
Жетісу облысында Кербұлақ ауданын газдандыруға жататын 26 елді мекеннің барлығына көгілдір отын жеткізілді. Атап айтқанда, Сарыөзек ауылынан 80 шақырым қашықтықта орналасқан Қоғалы ауылына дейін магистралды газ құбыры тартылып, 21 ауылға газ жеткізілді. Дегенмен бүгінде тұрғындардың газға қосылу көрсеткіші төмен. Осыған байланысты облыс әкімі Бейбіт Исабаев халықпен кездесу барысында аудан әкіміне абоненттерді газға қосу жұмыстарын жеделдетуді тапсырды, – деп хабарлайды Жетісу облысы әкімінің баспасөз қызметі.

— Тұрғын үйлерді табиғи газға қосу үшін тиісті техникалық құжаттаманы рәсімдеуді, газға қосу жұмыстарын жандандыруды, сондай-ақ әлеуметтік нысандарды газбен қамтамасыз ету жұмысын күшейтуді тапсырамын. Сондай-ақ аудан тұрғындарының өтініші бойынша өңірді газдандыру схемасына енгізілмеген 6 елді мекенді — Сарыбастау, Қарашоқы, Арқарлы, Сәмен, Шилісу, Малайсары ауылдары газдандыруға арналған жобалық-сметалық құжаттама әзірленді. Келесі жылы құрылыс жұмыстарын бастау үшін тиісті ұсыныс республикалық бюджетке жолданды. Нәтижесінде 2028 жылы ауданның 32 елді мекені немесе 31 мың тұрғын табиғи газға қол жеткізеді, – деді Б. Исабаев.
Сонымен қатар алдағы уақытта облыста газ тапшылығының алдын алу мақсатында Алматы облысындағы Қазбек станциясынан Сарыөзекке дейінгі магистралды газ құбырының екінші желісін (лупинг) салуға арналған жобалық-сметалық құжаттама әзірленді.
– Биыл үйімізге газ кіргіздік. Бұрын көмір мен отын дайындап, күл шығаратынбыз. Мұның бәрі көп әуре еді. Ал қазір қажет кезде газды қосасың, үй ысып кетсе, өшіріп қоясың, үйді өзіңе қажетті температурада ұстауға мүмкіндік бар. Бөлмелер жылы әрі таза күйде тұрады. Жерлестеріме де газға қосылуға кеңес беремін. Газ қосылғанда үйге жылумен қатар, қолайлылық пен жайлылық та келді, – деді Сарыөзек ауылының тұрғыны Айман Ысқаққызы.
Жетісу облысы әкімінің баспасөз қызметі
Фотограф: Жұмабай Мұсабеков
