Календарь көрсеткіші

«Адрес-календарь» 1897 жылы және 1898 жылы Верный қаласындағы М.Ю.Овсянойдың Типо-Литографиясында, Жетісу статистикалық комитеті шығарған кітап. Ақсу өңіріне қатысты деректер Жетісу облысы қызметкерлерінің орысша жазылған «Адрес-календарь» кітабынан алынды. Келтірейін.

Ішкі істер министірлігіне қарасты Азаматтық басқармасының әскери губернаторы, Жетісу облысының әскер басшысы, генерал-лейтенант — Григорий Иванович Иванов.

Әскери губернатордың ерекше тапсырмалары бойынша қызметкерлері: аға кеңесші Николай Николаевич Пантусов, кіші коллегиялық қызметкері Егор Егорович Мартов.

Николай Пантусовтың Жетісуда зерттемеген жері қалмаған. Оған кеңес, бағыт берген бірге қызмет істеген Барлыбек Сыртанов екені байқалады.

 Жетісу облысының басқарма басшысы вице-губернатор, аға кеңесші Павел Петрович Осташкин.

 Жетісу облысының қала істері бойынша төрағасы, әскери губернатор Григорий Иванович Иванов. Мүшелері: вице-губернатор Павел Петрович Осташкин, облыстық прокурор Иван Алексеев, қала басшысы ататегінен құрметті азамат, Верный  думасының белсенді мүшесі Александр Иванович Путалов. Іс қағаздар меңгерушісі мәртебелі кеңесші Барлыбек Сыртанов. Барлыбек Сыртановтың сойында (фамилиясында) бір «т» әріпі жазылған. Қазір сойында, округ пен ауыл атауында екі «тт» жазылып жүргені жөнге келмейді.

 Жетісу облысы, Қопал уезі. Басқару жүйесінің орналасқан жері Қопал қаласы. Уезд бастығы үш жылда бір тағайындалыпты. Уезд бастығы 1897 жылы Константин Иванович Петров, 1898 жылы Валериан Семенович Гаврилов болған екен. Көмекшісі поручик Валериан Алексеев Иванов. Хатшылары: Ефрем Андреевич Хахалев, Степан Иванович Нечаев. Тәржімелеушілер: Әбіш Нұржанов, Андрей Хлыновский. Канцелярия қызметкері Азылбек Нысақов. Қалалық полицай (пристав) Людвиг Заэр. Уезд малдәрігері Акиндин Туфанов. Мал фельдшері Меркурьев.

Қоғамдық басқармасына қарасты қала старостасы 2-ші гильдиялық дәрежедегі көпес Назметдин Бекбулатов, көмекшісі, бай Сейдік Сұқсүров. Қопал уезінің мировой соты Алексей Константинович Сараханов, көмекшісі Михаил Тимофеевич Шевцов.

Елді мекендер:

Копальская станицасы, бастығы атаман Давид Федорович Шевелев.

Арасан ауылы, бастығы атаман Федор Винтовкин. Винтовкиннің ұрпақтары бар.

Гавриловское (Талдықорған) ауылы, бастығы ауылдық старшина Николай Алексеевич Друзин.

Болыстар:

Болыс меңгерушілері үш жылда бір сайланып отырыпты. Қопал уезіне қарасты болыстар:

1.Ақешкі болысы: 1897 жылы болыс Кеңсаба Жаманбалин, кандидаты (орынбасары) Малдыбек Жершімбаев, писары Михайл Константинович Шестаков.

1898 жылы болыс Сексенбай Өтегенов, кандидаты (орынбасары) Дубек Ыстыбаев, писары Михайл Константинович Шестаков.

Елі Қаржау, Кеңсабаның зираты Талдықорғанға жетеберістегі аэропортың бергі жағында, бұрынғы Қаржау елінің шекарасында, Жалаулының төменгі солтүстігінде орналасқан. Қазір үлкен қорымға айналды. Ұрпақтары зиратын жаңғыртып, заманға сай ылайықтап қойды. Елі Төртсары, Сексенбай қазаққа аты шыққан батыр. «Ақын Сара мен Төребай ақын» айтысында, Сара Сексенбайды «мақтаймын» деп, Төребай ақыннан жеңіледі. Сексенбай батырдың ақ кірпіштен өріліп, қайта тұрғызылған зираты Молалы-Алажиденің сол жақ тұсында орналасқан. Сексенбай батыр есімімен жер атаулары әлі аталады. Дубектің жақсылықпен көпке аты шығып, халық болыс санаған. «Дубек сайы» деген жер атауы әлі бар. Зираты «Дубек қорымы» деп аталған жерде.

  1. Арасан болысы: 1897 жылы болыс Сейітбаттал Маманов, кандидаты (орынбасары) Шалқарбай Қасаболатов, писары Михаил Матвеевич Быдарев.

1898 жылы болыс Құдайберген Тұрысбеков, кандидаты (орынбасары) Шалқарбай Қасаболатов, писары Михаил Матвеевич Быдарев. Шалқарбай Қасаболатов екі мәрте болыстыққа кандидат сайланған екен. Елі Қыдыралы, Құдайберген Маманұлы Тұрысбек саудагер, қажы, ағартушының ұлы. Кеңес зобалаңында арғы бет Қытай асып кетеді. Зираты Қытай жерінде. Сейітбаттал Маманұлы Қарағашта мешіт пен медресе, жаңа тұрғыда мектеп салдырған тұлға. Зираты Қарағашта. Қараусыз жатыр.

  1. Бүйен — Қоянды болысы: 1897-1898 жылдары болысы Аязбай Ерғожин, кандидаты (орынбасары) Өскенбай Қабдалин, писары Василий Калачев. Болыс Аязбай Ерғожин мен кандидаты Өскенбай Қабдалин екі мәрте өзгеріссіз сайланыпты.
  2. Көлдей — Жұмай болысы: 1897 жылы болыс Қожабек Тәнекин, кандидаты (орынбасары) Қозайыр Жалдыбаев, писары Федор Николаевич Ламанов.

1898 жылы болыс Қожабек Тәнекин, кандидаты (орынбасары) Ешмұхамед Есімбеков, писары Матвей Меркурьев. Тәнеке батырдың ұлы Қожабек екі мәрте болыстыққа сайланыпты.

Елі Қыдыралы, Тәнеке батырдың ұлы Қожабек өз заманында белді, беделді кісі болған. Дәріптелмей жатыр. Қожабек 1930 жылғы «Бөрібай» көтерілісі басшыларының бірі болып атылған. Зираты белгісіз. Ешмұхамед Тәнеке батырдың ұлы нар Есімбектің баласы. Яғни, Қожабекке немере. Елі Көлдей, Қозайыр үш Матай елінің намыскер тұлғасы болған. Қозайырға айтылған «Жоқтау» халық ішінде сақталып, ұрпаққа жетті.

Почта сақтаушылар: Ақешкі станицасының почта сақтаушысы Григорий Савельевич Панков. Қопал мен Арасандағы почта сақтаушы, көпес Анна Максимовна Хлыновская.

Қопалдағы адам докторы, аға кеңесші Адам Викентьевич Пржигодский, фельдшері Тұрғанбай Жаңабаев.

Үш Матай мен Садыр елі Қопал мен Лепсі уездеріне қарасты болыстық жерлерде мекен етіпті. Лепсі уезін де келтірейін.

 Жетісу облысы, Лепсы уезі. Басқару жүйесінің орналасқан жері Лепсинск (Шұбарағаш-Ойжайлау). Уезд басшысы үш жылда бір тағайындалып отырыпты. Уезд бастығы атақ-дәрежелі кеңесші Константин Николаевич де-Лазари, көмекшісі Валериан Семенович Гаврилов, тәржімелеушілер: Нұрахмет Жұманов, Әбіш Нұржанов.

Казак-орыс станицалары:

Сарқан станицасы, басшысы атаман Влад Павлович Тузовский, көмекшілері: Прокоп Соколов, Никита Молчаненков.

Абакумов станицасы, басшысы атаман Андрей Чернов.

Басқан станицасы, басшысы атаман Степан Бычков.

Болыстар:

Болыс меңгерушілері үш жылда бір сайланып отырыпты. Лепсі уезіне қарасты болыстар:

  1. Басқан — Сарқан болысы: 1897 жылы болыс Мырзағұл Шотықов, кандидаты (орынбасары) Қосабай Байтенов, писары Григорий Погорилов.

1898 жылы болыс Мырзағұл Шотықов, кандидаты (орынбасары) Сүттібай Мәтебаев, писары Николай Кашкаров. Мырзағұл Шотықов екі мәрте болыстыққа сайланыпты. Елі Шоқпар. Зираты Басқан ауылына баратын асфальт жолдың Қожамберлі суының жағасында. Тоқсан жылдан астам тұрып құлады. Көп болып ескермеді. Орны бар. Мұхаметәлі Қазбанбетовтың «Алаштың соңғы асы» атаулы кітабында Мырзағұлға берілген үш Матай елінің соңғы сауын асы сипатталған.

  1. Бүйен — Ақсу болысы: 1897 жылы болыс Толғанбай Мырзағұлов, писары Матвей Назаров.

1898 жылы болыс Қарсыбай Құлметенов, кандидаты (орынбасары) Молдабай Байтулақов, писары Матвей Назаров.

Мырзағұлұлы Толғанбай (1844-1897 ж.ж.) ақын өмірінің соңғы үш жылында болыстық қызмет атқарғаны расталды. Зираты Жолбарыссоққанда. Қарсыбай елі Сақай, Құлметен қажының ұлы. Молдабай елі Байғазы, Байтулақ батырдың ұлы. Мүсәпір батырдың інісі. Молдабайдың әйелі үш Матай елінің үш тотысының бірі атанған, ақын Әсем. Екеуі бір-бірін ұнатып, сүйіп қосылған. Әсем айттырылып қойған елі Садыр, Түркенің Смайылына бармапты. Әсемнің елі – Құлшан.

  1. Төменгі Ақсу болысы: 1897 жылы болыс Таңқабай Төлебаев, кандидаты (орынбасары) Шатырбай Нүсіпов, писары Иван Фролов.

1898 жылы болыс Қыдырма Жателев, кандидаты (орынбасары) Шатырбай Нүсіпов, писары Василий Козлятин.

Елі Өтебай, Шатырбай екі мәрте болыстыққа кандидат болғаны айқындалды. Меккеге қажылыққа барып, «қажы» атанған шариғат білгірі. Өзі батыр. Үпі қажының ағасы. Шатырбай 1930 жылғы «Бөрібай» көтерілісі қолбасшыларының бірі болып атылған. Зираты белгісіз. «Шатырбай асуы» деген жер атауы болған.

  1. Балқаш — Лепсі болысы: 1897 жылы болыс Тұрысбек Шалов, кандидаты (орынбасары) Еркінбек Телебаев, писары Сүлеймен Күдірбеков.

1898 жылы болыс Иса Төлебаев, кандидаты (орынбасары) Баубек Мырзин, писары Ефимов. Елі Садыр, Мырзаның ұлы Баубек елінің батыры атанған. Барлыбек Сыртанов екеуі 1914 жылы бір күнде қайтыс болған. Екеуі сыйластық пен достықта өмір сүріпті.

  1. Қысқаш — Садыр болысы: 1897 жылы болыс Байарыстан Тілеулин, писары Аристарх Матвеев.

1898 жылы болыс Әбен Ибақов, кандидаты (орынбасары) Жетібай Байтопляков (кітапта солай жазылған), писары Сидельников. Әбен Ибақов төре тұқымы.

Болыстардың кандидаты (орынбасары) жазылмағаны, орны ваканция болған. 1898 жылы болыстыққа сайлау өтіпті. Аталған аталардың бәрі дерлік болымды, болған адамдар. Ұрпақтары болса, дәріптей жүрер деген ниеттемін. Білгеніме аздап коменттарий қостым. Ел іші кеніш немесе ұрпақтары толыстырып жатса құба-құп.

 

                                                                                                  Жемісбек Толымбеков

Мәліметпен бөлісу: