Ақпан айының екінші жұлдызында Ақсу политехникалық колледжінде «Латын әліпбиіне — көшу заман талабы» атты дөңгелек үстел болып өтті. Дөңгелек үстелге аудандық ішкі саясат бөлімінің басшысы Н.Қасымбеков, аудандық мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің басшысы А.Елубаева, политехникалық колледждің кітапханашысы К.Нысанбекова, аудандық БАҚ өкілдері және студенттер мен ұстаздар қатысты.
Елбасымыздың биылғы Жолдауында 2025 жылға қарай латын әліпбиіне көшуіміз керектігін, барлық іс-қағаздармен кітаптар латын қаріпінде жазылу керектігі айтылған болатын. Әліпбидің таңбаларын қазақ тілдің дыбыстық жүйесіне икемдеу белгілі уақытты қажет етеді. Сондықтан қазір талқылау кезеңі аяқталып, нақты ғылыми жұмыстар басталғаны көпшілікке белгілі. Қатысып отырған қонақтар өздерінің латын әліпбиі туралы ой-пікірлерімен бөлісті. Латын әліпбиіне көшу бұл – тамырдан ажырау немесе біреуге еліктеу еместігі айтылды. Бүгінгі өзектілік – ертеңгі өрлеудің қайнар көзі. С.Дебирова, Г.Бақытжан, Д.Ыстанбеков сынды колледж білімгерлері латын әліпбиі жөніндегі ойларын айтып, көкейлеріндегі сұрақтарын қойды. Ендігі алдымыздағы міндет Елбасымыздың кемел болашаққа бастайтын бағыт – бағдарынан жаңылмай алға қарай нық қадам басу. Осы мақсатқа жету жолында білікті тіл мамандарымен профессорлар аянбай тер төгуі керек. Дөңгелек үстел барысында осындай ой түйдік. Ел болашағы үшін қабылданғалы отырған маңызды шешімге қолдау көрсету, жүрегі «елім» деп соққан әрбір қазақстандықтың абыройлы міндеті болмақ.
Мағжан ШЫНДӘУЛЕТ.