Көлік иелеріне арналған автоХҚО-лар: төтенше жағдай тәртібінен кейінгі статистика

Еліміздегі барлық дерлік халыққа қызмет көрсету орталықтары мамыр айында жұмысын қайта бастады. Автокөлік иелеріне арналған мамандандырылған ХҚО-лар да сол кезде ашылды. Әр облыста автоХҚО-лар әр түрлі уақытта жұмыс істей бастағанына қарамастан, бір ай ішінде автокөлік орталықтары 174 мыңға жуық мемлекеттік қызмет көрсетті.


Азаматтарға арналған үкімет қай өңірдің автокөлік жүргізушілері автоХҚО-ның ашылуын көп күткенін анықтады.
Көлік құралдарын қайта тіркеу бойынша алғашқы үштікті Шымкент, Нұр-Сұлтан және Алматы қалалары бастап тұр. Аталған шахарлардағы орталықтар сәйкесінше 16, 15 және 14 мың автомобильді қайта тіркеген. Егер Нұр-Сұлтан мен Шымкенттің мамандандырылған орталықтары бір уақытта – 12 мамырда ашылса, Алматы орталықтары санитарлық дәрігердің шешімімен тек 25 мамырдан бастап қызмет алушыларды қабылдай бастады. Сондықтан, Алматыны автокөліктерді тіркеу бойынша мемлекеттік қызметтер көрсету саласындағы сөзсіз көшбасшы деп санауға болады.
Төртінші орында – Қарағанды облысы. Мұнда мамандандырылған халыққа қызмет көрсету орталығы ең алғашқылардың бірі болып, 4 мамырда ашылғанын ескерсек, көлікті қайта тіркеу қызметі тек 12,5 мыңнан астам рет сұралған.
Мамыр айының қорытындысы бойынша көліктердің ең аз саны Батыс Қазақстан облысында қайта тіркелген, барлығы – 2,4 мың автомобиль.
Жүргізуші куәліктерін беру және ауыстыру бойынша жағдай сәл өзгеше. Олардың көпшілігі Қарағанды облысында берілген – 5 мыңнан астам. Шымкент және Алматы қалаларында одан сәл аз. Алматы облысының жүргізушілері 4,5 мыңға жуық жүргізуші куәлігін ауыстырған. Аталған мерзім ішінде жүргізуші куәліктерінің ең азы Батыс Қазақстан облысында жаңарған – 8 мамырдан бастап барлығы 804 жүргізуші куәлігі.
Рейтингте Жамбыл облысының ХҚО-лары есепке алынбады. Жедел штабтың шешімімен олар маусымның басында ғана жұмысын бастады.
Еске салайық, төтенше жағдай тәртібі аяқталғаннан кейін ХҚО-лар азаматтарды тек алдын ала белгіленген кезекпен қабылдайды. Кезекке egov.kz порталы, eGovKzBot2.0 телеграм боты немесе 1414 нөміріне қоңырау шалу арқылы тапсырыс беруге болады.
Айта кетейік, көлікті қайта тіркеу мен жүргізуші куәлігін ауыстыру қызметтерін онлайн түрде egov.kz порталы және egov mobile қосымшасы арқылы алуға болады. Сондай-ақ, таяуда электрондық үкімет порталында жоғалған нөмірді қалпына келтіріп, автосалонда сатып алынған көлікті тіркеу мүмкіндігі жасалды.

Мәліметпен бөлісу: