Ел еңсесін тіктеген шақтан бері мемлекет гүлденіп, дамып келеді. Қарқынды құрылысы, озық технологиясы, даму тенденциясы – алпауыт мемлекеттермен тепе – тең түспесе, кем емес. Тәуелсіздіктің 30 жылында өркениетті мемлекеттермен терезесі теңескен Қазақстанның иек артары — өскелең ұрпақ. Бүгінде тәуелсіздіктің таңы мен бірге дүниеге келген сәби ел тұтқасын ұстар, орда бұзар жасқа жетті.
Тәуелсіздіктің төл құрдастары биыл 30 жаста. Егемен елмен бірге өсіп келе жатқан олардың мақсаты айқын. Ойы азат. Керісінше болуы мүмкін де емес. Өйткені, 1991 жылы туған ел азаматтары бодандықтан бостандыққа аяқ басқан шақта өмір есігін ашты. Ал, бүгінде олар ел үмітін арқалаған жастық шақтан, бір үйдің жауапкершілігін арқалаған ана мен әкеге айналып отыр.
Тәуелсіздік алған алғашқы жылдары дүние есігін ашқан жанның бірі – Болыс- паев Ерлан Нұртайұлы. Қазақтай азат халықтың баласы спортқа жақын. Өмірін еркін күреске арнаған балуан бүгінде Тәуелсіз елдің құрдасы болғанына мақтанады. Және жауапкершілігінің де аз еместігін айтуда. Болыс- паев Ерлан еркін күрестен спорт шебері: «Еліміздің тәуелсіздігімен барлығы да мақтануы керек,-деп ойлаймын. Осындай жетістікке жетіп жатқанымыздың барлығы да тәуелсіздіктің нәтижесінде».
Қой жылы туған қазақ ұрпағының қатары тек мықтылармен толысқандай. Болыспаев Ерлан Алтынарық ауылының тумасы. Қазіргі уақытта жас шәкірттердің шеберлігін шыңдап жүрген мықты жаттықтырушы. Бапкер өз жұмысына үлкен жауапкершілікпен қарайды. Жас балуандардың әрбіріне жеке көңіл бөледі. Себебі, өзі де жас кезінде күреске алғашқы қадамдарын жасап жеңіске жетті, жеңілістің де ащы дәмін татты. 3-ші сыныптан бастап, еркін күреспен айналысқан. Жастар арасында Қазақстанның күміс жүлдегері, еркін күрестен Қазақстан Республикасының спорт шебері. Түркия мемлекетінде өткен еркін күрестен халықаралық турнирдің қола жүлдегері.
2015 жылдан бастап, «Алакөл ауданының Лепсі ауылындағы спортта дарынды балаларға арналған облыстық мамандандырылған мектеп- интернаты» коммуналдық мемлекеттік мекемесінде бапкер қызметінде. Осы уақытқа дейін 120-дан астам шәкірт тәрбиеледі. Бұлқынбек Мақсат, Өмірсеріков Тимур, Серікбеков Санжар, Биғали Рауан, Серік Заңғар облыс, Қазақстан Республикасының бірнеше дүркін чемпиондары. Түлектері жоғарғы оқу орнына түсіп, осы бағытта өз білімдерін жетілдіруде.
Жақын арада Ерлан Болыспаев дене шынықтыру және спорт саласының өркендеуіне, өскелең ұрпақтың спортқа деген сүйіспеншілігін қалыптастырып, насихаттауға қосқан үлесі үшін, Алматы облысының дене шынықтыру және спорт басқармасының «Құрмет Грамотасымен» марапатталды.
Тәуелсіздік алған жылы өмір есігін ашқан Ерлан Болыспаев бүгінде бірқатар белестерді бағындырып үлгерді. Бұл жетістіктерге өз күшімен, таза еңбекпен жеткен азаматтың бірі. Осылайша, спортты еркін игерген азамат келешекте ел атын асқақтататын көптеген чемпиондарды шығаруды мақсат етеді. Тек ол үшін қажырлы еңбекқорлық пен жалынды белсенділік қажет. Бұл екі қасиет те Ерлан Болыспаевтың бойынан табылатыны анық.
Назым НҰРТАЙҚЫЗЫ.