
Қарасу ауылында «Конституцияның күші – халықтың еркінде» тақырыбында тұрғындармен кездесу ұйымдастырылды. Іс-шараның басты мақсаты – республикалық референдум қорытындыларын түсіндіру, оның ел дамуы үшін маңызын кеңінен насихаттау болды.
Кездесуге аудандық «Amanat» партиясы филиалының төрағасы Алма Жанатбекқызы қатысып, Конституциялық өзгерістердің мазмұны мен олардың қоғамдағы рөліне жан-жақты тоқталды. Ол өз сөзінде референдум нәтижелері – халықтың еркін білдіретін маңызды саяси қадам екенін атап өтті.
Жиын барысында тұрғындар тарапынан қойылған сұрақтарға нақты жауаптар беріліп, ашық пікір алмасу алаңы қалыптасты. Қатысушылар ел болашағына қатысты маңызды бастамаларға қолдау білдіріп, азаматтық белсенділіктің маңызын атап өтті.
Кездесу қорытындысында ұйымдастырушылар мұндай түсіндіру жұмыстары алдағы уақытта да жалғасатынын жеткізді.
