Ұлы Жеңістің 77 жылдығы қарсаңында 5 мамыр күні Кеңес Одағының батыры Нұрсұлтан Есеболатовқа арналған баскетболдан ауданаралық ұл, қыз оқушылар арасында аудан әкімінің ауыспалы Супер кубогы бастау алды.

Жарысты ұйымдастырушы Ақсу ауданының бұқаралық спорттық іс – шараларды өткізу орталығы. Демеушісі Ақсу, Талғар аудандарының «Құрметті азаматы», Алматы облысының баскетбол федерациясының президенті, жерлесіміз Қалимолда Байболов.

Шараға аудан әкімі Есім Сейілханұлы, аудандық мәслихат хатшысы Сүлейменов Бейбіт Жаңылысұлы, батыр атамыз Нұрсұлтан Есеболатовтың туыстары, Бекбатыр мен Нұрбатырдың ұрпақтары Айтжамал Есеболатова, Тілеухан Есеболатов, Төлеуғали, Нұртай Есеболатовтар мен Айтжамал апамыздың ұлы Алтай.

Сондай – ақ, Алматы облысының, Аксу ауданының «Құрметті азаматы» Қасымбеков Нұрбек Сәрсенбайұлы, аудандық ардагерлер және Қоғамдық келісім кеңестерінің төрағасы Айтбаев Амангелді, Ақсу, Сарқан аудандарының «Құрметті азаматы» Исанова Орал Сердалықызы, Ақсу ауданының аға буын азаматтары Исаев Асқар Дүйсенбайұлы, Фазылжанов Мұрат Фазылжанұлы, Абдрахманов Қадыр Сәкенұлы және тағы басқа ауданның дамуына еңбектерімен үлес қосқан азаматтары мен спорт ардагерлері қатысты.

Алдымен жиналғандар батырдың туған топырағындағы ескерткішке гүл шоқтарын қойып, жеті шелпек таратып, ауыл имамы Малтүгелов Тұрғанбай ақсақал құран бағыштады. Одан соң Ж.Сыдықов атындағы мектепте турнирдің ашылу салтанаты өтті. Аудан әкімі Есім Сейілханұлы сөз сөйлеп, қатысушыларға сәттілік тіледі. Аталмыш мектептің 11-сынып оқушысы Серікқызы Мадинада салтанатты жиында сөз сөйлеп, осындай игі — шараны ұйымдастырып жатқан ел ағаларына алғысын білдірді. Жерлесіміз, ақын Ербол Оразбеков Нұрсұлтан батырға арнаған арнау өлеңін оқып, мектеп директоры Жаухар Әлімғалиқызына табыстады. Осы арада сол арнау өлеңнен үзінділер келтіре кетсем:
Соғыс оты жер әлемді шарлады,
Қала — дала бәрін түгел жалмады.
Ата-ана, туғандардан айырылып,
Ұлар — шу боп елдің бәрі зарлады.
Ерлер біткен түгел кетті қалмады,
Ауыр тиді бұл ұрыстың салмағы,
Әйелдер мен бала біткен тылдарда,
Киім — кешек, ас — ауқатпен қамдады — деп бастап, батырлар мен тыл еңбеккерлерінің ерліктерін айта келе,
Зеңбіректің дауыстары күркіреп,
Оқтар жауды көк аспаннан сіркіреп.
“Қас батырлар” Ер Панфилов бастаған,
Москваның амандығын тұр тілеп — деп Отан үшін от кешкен 28 қазақстандықтың ерлігін суреттейді.
Жаудың оғы Нұрсұлтанды жалмады,
Асыл ердің таусылды демі, арманы,
Көз алдынан зулап өтті бір мезет,
Діңгек, Ақсу, Қызылқайың, Тамдары.
Құштар еді бала кезден өмірге,
Ұмтылатын бар нәрсені көруге,
Ізі қалды бала біткен шомылып,
Жүрген кезі Қызылқайың көлінде,
Қиналса да ішке тартып бір демін,
Есіне алды елін, жерін, Діңгегін,
Жалаң аяқ топырағын шаңдатып,
Асыр салып Ақсуында жүргенін.
Қимай отыр басын сүйеп арысты,
Санитарлар күшін салып алысты.
Нұрсұлтандай текті туған асыл ер,
Кәлима айтып соңғы демін тауысты… — деп ойын қорытындылайды.
Сонымен қатар жарыс демеушісі Қалимолда Байболовтың мектепке арнаған сыйлықтары, Нұрсұлтан Есеболатовтың үлкейтілген портреті мен спорттық жабдықтар да мектеп ұжымына тапсырылды. Келесі кезекте батыр ата ұрпағы ретінде Қазақстан Журналистер одағының мүшесі Тілеухан Есеболатов, аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Амангелді Айтбаевтар құттықтау сөз сөйлеп, жарысқа қатысушыларға сәттілік тіледі. Шара командалар арасында тартысты ойынмен жалғасты.

Түс мезгілінде батыр атамызға арналып ас берілді.
Жарыс екі күнге созылды. Нәтижесінде ұлдар арасында жүлделі орындарға ие болған командалар:
І орын Ж.Сыдықов атындағы. орта мектебінің спортшы ұлдары, ІІ орын Жансүгіров атындағы орта мектебі, ІІІ орын Б.Садырбайұлы атындағы орта мектебі иеленді.
«Үздік шабуылшы» номинациясымен Тоқай Айсері, «Үздік орталық шабуылдаушы» номинациясымен Медетұлы Мағжан, «Үздік қорғаушы» номинациясымен Бейсенбек Мейір марапатталды.
Қыздар арасында ІІІ орын Ғ.Мұратбаев атындағы орта мектебі, ІІ орын Е.Сиқымов атындағы орта мектебі, І орын Н.Есеболатов атындағы орта мектебінің ару қыздары жеңіп алды.
Бас жүлде — Ауыспалы «Супер кубокты» Е.Сиқымов атындағы орта мектебінің командасы иеленді.
Жарыс соңында ардагерлер командасы жастарға үлгі — өнеге ретінде тартысты ойын көрсетті.
Ұлы Жеңістің 77 жылдығына, Кеңес одағының батыры Нұрсұлтан Есеболатовты еске алуға арналған баскетболдан ауданаралық жасөспірімдер арасындағы Ақсу, Талғар аудандарының «Құрметті азаматы», Алматы облысының баскетбол федерациясының президенті, жерлесіміз Қалимолда Байболовтың қолдауымен өткен турнир, аудан әкімінің ауыспалы кубогы өз мәресіне жетті.
Ербол СЫМХАНОВ.