Туған жер – адам өмірінде киелі орын алады. Нақты осы жер оны елімен, өткенмен және болашақпен байланыстырады.Туған жер – әркімнің шыр етіп жерге түскен, бауырында еңбектеп, қаз басқан қасиетті мекені, талай жанның өмірбақи тұратын өлкесі. Осы орайда Алаш қайраткері Жүсіпбек Аймауытовтың: «Туған жердің қымбатын ғылым іздеп, кітап қарап сарылып, көзінің майын тауысқан, көшенің шаңын көп жұтқан шәкірт білмесе, кім біледі? Ыстық қой, шіркін туған жер!» деген сөзі есіме түседі.
Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласында қазіргі Қазақстанның басты рухани құндылықтары айқын көрініс тапқан. Бұл – мақала ғана емес, мазмұны терең, ауқымы өте кең, ұлт руханиятын ХХІ ғасыр биігіне көтеретін рухани жаңғыру бағдарламасы деуге болады. Елбасы ғылым, білім, мәдениет пен тарихты тұтастай қамтитын ұлттық рухани жаңғыру бағдарламасын халық назарына ұсынып отыр. Мемлекет басшысы ХХІ ғасырдағы жаңа ұлттың, жаңа қазақтың феноменін анықтап берді. Әрі осы жаңа дәуірдегі ұлттың рухани жаңғыру жолының алты бағдарын ұсынған.
Елбасының мақсаты – ұлттың ұлы мұраты. Ол – Ұлы Дала елінің бойында белгілі тарихи себептермен қалғып кеткен прагматизмді ояту арқылы ұлттық, қоғамдық ойға, іске сілкініс әкелу, тәуелсіз елдің санасы мен ағзасын отаршылдық, кембағалдық, бойкүйездік комплекстерінен тұтастай арылту. Мемлекет басшысы қазақтың ежелгі «дәстүрдің озығы бар, тозығы бар» қағидасын мықтап ұстануға шақырады: «Мен қазақстандықтардың ешқашан бұлжымайтын екі ережені түсініп, байыбына барғанын қалаймын. Біріншісі – ұлттық код, ұлттық мәдениет сақталмаса, ешқандай жаңғыру болмайды. Екіншісі – алға басу үшін ұлттың дамуына кедергі болатын өткеннің кертартпа тұстарынан бас тарту керек». Мемлекет басшысы нұсқап отырған ұлттық бірегейлікті сақтай отырып, заман ағымына қарай оның сипаттарын өзгерту, «білім культін» қалыптастыру, мемлекет пен қоғамды революциялық емес, эволюциялық жолмен дамыту, ең бастысы, сананың ашықтығын, яғни әлемдік озық жаңалықтарға, ғылым-білімге құшақты айқара ашу идеялары ұлттың рухани-мәдени қалыбы болмақ. Әрі жаңа дәуір сынақтарын бәсекелік қабілеті ерекше ел ғана еңсере алады. Осы тұрғыда Елбасының мемлекет пен қоғам алдына қойып отырған нақты міндеттері рухани саладағы түбегейлі реформалардың бастауына айналарына күмән жоқ.
Латын әліпбиіне көшу – Мәңгілік Елдің рухани жаңғыруының басы болса, «Туған жер» бағдарламасы жаңа ғасырдағы әлемдік, өңірлік, ішкі-сыртқы тәуекелдерге қарсы тұра алатын отаншылдық тәрбиенің, ұлтжандылықтың кепілі болмақ.
Сәкен ЖҰМАБЕКОВ,
аудан әкімі аппаратының ұйымдастыру, мемлекеттік-
құқықтық бөлімшесінің бас инспекторы.