігін балалардың игілігіне бағыттау бастамасын көтерді. Бұл шешім қазақстандық отбасылардың әл-ауқатын жақсартуға, балалардың лайықты білім мен денсаулық сақтау қызметтерін алуына мүмкіндік береді.
Жалпыға бірдей міндетті оқу қорының мақсаты да әлеуметтік көмекке мұқтаж оқушылардың білім алу үшін қажетті жағдаймен қамтамасыз етуге бағытталған.
Осы бағыттағы жұмыстар барлық білім беру ұйымдарында жүзеге асырылуда. Аталған көмек орташа табысы төмен, жетім және ата-анасының қамқорлығынсыз қалған, төтенше жағдайға тап болған және де басқа осындай санаттағы отбасы балаларына көрсетіледі.
Білім беру ұйымдарында 630 теңге көлемінде күніне бір рет ыстық тамақ беріліп, қажетті кеңсе тауарлары, спорт, мектеп құралдары ұсынылады. Мәдени-спорттық іс-шараларға қатысуға, жазғы лагерьлерге жолдама алуға көмек көрсетіледі.
2024-2025 оқу жылында Ақсу ауданы бойынша жалпыға міндетті оқу қоры есебінен барлығы 1800 бала қамтылып отыр.
Оқушыларды ыстық тамақпен қамту — олардың денсаулығы мен оқу қабілетін арттыруға ықпал етеді. 2023 жылдан мемлекет бюджеті есебінен барлық бастауыш сынып оқушыларына тегін тамақтану ұйымдастырылып келеді.
Қазіргі таңда тегін ыстық тамақпен барлығы 3563, оның ішінде 2769 — бастауыш сынып оқушылары, 794 — 5-11 сынып оқушылары. Яғни, бұл аудан бойынша оқушылардың жалпы санының 49 % -ын құрайды.
Оқушыларды жаңа оқу жылына дайындау мақсатында 1800 балаға мектеп формасы мен кеңсе тауарларын сатып алуға материалдық көмек көрсетілді. 460 баланың қала сыртындағы лагерьлерде тынығуына қаржы бөлінді.
Ұлттық қордан бөлінетін қаражат – балалардың болашағына жасалған маңызды инвестиция. Бұл бастама Қазақстанның ұзақ мерзімді тұрақтылығын қамтамасыз етіп, әрбір баланың жарқын болашағына жол ашады. Осылайша, Ұлттық қор тек бүгінгі экономиканың тірегі ғана емес, сонымен қатар келешек ұрпақтың да игілігіне қызмет ететін стратегиялық ресурс болып қала береді.

Мәліметпен бөлісу: