Конституция – ел тұрақтылығы мен азаматтық жауапкершіліктің берік негізі


Қазақстан Республикасының Конституциясы – мемлекеттің құқықтық жүйесінің негізін айқындайтын, адам мен азаматтың құқықтары мен бостандықтарын қамтамасыз ететін, елдің тұрақты дамуы мен қоғамдық келісімінің берік негізі болып табылатын басты құқықтық құжат.
Конституцияда Қазақстан Республикасының мемлекеттілігін, егемендігі мен тәуелсіздігін нығайтуға бағытталған негізгі қағидаттар белгіленген. Ата Заңның нормалары мемлекеттік биліктің ұйымдастырылуы мен қызметін ғана емес, мемлекет пен азамат арасындағы өзара құқықтар мен міндеттерді де айқындайды.
Қолданыстағы Конституцияның маңызды қағидаттарының бірі – адамның құқықтары мен бостандықтарын тану және қорғау.
Мемлекет әрбір азаматтың ар-намысы мен қадір-қасиетін, құқықтары мен заңды мүдделерін қорғауға кепілдік береді. Әр адамның заң мен сот алдында теңдігі, өз құқықтары мен бостандықтарын сот арқылы қорғау мүмкіндігі – құқықтық мемлекеттің негізгі белгілерінің бірі.
Адам құқықтарының сақталуы қоғамдағы әділеттілік пен тұрақтылықтың маңызды көрсеткіші болып табылады. Осыған байланысты Конституцияда бекітілген құқықтық кепілдіктердің іс жүзінде жүзеге асырылуы мемлекеттік органдар мен азаматтардың ортақ жауапкершілігін талап етеді.
Құқықтық мемлекет құрудың басты шарттарының бірі – Конституция мен заңдардың үстемдігін қамтамасыз ету.
Заң талаптарының баршаға бірдей қолданылуы, мемлекеттік органдар мен лауазымды тұлғалардың заң шеңберінде әрекет етуі, азаматтардың өз құқықтарымен қатар міндеттерін де білуі – қоғамдағы құқықтық тәртіпті нығайтудың маңызды факторлары.
Заңды құрметтеу – әрбір азаматтың қоғамдық жауапкершілігі. Құқықтық мәдениеті жоғары қоғам ғана тұрақты дамуға және болашаққа сеніммен қадам басуға қабілетті.
Қазақстан үшін қоғамдық келісім мен жалпыұлттық бірліктің маңызы ерекше. Конституция Қазақстан халқының бірлігін, этносаралық және конфессияаралық татулықты сақтауға бағытталған негізгі құқықтық қағидаттарды бекітеді.
Әртүрлі этнос өкілдерінің өзара құрмет пен келісім жағдайында өмір сүруі – еліміздің басты жетістіктерінің бірі. Бейбітшілік пен тұрақтылықты сақтау – мемлекетпен қатар қоғамның да ортақ міндеті.
Мемлекеттік тілдің мәртебесін нығайту, Қазақстан халқының мәдениеті мен дәстүрлерін құрметтеу, қоғамдық келісімді сақтау – ел бірлігін одан әрі бекемдей түсетін маңызды бағыттар.
Конституция азаматтарға кең ауқымды құқықтар мен бостандықтар бере отырып, белгілі бір міндеттерді де жүктейді.
Конституция мен заңдарды сақтау, басқа адамдардың құқықтары мен бостандықтарын құрметтеу, мемлекет пен қоғам алдындағы жауапкершілікті сезіну – азаматтық мәдениеттің ажырамас бөлігі.
Өз кезегінде мемлекет азаматтардың құқықтары мен бостандықтарын қорғауға, заңдылық пен қоғамдық тәртіпті қамтамасыз етуге, елдің әлеуметтік-экономикалық дамуына жағдай жасауға міндетті.
Мемлекет пен азамат арасындағы осындай өзара жауапкершілік қоғамдағы сенімнің нығаюына және мемлекеттік институттардың тиімді жұмыс істеуіне ықпал етеді.
Конституция – уақыт талабына жауап беретін құқықтық негіз ғана емес, елдің болашақ даму бағытын айқындайтын маңызды құндылықтар жүйесі.
Ата Заңда бекітілген адам құқықтары, заң үстемдігі, қоғамдық келісім, мемлекеттік жауапкершілік және азаматтық міндет секілді қағидаттар еліміздің тұрақты дамуының негізін қалыптастырады.
Әрбір азамат Конституцияда белгіленген құқықтарын біліп қана қоймай, оның талаптарын сақтауға және қоғамдық өмірге жауапкершілікпен қарауға ұмтылғаны маңызды.
Конституцияны құрметтеу – заңды құрметтеу. Ал заңды құрметтеу – тұрақты әрі әділетті қоғам құрудың басты шарттарының бірі.
Сондықтан Ата Заңда бекітілген қағидаттарды сақтау және оларды күнделікті қызмет пен қоғамдық өмірде басшылыққа алу – баршамыздың ортақ міндетіміз.
Конституция – ел тұрақтылығының, қоғамдық келісімнің және азаматтардың құқықтарын қорғаудың берік құқықтық негізі. Оны сақтау мен құрметтеу – мемлекеттің орнықты дамуына және Қазақстанның жарқын болашағына қосылған маңызды үлес.

Ләззат Қасымбекова,
директор – бас редактор.

Мәліметпен бөлісу: