Ата — бабаларымыз ұл — қыздарын өздеріндей еңбек сүйгіш, жауынгер, әнші, күйші, ақылды, парасатты, иманды етіп тәрбиелеуді мақсат еткен. Олардың бойына өнер мен еңбекті ізгі адамгершілік қасиеттерді қатар сіңірген. Мәселен, ер баланы бес жасынан бастап азамат болғанға дейін мал бағу мен аң аулауға, отын шабуға, қора салуға, ағаштан, темірден түрлі тұрмысқа қажетті бұйымдар жасауға, яғни қолөнер шеберлігіне баулыған. Ал, қыздардың тәрбиелі жан болып өсуі үшін жасынан ақ шашты қарияның алдынан аттатпай өсіреді. Адамның қандай болып өсуі оның ата-анасына байланысты. Ата-ана тәрбиесі жас ұрпақтың бойына өнер, білім ғана емес, күллі әдепті де, мәдениет пен ізгілікті де сіңіре білген.
Отбасындағы ұл тәрбиесінде әке мен аталардың орны ерекше. Әке отбасы мүшелерінің тірегі, асырап сақтаушысы, қамқоршысы. Әкенің мінез-құлқы, өнербілімі ұл баланың көз алдындағы үлгі өнеге алатын, соған қарап өсетін нысанасы. Өнегелі, өнерлі, «Сегіз қырлы, бір сырлы», намысқор азамат тәрбиелеу аталар арманы болған. Ал, аталар жолын қуып, өнері мен өнегелі ісін жалғастыру жастарға да үлкен сын болып саналған. Осындай үлгілі отбасылардың бірі – Құтымовтар әулеті. Аптаның сенбі күні, яғни 23 қарашада Алтынарық ауылындағы Қаракемер атындағы орта мектепте «Құтымов Бимұхамбет Құтымұлы атындағы» тарих кабинетінің салтанатты ашылуы өтті.
Құтымов Бимұхамбет Құтымұлының өмірбаянына қысқаша тоқталсам, атамыз 1913 жылы Ақсу ауданына қарасты 4 декабрь ауылында туып — өсті. 1939 – 1941 жылдары Талғар ауылшаруашылық техникумында авто-механик мамандығын алып шықты. 1941 жылы Ұлы Отан соғысына аттанып, 1946 жылға дейін соғыста болады. Ұлы Отан соғысы кезінде бірнеше орден және медальдармен марапатталған. 1946 – 1961 жылдары Чапаев атындағы колхозда автокөлік жүргізушісі болып жұмыс істеген. Қаракемер совхозы жаңадан құрылған кезден, яғни 1963 жылдан зейнетке шыққанға дейін автокөлік жүргізушісі болды. Осы жылдар ішінде совхоздың өсіп – өркендеуіне өз үлесін қосты. 1973 жылы зейнетке шыққанымен, 1980 жылға дейін өзінің еңбек жолын жалғастырды. Бимұхамбет атамыз өзінің еңбек жолында бірнеше мәрте Грамоталары да бар. Сондай – ақ, атамыз Ұлы Отан соғысының ардагері, еңбек ардагері және Қаракемер совхозының негізін қалаушы. Атамыз бірнеше ұл – қыз тәрбиелеген. 16 немересі, 25 шөбересі, 5 шөпшегі бар. Бимұхамбет ата 1996 жылы 83 жасында дүниеден озды. Кабинеттің ашылу рәсімін Құтымовтар отбасына берді. Осы аталған мектептің «Құтымов Бимұхамбет Құтымұлы атындағы» тарих кабинетінің тұсауын кесіп, есігін алғаш ашып отыр, соған байланысты бұл күн бүкіл ұстаздардың, келген қонақтардың жадында және де мектеп тарихында мәңгілік қалатыны сөзсіз. Осы мектептің түлегі Құтымов Талғат Бимұхамбетұлы бастама көтерген еді. «Ұрпақтар сабақтастығы – жастарға өнеге» атты тарих кабинетінің ашылуына Талғат ағамыздың кластастары, достары, қонақтары, мектебіміздің зейнеткер ұстаздары қатысты.
Бимұхамбет атамыздың ұлы Талғат ағамыздың өмірбаянына қысқаша тоқталайын. Құтымов Талғат Бимұхамбетұлы 1957 жылы (бұрынғы Абакумовка селосы), қазіргі Жансүгіров ауылында 2 қазанда дүниеге келген. 1965 – 1975 жылы Қаракемер орта мектебін бітірді. 1976 – 1978 жылдары Совет Армиясы қатарында өз борышын өтеді. 1978 жылы Ішкі істер министрлігіне жұмысқа кірді. 1979 – 1981 жылдары Алматы милиция мектебін оқып, бітірген соң Талдықорған қаласының Ішкі істер бөліміне тергеуші лауазымының қызметіне тұрды. 1982 – 1989 жылдары Ақсу ауданы Ішкі істер бөлімінің тергеу қызметін басқарды. 1989 – 1991 жылдары Сарқан аудандық Ішкі істер бөлімінің басшы орынбасары, қызметін атқарды. 1991 – 1995 жылдары Сарқан аудандық Ішкі істер бөлімінің басшысы болып, 1995 – 1996 жылдары Талдықорған облысының тергеу бөлімінің басшы, 1996 – 2005 жылдары Ішкі істер Академиясында ұстаздық, 2006 – 2013 жылдары Қылмыстық Атқару жүйесінде департамент басшысының орынбасары қызметтерін атқарды. Қызмет істей жүріп, Қарағанды жоғарғы милиция мектебін және Мәскеу қаласындағы Ішкі істер Академиясын үздік бітірді. Талғат ағаның он шақты медальдары бар. Полиция подполковнигі. 6 баласы бар, 5 баласы жоғарғы оқу орнын бітірген, кішісі Сүлейман Демирел атындағы университетінің студенті, 10 немересі бар. Бимұхамбет атамыздың сүйікті немересі Асхат Талғатұлының өмірбаянына тоқталайын. Асхат 1983 жылы 30 қаңтарда Қаракемер ауылында дүниеге келді. Әкесі – Құтымов Талғат Бимұхамбетұлы, анасы – Қорғанбаева Бақыт Бейсебекқызы, 1990 жылы Қаракемер орта мектебінің 1 сыныбына қабылданып, орта мектепті қызыл аттестатпен аяқтады. Семей қаласының Заң колледжіне оқуға түсіп, оны да қызыл дипломмен бітірді. 2002 – 2004 жылдар аралығында Ішкі істер Академиясында білімін жетілдіріп, аталмыш оқу орнын қызыл дипломмен тәмамдады. Панфилов аудандық Ішкі істер бөлімінің полиция қызметкері атанды. Көп ұзамай басшылардың шешімімен қызметі жоғарылап, Талдықорған қаласының Ішкі істер басқармасындағы анықтама бөлімінің басшысы болып тағайындалды. Еңбегі жанып, Ішкі істер органының үздік қызметкері атанды. 2009 – 2017 жылдар аралығында қаржы полициясы және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс – қимыл органдарында тергеуші лауазымынан, Департамент басшысының орынбасары қызметіне дейін көтерілді. 2011 жылы Будапешт қаласында білімін жоғарылату курсында оқыды. Алматы облысы, ШҚО, Нұр – Сұлтан қаласындағы сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс – қимыл органдарында Департамент басшысының орынбасары қызметін атқарды. Халыққа қызмет етуде, ерен еңбегі үшін 2 рет арнайы атақты мерзімінен бұрын алған. 2016 жылы Елбасының өз қолынан «Ерлігі үшін» орденін иеленген. Қаржы полициясы органының үздік қызметкері атанды. Көптеген Грамота мен Мақтау қағаздарымен марапатталған. 2017 жылдан бастап, Қазақстан Республикасы Бас прокуратурасында тергеу қызметінің басшысының орынбасары қызметін атқарады. Отбасында 2 ұл, 2 қыз тәрбиелеп отырған үлгілі әке. Осы дүбірлі қуанышты мектеппен бірге бөлісуге келіп отырған мәртебелі қонақтардың бірі, Бимұхамбет атамыздың қызы Гүлбаршын апайымызға құттықтау сөз кезегі берілді. Гүлбаршын апай әкесін сағынышпен еске алып, оқушыларға сабақтарын жақсы оқу керектігін айтып өтті. Өз кезегінде сөз алған Құтымовтар әулетінің құдасы, яғни Талғат ағамыздың туған қайын ағасы Сәбит Бейсебекұлы да жас жеткіншектерге осындай үлгілі отбасын мақтанышпен айтса, Бимұхамбет атамыздың еңбегін тілге тиек етіп, жиендерінің жақсы болуы нағашысынан екенін және қарындасы Бақыт жеңгеміздің есімін әкесі бекерден — бекер Бақыт деп қоймағанына тоқталып өтті. Аталмыш мектепті ұзақ жылдар басқарған ардагер — ұстазы Әміренова Нұркүміс Әміренқызына берілді. Ортаға Құтымов Талғат Бимұхамбетұлы шығып, жылы лебізін білдіріп, оқушыларға оқуда сәттілік тіледі. Салтанатты шараны мектебіміздің директоры Жазылбекова Айгүл Несіпбекқызы құттықтау сөз кезегін алып, қорытындылады. Шараның соңында Құтымовтар әулетімен келген қонақтар мен ұстаздар естелікке суретке түсті.
Және де Жансүгіров ауылындағы «Амина» мейрамханасында Талғат ағамыз Бимұхамбет әкесіне арнап келген қонақтарға ас берді. «Әке көрген оқ жонар…»,-демекші Талғат ағамыз әкесіне жыл сайын туып-өскен ауылына келіп ас беріп, құран бағыштап тұрады. — Әкені ардақтау — әркімнің міндеті, себебі әке бұл өмірде өте қымбат адамдардың бірі болып табылады Мен әкенің бойынан күш — жігерді, батырлықты, батылдықты, қайсарлықты, білімділікті, барлық қасиеттерді көруге болады деп ойлаймын. Қарап отырсақ, әкенің де түр — түрі болады. Бірі ақылды, білімді болса, бірі жігерлі, қайратты, енді бірі батыр да батыл, қайсар болып келеді. Ал енді бірінің бойынан осы айтылғандардың бәрін көруге болады. Барлық адамдар әкені құрметтеуі, қастерлеуі, аялауы, оны өзінен жоғары ұстауы керек,-дейді сөз соңында Талғат Бимұхамбетұлы.
Ләззат ҚАЛМҰХАМБЕТҚЫЗЫ, Қазақстан Журналистер одағының мүшесі.