Латын әліпбиі — елдің болашағы

«Алматы облысының «Тіл» оқуәдістемелік орталығы» КММ-нің Ақсу аудандық филиалында 13 қаңтар мен 21 ақпан аралығында «Латын әліпбиінің емле ережесі: ерекшеліктері мен өзгешеліктері» тақырыбындағы 24 сағаттық курсқа қатысып, білімімізді кеңейттік.

Оқу барысында латыннегізді әліпби бойынша қазақ тілі дыбыстарының мәнін білдіретін әріптердің үндестікпен, үйлестікпен жазылу нормасын, жаңа әліпбиде жоқ ё, й, ц, щ, э, ю, я, ь, ъ жазылу баламасын, шеттілдік сөздердің орфографиялану үлгісімен таныстық. Жаңа әліпбидің бізді жаңа мүмкіндіктерге, зор жетістіктерге бастайтыны сөзсіз. Себебі латын қарпі – ғылым мен техниканың, интернет пен IT-технологиялардың тілі. Латын әліпбиі рухани болмысымызды байытып, қоғамдық ой-санамызды жаңғыртады. Латын әліпбиіне көшу – қазақ халқының алға жылжуына, жаңа заман талабына сай өсіп-өркендеуіне, болашақта еліміздің жан-жақты дамуына үлкен үлес қосып, жемісі мен жеңісін әкелері сөзсіз. Біздің, яғни курс тыңдаушыларының,  латын әліпбиіне көше отырып, өркениетті елдердің қатарына қосылып, тіліміздегі дыбыстық жүйелерді нақ анықтап, қазақ тілінің жазылуы мен дыбысталу кезінде сөздер қолданысындағы артық кірме сөздерден арылатынымызға көзіміз жетті. Сондықтан латын әліпбиіне көшу біз үшін, болашақ үшін әлдеқайда маңыздырақ. Ақсу аудандық филиал меңгерушісі Венера Талғатқызы мен оқытушы Маржан Тұрсынқызына рахмет айта отырып, еңбектеріңіздің жемісін көріңіздер,-деп алғыс білдіреміз.

 «Алматы облысы «Тіл» оқуәдістемелік орталығы» КММ-нің Ақсу аудандық филиалының     1-топ курс тыңдаушылары.

Мәліметпен бөлісу: