ҚАҒАНЫ БАТЫР, АҚЫЛГӨЙІ КЕМЕҢГЕР ЕЛДІҢ БАҒЫ ЖАНАДЫ.
(Тоныкөк.)

Ардагер ұстаз, аудандық Ардагерлер кеңесінің төрағасы, Ақсу ауданының «Құрметті азаматы» Амангелді Айтбаевтың 80 жасқа толуына байланысты аудан орталығында салтанатты шара ұйымдастырылды.

Алдымен өзі 40 жылдан астам уақыт қызмет еткен Қ.Сәтбаев атындағы орта мектеп — гимназиясында басталған ізгілікті шараның куәсі болдық.
Аудан ардагеріне деген құрмет бірінші қобызшы «Молықбай» атындағы мәдениет үйі өнерпаздарының арнауымен бас- талып, мектептің қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі Жанар Есімованың ұйымдастыруымен оқушылар Амантайатамыздың өмірдерегінен көрініс көрсетті.
Келесі кезекте құттықтаулар айтылып, аудан әкімінің орынбасары Есжанов Ғазиз Отарбайұлы, ардагер — ұстаз, Жаркент Барманбеков, мектеп директоры Бекболат Жұмаханов пен Амантайағамыздың шәкірті, ізін жалғастырушы Талғат Молдабергеновтар құттықтап, арқасына шапан жапты.

Шара соңында мектептегі АмантайАйтбаев атындағы кабинеттің ашылу салтанаты болды.
Иә, сонымен ардагер атамыз 80 жастың сеңгіріне шықты.
Ақын Шерхан Мұртаза атамыз «Алпыс — тал түс, Жетпіс — «жет — піс» деген екі сөзден шыққан. яғни, жеткен шақ, жетілген кез, піскен кезең» деген екен.
Ал, сексеннің қандай екенін осы жасқа бүгін жетіп отырған Амангелді Айтбаев атамыз біледі.
«Арсыз күлкің тиылмас, жылауың да,
Айтысың да басылмас, ылаңың да.
Араздасып ағайын кетер еді —
Бір қария болмаса бір ауылда»,- дегендей Аман(тай)гелді атамыз аудандық Ардагерлер кеңесінің төрағасы, қоғамдық келісім және медиация саласының төрағасы болып ауылдың ғана емес, аудан халқының береке — бірлігіне ұйытқы болып келе жатқан абыз ақсақал. Біз оны білеміз. Ал, кейінгі жас ұрпақ осы шарада атамыздың абырой — беделін, осы шара арқылы танып, өздеріне үлгі тұтты деп ойлаймын.
Мектепте өткен шарада оқушылар атамыздың өмір өткелдерін өздері бірге өткендей суреттеп, қойылымды көріп отырған Амантай атамыздың көзіне жас үйіріліп, қуаныштан жылап отырғанын байқадық.
Ардагер ұстаздың шәкірттері Амантай ағамыздан алған білім мен тәрбиені осы кезде жыр ғып айтса, ұстаздың ұстазы Жаркент атамыз Амангелді Айтбаевтың осы деңгейге көтерілгеніне өзінің де үлесі бар екенін айтты.
Амантай ағамыз да мектептің осы қиын да қызық жұмысын ұстазым, тәлімгерім Жаркент ағамыздан алып, ары қарай дамытып, берген уәдемде тұрып едім. Келесі жұмысты ары қарай жалғасын деп өзімнің шәкіртім Талғат Боранбайұлына тапсырып, кабинеттің алтын кілтін табыстадым. Барлық жұмысты сеніп тапсырдым,-деп мектеп ұжымына, мектеп директоры Бекболат мырзаға алғысын айтты.

Амангелді Айтбаев атындағы кабинеттің лентасы қиылып, ішіне кіргенімізде сыныптың кіре беріс артқы жағында Амангелді ағамызға арналып бұрыш ашылып, шағын мұражай сияқты жеткен жетістіктері қойылған екен. Бұл да осы сыныпта оқитын келешек ұрпақ үшін үлкен өнеге.
Шараның жалғасы аудан әкімдігінің үлкен мәжіліс залында жалғасын тапты.
Бұл жерде де аудан басшылары, ұстаздың шәкірттері ардагер ұстазға үлкен құрмет көрсетіп, сый — сияпат жасады. Аудандық мәслихат хатшысы Бейбіт Жаңылысұлы, ұстаздың шәкірті, аудан әкімінің орынбасары Амандос Ақышұлы, ауыл әкімдері, аудандық қорғаныс бөлімінің басшысы Дидар Нұртөлеуұлы, аудандық кәсіподақ, әжелер кеңесінің төрағасы Бақыт Құрманғалиева, «AMANAT» партиясы Ақсу аудандық филиалының атқарушы хатшысы Күләйхан Тұрсынбекқызы, әріптестері, ағайындары ұстаз ғана емес ауылшаруашылығы саласына қосқан еңбегі жайлы айтып, ақ тілекті ақтарды.
Осы арада Атамыздың кеудесіне тағы да екі медаль тағылды. Оның бірі «Кәсіподаққа сіңірген еңбегі үшін», екіншісі қорғаныс департаментінен «Отан патриоты» медалі. Сондай-ақ, қорғаныс бөлімінің басшысы Дидар Нұртөлеуұлы «Амангелді Айтбаев 80 жас» деген жазуы бар командир сағатын тақты.
Ербол СЫМХАНОВ.