
Жолдаудағы әлеуметтік басымдықтар көмек көрсетумен шектелмей, адам капиталын дамыту қажеттігін алға шығарады
Кез келген мемлекеттің даму деңгейін тек экономикалық көрсеткіштермен бағалау жеткіліксіз. Елдің шынайы жетістігі азаматтардың қалай өмір сүріп жатқанына, сапалы медициналық көмекке, білімге және әлеуметтік мүмкіндіктерге қаншалықты қол жеткізе алатынына байланысты. Сондықтан Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың биылғы Жолдауында әлеуметтік саясаттың мазмұнына ерекше мән берілуі маңызды.
Жолдаудағы негізгі ойлардың бірі – әлеуметтік мемлекеттің міндеті азаматтарды төлемдерге тәуелді ету емес, олардың тұрмыс сапасы мен әл-ауқатын арттыру екені. Бұл – әлеуметтік саясатқа деген көзқарасты жаңаша қалыптастыруды талап ететін тұжырым.
Әлеуметтік қолдау жүйесі шын мәнінде көмекке мұқтаж азаматтарды қорғауға бағытталуы керек. Алайда мұндай саясатты жүзеге асыру барысында бір мәселені естен шығармауымыз қажет: көмекке мұқтаж адамды қолдау мен оның дербес өмір сүру мүмкіндігін қалыптастыру қатар жүруге тиіс. Әлеуметтік төлем уақытша қиындықты жеңілдетуі мүмкін, ал тұрақты жұмыс, сапалы білім және қолжетімді медицина адамның болашағына ұзақ мерзімді негіз қалайды.
Осы тұрғыдан алғанда, әлеуметтік көмекті атаулылық қағидаты бойынша жетілдіру – орынды бағыт. Бірақ мұндай өзгерістер халықтың нақты жағдайын жан-жақты зерделеп барып енгізілуі қажет. Әсіресе көпбалалы отбасылар, мүгедектігі бар азаматтар, жалғызбасты қарттар мен тұрақты табыс көзі жоқ адамдар назардан тыс қалмауы керек.
Әлеуметтік саясаттың екінші маңызды бағыты – денсаулық сақтау. Жолдауда сегіз заманауи перинаталдық орталық, жеті көпбейінді балалар ауруханасын салу жоспарланғаны айтылды. Сонымен бірге алғашқы медициналық-санитарлық көмек жүйесін жаңғырту, жалпы практика дәрігерлерінің өкілеттігін кеңейту мәселесі көтерілді.
Бұл – өте өзекті міндеттер. Себебі денсаулық сақтау саласының сапасы тек жаңа аурухана ғимараттарының санымен өлшенбейді. Адам дер кезінде дәрігерге қаралып, сапалы диагностикадан өтіп, қажетті емді тұрғылықты жеріне қарамастан ала алуы керек.
Ауылдық жерлерде медициналық мамандардың тапшылығы, емханалардың материалдық-техникалық жағдайы, шалғай елді мекендердегі медициналық қызметтің қолжетімділігі әлі де маңызды мәселелердің қатарында. Сондықтан жаңа нысандар салумен қатар, оларды білікті мамандармен қамтамасыз етуге, дәрігерлердің еңбек жағдайын жақсартуға басымдық берген жөн.
Президент учаскелік қызмет мамандарының жалақысын еңбек өтіліне қарай 40 пайызға дейін арттыруды тапсырды. Бұл 77 мыңнан астам маманның табысына әсер етпек. Мұндай шешім алғашқы медициналық көмектің сапасын арттыруға ықпал етуі мүмкін. Өйткені дәрігердің кәсіби еңбегі лайықты бағаланбайынша, кадр мәселесін түбегейлі шешу қиын.
Әлеуметтік саясаттың тағы бір өзекті бағыты – білім беру. Жолдауда инклюзивті білім беруге тиіс 237 мыңнан астам баланың бар екені айтылды. Бұл – мемлекет пен қоғамның ерекше жауапкершілігін талап ететін мәселе.
Инклюзия дегеніміз – баланы мектепке қабылдаумен ғана шектелмейтін ұғым. Ол үшін қолжетімді ғимарат, арнайы жабдықталған сынып, кәсіби педагог, психолог, логопед және басқа да мамандар қажет. Ең бастысы, ерекше білім беру қажеттілігі бар баланың өзін қоғамның толыққанды мүшесі ретінде сезінуіне жағдай жасалуы тиіс.
Мұғалімнің жағдайы да білім сапасының маңызды шарты. Президент ұстаздардың қағазбастылығы азаймай, оның орнына цифрлық платформалардағы есептердің көбейіп кеткенін атап өтті. Шынында да, мұғалімнің негізгі міндеті – құжат толтыру емес, балаға білім беру және тәрбие қалыптастыру. Сондықтан цифрландыру ұстаздың уақытын үнемдеп, жұмысын жеңілдетуге қызмет етуі керек.
Жолдауда ең төменгі жалақыны 85 мың теңгеден 110 мың теңгеге дейін көтеру тапсырылды. Бұл 1,8 миллион адамның табысын арттыруға ықпал етеді. Дегенмен жалақыны өсірумен қатар, инфляцияны тежеу, азық-түлік пен күнделікті қажетті тауарлардың бағасын тұрақтандыру мәселесі де қатар шешілуі қажет. Өйткені номиналды табыс өскенімен, баға одан жылдам көтерілсе, халықтың нақты сатып алу қабілеті жақсармайды.
Меніңше, әлеуметтік саланың болашағын айқындайтын негізгі қағида – адамға жасалған инвестиция. Жаңа аурухана, заманауи мектеп, қолжетімді балабақша, сапалы білім, кәсіби маман даярлау – бұлардың барлығы елдің ұзақ мерзімді дамуына салынған капитал.
Әлеуметтік саясаттың тиімділігі бөлінген қаражаттың көлемімен емес, оның адам өміріне әкелген өзгерісімен бағалануы керек. Азамат өзін қауіпсіз сезініп, сапалы қызмет алып, еңбек етуге және дамуға мүмкіндік тапса, әлеуметтік мемлекеттің мақсаты орындала бастайды.
Сондықтан Жолдауда белгіленген міндеттердің басты нәтижесі – тек әлеуметтік нысандардың көбеюі емес, халықтың өмір сапасының нақты жақсаруы болуға тиіс.
Қайрат БЕКБАЛАНОВ,
«Ақсу ауданының жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімі» ММ-нің басшысы.
