
«Арқада Бурабайға жер жетпейді,
Алашта Кенекеме ер жетпейді», — деп қазақтың біртуар ақыны Мағжан Жұмабаев жырлағандай, халқының бостандығы мен жерінің тұтастығы үшін жанын қиған Кенесары Қасымұлының ұлттық тарихымыздан алатын орыны ерекше. Өлшеулі ғұмыры арғымақтың жалында, жорық жолында өткен жолбарыс жүректі баһадүр батыр халқына суықта – пана, ыстықта – сая болды. Атасы Абылайдың жолыменен атқа қонып, Алаш ұранды үш арыс елдің басын біріктіріп, азаттықтың ақ таңы үшін қасық қаны қалғанша жан аямай күресті. «Ерлік – елге мұра, ұрпаққа – үлгі», — демекші қайраткер тұлғаның өнегелі өмірін, ел мен жерді қорғау жолындағы қаһармандық істерін кеңінен насихаттап, бүгінгі жастардың бойына отансүйгіштік рухты сіңіру – тұтас қоғам алдындағы маңызды міндет.
Кенесары ханның туғанына 220 жыл толуына орай, ағымдағы жылдың 8 қазанында Талдықорған қаласындағы Тіл сарайында ақын, жазушы, жерлесіміз, халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығы мен Қазақстан Жастар одағы сыйлығының иегері ӘДІЛБЕК ЫБЫРАЙЫМҰЛЫНЫҢ «Семсер жүзіндегі серт» атты роман-трилогиясының таныстырылымы өтті.
«Сәкен Сейфуллин» атындағы орталық кітапхананың ұйымдастыруымен өткен рухани шараны белгілі ақын, Қазақстан Жазушылар одағының Жетісу облыстық филиалының төрағасы Әміре Әрінұлы жүргізді. Көрнекті қаламгерлер мен әдебиетшілер, зиялы қауым мен БАҚ өкілдері қатысқан шырайлы шараның шымылдығын Жетісу облыстық мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасының жаңа тағайындалған басшысы Ермек Әбілқасымұлы Доланғаранов құттықтау сөзбен ашты.
Әдеби кештің әлқиссасы қазақ руханиятының алтын қорына жаңадан қосылған құнды тарихи еңбекті таныстыруға бағытталса, одан кейін Алматыдан арнайы келген құрметті қонақ, белгілі ақын, жазушы Арасанбай Жексенұлы Естенов пен жергілікті қаламгер, ақын, журналист Нүсіпбай
Әбдірахым жаңа кітаптың тұсаукесер рәсімін атқарып, лентасын қиды.

Сонымен қатар, жиын барысында Ақсу ауданы әкімінің құттықтау хаты оқылып, кітап иесінің иығына шапан жабылып, жерлестерінің атынан құрмет көрсетілді. «Арланның азуы», «Серт», «Рух» атты үш кітаптан тұратын роман-трилогияға қазақтың соңғы ханы Кенесары Қасымұлы мен ол өмір сүрген тарихи кезеңнің шындығы арқау болған. Шараға жиналған зиялы қауым өкілдері оқырманға жол тартып отырған жаңа туындының жас ұрпақтың тарихи танымы мен ұлттық санасын қалыптастырудағы рөліне тоқталып, авторға ризашылықтарын білдірді.
Кеш иесіне жетісулық ақындар Жазушылар одағының Жетісудағы өкілі, ақын Жангелді Немеребай бастаған рухани інілері ақ тілектерін ақтарды. Құрылымы мен мазмұны күрделі, тарихи деректерге қанық шығарма үш-төрт ғасырды қамти отырып, қазақтың басынан кешкен хикметтерді сипаттаған эпопеяға ұласқан.
Трилогияның бірінші кітабы «Арланның азуы» – панорамалық композицияда құрылған. Шығарма Кенесары қазасының бас кінәгері де, куәгері де қырғыз Орманбет манаптың шешесіне ас беруімен өрбиді. Оқиға асқа шақырылған Тезек төремен ілесіп барған Сүйінбай ақынның қырғыз Қатағанмен айтысқа түсуінен басталып, соңында оны жерге кіргізгендей етіп жеңуімен аяқталады. Осы екі арада қазақтың бүкіл тарихы көз алдан өтеді. Қазақ халқының хандық мемлекетінің туы көтерілгенге дейінгі және одан кейінгі кезеңдер қамтылады.

Романның екінші кітабы «Серт» деп аталады әрі оның арқауы – Кенесары бастаған ұлт-азаттық көтерілісінің тарихы мен ханның жеке тағдыры. Туындыда Кенесары көтерілісінің ерлік даңқы мен трагедиялық тағдыры тарихи-әдеби желі тартып баян етіледі. Сондықтан роман-эпопеяның бас қаһарманы – халық, Кенесары кейпіндегі қазақ халқы.
Бірінші кітапта Қазақ хандық мемлекетінің құрылу кезеңі көркем кестеленсе, екінші кітапта соңғы ханы – Кенесарының қаза табуымен бірге шаңырағының құлағанына дейінгі дәуірді қамтыған.
Трилогияның үшінші томы «Рух» деп аталады. Мұнда қазақ елінің патшалық империяның отаршылдығына қарсы күресі және Кенесарының ұлы, мұрагері Сыздық сұлтанның сол күресті жалғастыруын баян етеді. Ұлт азаттық көтерілістің бәрі сәтсіз аяқталғаны тарихтан белгілі. Бірақ роман идеясы Қазақ елінің ХХІ ғасыр қарсаңында тәуелсіздікке жетуі Абылай, Қасым, Кенесары, Сыздық, кешегі Алаш көсемдерінің жанкешті қайраткерлігінің арқасы екендігін аңдатады.

Туындының өн бойынан рухты қозғайтын сол кездегі қоғамдық-әлеуметтік оқиғалар, мінез-құлықтық құбылыстар шынайы және кестелі түрде көрсетіледі.
Бұл шығарма саяси иірімдерге бейімделген заманның шығармасы емес, ұлттық рухымыз бен намысымызды әйгілейтін, Тәуелсіздіктің төл туындысы. Сондай-ақ, романның қоғамда тарихи сана қалыптастыруда елеулі рөл атқарары сөзсіз.
Трилогияның авторы Халықаралық әдеби «Алаш» сыйлығының, Қазақстан Жастар одағы сыйлығының лауреаты Әділбек Ыбырайымұлы бұл еңбегін қаһарман қазақ халқына арнаған.
Шараға белгілі қаламгерлер мен әдебиетшілердің, қоғам қайраткерлерінің және БАҚ өкілдері қатысты.
Ләззат ҚАСЫМБЕКОВА,
Қазақстан Журналистер одағының мүшесі.
Талдықорған қаласы.