Латын әліпбиіне көшу – заман талабы

Латын әліпбиі —  әлемде кеңінен қолданылады. Б.з.б. 7 ғасырдада Римде грек және этрус әліпбиінің тармағы ретінде пайда болып, б.з. 1 ғасырында қалыптасты. Жазу оңнан солға немесе солдан оңға қарай жазылып, бағыты әрдайым алмасып отырған. Б.з.б. 4 ғасырдан бастап жазу тек солдан оңға қарай жазылды, алғаш 20 әріп болды. Латын әліпбиі біздің жыл санауымыздан 800 жыл бұрыннан келе жатыр, яғни үш мың жылға жуық уақыттан бері бар. Жоғарыда аталған латын әліпбиі туралы дереккөздерді келтіре отырып, қазақ қоғамына, халқына латын әліпбиінің қаншалықты маңызды екенін аңғаруға болады.

Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев 2017 жылғы 12 сәуірде «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласында: «Біріншіден, қазақ тілін біртіндеп латын әліпбиіне көшіру жұмыстарын бастауымыз керек. Біз бұл мәселеге неғұрлым дәйектілік қажеттігін терең түсініп, байыппен қарап келеміз және оған кірісуге Тәуелсіздік алғаннан бері мұқият дайындалдық» деп айтқан еді. 1929 жылы 7 тамызда КСРО Орталық Атқару Комитеті мен КСРО Халық Комиссарлары Кеңесінің Президиумы латындандырылған жаңа әліпби  — «Біртұтас түркі алфавитін» енгізу туралы қаулы қабылданды. Латын әліпбиінің негізінде жасалған жазу үлгісі 1929 жылдан 1940 жылға дейін қолданылып, кейін кирилицаға ауыстырылды.

1940 жылғы 13 қарашада «Қазақ жазуын латындандырылған әліпбиден орыс графикасы негізінде жаңа әліпбиге көшіру туралы» заң қабылданды.

Елбасымыз биылғы Жолдауында 2025 жылдан бастап латын әліпбиіне көшу туралы ойларын айтқан болатын. «Бұл ой еліміз тәуелсіз алғаннан кейін мені жиі мазалады. Бірақ біз көп ұлтты халықпыз. Әр ұлттың ой-пікірі бар. Қазіргі кириллица арқылы қазақтардың да, қазақстандықтардың да бірнеше буыны тәрбиеленіп, білім алды. Өмірді таныдық, дүниені көрдік. Сондықтан латын қарпіне көшкен жағдайда да кириллица көпке дейін қатар қолданылады, екеуі біразға дейін бірге пайдаланылады деп ойлаймын». «Біз 2025 жылдан бастап әліпбиімізді латын қарпіне, латын әліпбиіне көшіруге кірісуіміз керек. Бұл – ұлт болып шешуге тиіс принципті мәселе. Бір кезде тарих бедерінде біз мұндай қадамды жасағанбыз. Балаларымыздың болашағы үшін осындай шешім қабылдауға тиіспіз және бұл әлеммен бірлесе түсуімізге, балаларымыздың ағылшын тілі мен интернет тілін жетік игеруіне, ең бастысы – қазақ тілін жаңғыртуға жағдай туғызады» — деген болатын.

Біздің әліпбиді латынмен ауыстырғанда біздің ұтатын жақтарымыз көп. Олар: ең бірінші, тіл тазалығы мәселесі, қазақ тілінің табиғи таза қалпын сақтауға мүмкіндік аламыз.

 

Ал екіншіден, қазақ тілін оқытқан уақытта басы артық таңбаларға қатысты емле, ережелердің қысқаратыны белгілі. Ол мектептен бастап барлық оқу орындарында оқыту үрдісін жеңілдетеді. Уақыт та, қаржы да үнемделеді. Үшіншіден, латын әліпбиіне көшу – қазақ тілінің халықаралық дәрежеге шығуына жол ашады. Қазақ тіліне компьютерлік жаңа технологиялар арқылы халықаралық ақпарат  дүниесі, негізінен, латынды қолданады. Біздерге олармен рухани, мәдени, ғылыми, экономикалық қарым-қатынасты, тығыз байланысты күшейтуіміз керек.Латын әліпбиіне көшу – қазақ халқының алға жылжуына, жаңа заман талабына сай өсіп-өркендеуіне, болашақта еліміздің жан-жақты дамуына үлкен үлес қосып, жемісі мен жеңісін әкелері сөзсіз. Біз латын әліпбиіне көше отырып, өркениетті елдердің қатарына қосылып, тіліміздегі дыбыстық жүйелерді нақ анықтап, қазақ тілінің жазылуы мен дыбысталу кезінде сөздер қолданысындағы артық кірме сөздерден арыламыз. Сондықтан латын әліпбиіне көшу біз үшін, болашақ үшін әлдеқайда маңыздырақ.

«Ілияс Жансүгіров атындағы орта мектебі, мектепке дейінгі шағын орталығымен» коммуналдық мемлекеттік мекемесінде  Қазақстанда қазақ тілін латын әліпбиіне көшіру туралы мәселесі туралы оқушыларға ақпарат беру мақсатында Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласы аясында – Латын әліпбиіне көшу – заман талабы атты оқушылармен насихат сағаты өткен болатын.Бұл тек қана тілдің реформасы ғана емес, жанымыздың жаңғыруы, маңызды стратегиялық бағдарлама екендігін ұғындыру. Насихат сағаты барысында балаларға түсіндірме жұмыстары жүргізіліп, видеролик көрсетіліп, сол арқылы пікірталас жүргізілген болатын.

Латын әліпбиіне көшу арқылы біздің еліміз бүкіл түрік әлемімен бұрынғыдан да жақындаса түседі. Сонымен бірге шетелдерде тұратын қандастарымыз үшін өз атамекенімен қарым-қатынас жасауларын да жеңілдетеді. Ақпарат және телекоммуникациялық саладағы қолжетімділік те артады. Әліпби ауыстыру, бұл – ұлтымыздың тарихындағы ең маңызды бетбұрыс болып табылады. Сондықтан осындай мемлекеттік маңызы бар іске үлкен жауапкершілікпен қарағанымыз жөн.

 

Ойтоған ауылы, « Ілияс Жансүгіров атындағы

орта мектебі, мектепке дейінгі шағын орталығымен»

коммуналдық мемлекеттік мекемесінің әлеуметтік

педагогы Адаева Айнұр Қанышқызы

Мәліметпен бөлісу: