Кітапхана – барша құнды мұралар мен руханияттың бастау алар арнасы іспетті. Кітап — білім бұлағы. Ал талайды білім нәрімен сусындатар кітаптар, әрине, осы кітапханада тұрғаны айдан анық.
Кітапхана — дүниеде ештеңе теңестірілмейтін білім бұлағының көзі. Қоғамның өсуі, адамзаттың өсіп-өркендеуі кітаппен тығыз байланысты осынау білімнің тұнық та мөлдір бұлағынан шәкірттерді сусындатып, олардың рухани дүниесін молайтып, тағылымы мол тәрбие ошағына айналып отырған кітапхананың мектепте алар орны орасан зор деп ойлаймын. Ең алғаш мектеп басшысы: «кітапханашсы боласың ба?»,- деген сөзіне ойланбастан қалай «иа» деп жауап бергенімді білмеймін, мүмкін, кітапханашы деген мамандық қарапайым, кітап алу, беру және оқулық тарату деп қана ойласам керек. Бұл саланың арнайы маманы болмасам да осы ортада біте қайнасып келе жатқаныма да бір жыл болып үлгеріпті.
Кітап – уақыт пен кеңістіктің тынысына толы адамзат ойының жемісі, қоғамның мәдени күштерін дамытудың қуатты құралы, қайнар бұлағы. «Мәдениет пен өнер ұлы болмайынша, ұлт ұлы болмайды» дегендей, егеменді мемлекетіміздің болашағы болған жастардың мәдени танымдық қабілетін қалыптастыратын ортаның бірі кітапхана болып табылатынын бүгінде білмейтін адам кемде-кем. Солай бола тұрса да осы мәдени ошақтағы кейбір құнды қазыналардың Мұқағали атамыз айтқандай «шаң басқан архивтерге» айналып бара жататыны көңіл қынжылтады.
Қызығы мен қиындығы мол кітапханашы мамандығы туралы бір-ақ ауыз сөзбен жеткізу мүмкін емес, жұрт көп біле бермейтін, көп елене бермейтін, бірақ дүйім оқырманның кітап жайлы бағыт-бағдар алуы үшін жан-тәнімен беріліп қызмет атқарып жатқан кітапханашылардың еңбегі ұшан-теңіз.
Қасиетті қазынамызды көздің қарашығындай сақтап, насихаттап, ел игілігіне жаратып жүрген кітапханашылар – ең қажет, абыройлы мамандық иелері деп айта аламын. Кітапханашылар білім, ғылым, өнер мен мәдениеттің дамуына үнсіз үлес қосушылар.
«Жақсы кітап – жан азығы» деген аталы сөзге сай кітапхана ғасырдан ғасырға адамзат тарихының керуенін сүріндірмей әкеле жатқан, шырағы биік, парасаттылық пен білімділіктің, байлық пен біліктіліктің киелі ордасы. Адамға рухани байлық сыйлап, ғылым мен білімнің терең сырынан сусындатар мәдени орын.
Қазан айының 15 жұлдыры кітапханашылар күні. Кітапханашылардың еңбегінің еленіп, жасап жатқан жұмыстарының жарыққа шығарына, қасиетті қазынаның сыры мен қырын ұғынуға келетін оқырмандар қауымы көптен арта берер деген үміттеміз.
Ойтоған ауылы.
«І. Жансүгіров атындағы орта мектебі,
мектепке дейінгі шағын орталығымен»
КММ-нің кітапханашысы.
Рысхан Тынысбек