КОАЛИЦИЯ МҮШЕЛЕРІ ЖАҢА АТА ЗАҢДЫ ТАРАЗЫЛАДЫ

Жаңа Конституциялық жобада цифрлық ортадағы құқықтарды қорғауға ерекше мән берілген. Жеке деректердің қорғалуы, онлайн-қызметтерге тең қолжетімділік, интернеттегі қауіпсіздік пен жеке өмірге қолсұғылмаушылық конституциялық деңгейде бекітіледі. Бұл – мемлекеттің азамат құқығын тек дәстүрлі кеңістікте ғана емес, цифрлық ортада да қорғауға дайын екенінің айқын дәлелі. Міне, дәл осындай пайымды әңгімені «Әділетті және Прогрессивті Қазақстанның Халықтық Конституциясы үшін!» өңірлік коалициясының өкілдері Арыстанғали Арын, Рахмет Есдаулетов, Мейрман Тлеуберлинов, Сайран Жасұланұлы, Жеңіс Жолдыбаев, Данияр Ахмолдаевтар Ақсу ауданына қарасты Көшкентал ауылының тұрғындарымен кездесуде сөз етті.

Коалициясының мүшелері жиында Ата заңдағы қазақтың қара шаңырағындағы тұрмысты ілгерілететін тың бастамаларға тоқталды. Мәселен, ауыл тұрғындарының өмір сапасын арттыру, инфрақұрылымды дамыту, әлеуметтік және экономикалық қолжетімділікті кеңейту, ауыл шаруашылығын қолдау, фермерлер мен агроөнеркәсіп кәсіпорындарын дамыту, жергілікті өндірісті нығайту, табиғи ресурстарды экологиялық тепе-теңдікті сақтай отырып тиімді пайдалану, сондай-ақ тұрғындардың жергілікті мәселелерді шешуге қатысу мүмкіндігін кеңейту мәселелеріне ерекше назар аударылды.

– Жаңа Конституция жобасы ауылдық аумақтарды дамыту арқылы тұрғындардың өмір сапасын жақсартуға, инфрақұрылымды жаңартуға және әлеуметтік-экономикалық қолжетімділікті арттыруға бағытталған. Аграрлық саясат ауыл шаруашылығын қолдау мен жергілікті өндірісті нығайтуды қамтиды. Табиғи ресурстар жауапкершілікпен әрі тиімді пайдаланылуы тиіс. Ауыл тұрғындарының қоғамдық шешім қабылдау үдерісіне қатысу мүмкіндігін кеңейту – басты басымдықтардың бірі, — деді Арыстанғали Арын.

Жеңіс Жолдыбаев айтуынша, жаңа Конституциялық жоба әрбір тұрғынның сапалы өмір сүруін қамтамасыз етеді.

Мәліметпен бөлісу: