Үкімет туризм саласын дамыту мәселелерін талқылады

Үкіметте Мемлекет басшысының «Жасанды интеллект дәуіріндегі Қазақстан: өзекті мәселелер және оны түбегейлі цифрлық өзгерістер арқылы шешу» атты Жолдауы аясында туризмді дамыту жұмыстары қаралды, – деп хабарлайды 7-su.kz ақпараттық порталы.

Премьер-министрдің орынбасары Ермек Көшербаевтың төрағалығымен өткен кеңеске орталық мемлекеттік органдар мен өңірлердің өкілдері қатысты. Жиында туристік аймақтардың жағдайы және Президент тапсырмаларын орындау бойынша есептер тыңдалып, негізгі туристік дестинацияларға жасалған іссапарлардың қорытындысы ұсынылды.

Ермек Көшербаев қабылданып жатқан шаралардың жеткіліксіз екенін атап өтіп, инфрақұрылымды жақсарту мен қызмет сапасын көтеру жұмыстарын жеделдетуді тапсырды. Оның айтуынша, туризмді дамыту тек экономикалық пайда әкеліп қана қоймай, Қазақстанның халықаралық имиджін нығайтуға және өңірлердің дамуына ықпал етеді.

Осы мақсатта курорттық аймақтарды алдағы маусымға даярлау, заманауи инфрақұрылым салу және жоғары сервис стандарттарын енгізу қажеттілігіне назар аударылды. Сонымен бірге шағын және орта бизнестің белсенді қатысуы мен жергілікті халықты туристік қызмет көрсету ісіне кеңінен тарту маңызды шарт ретінде белгіленді.

Кеңес қорытындысы бойынша мемлекеттік органдарға курорттық аймақтарды абаттандыру, туристердің қауіпсіздігін қамтамасыз ету, паспорттық бақылау рәсімдерін жеңілдету, сұранысқа ие бағыттарға халықаралық лоукостерлерді тарту және қызмет сапасын арттыруға қатысты нақты тапсырмалар берілді.

Мәліметпен бөлісу: