«Көктем — 2021» командалық — штабтық оқу — жаттығуы

 Ақпан айының басында жыл сайынғы дәстүр бойынша ауданымыз­да көктемгі су тасқынының алдын алуға байланысты Ақсу ауданының әкімімен бекітілген қауіп — қатердің алдын алу жөніндегі іс — шаралар жос-парына сәйкес аудан орталығында №29 — шы өртке қарсы қызметімен және ауданымыздағы барлық қауіпке қарсы жасақтарымен бірлескен «Көктем — 2021» командалық — штабтық оқу-жаттығуын өткізді.

Жаттығуға аудандық төтенше жағдайлар бөлімі, орталық аурухана, Ақсу аудандық қоғамдық деңсаулық сақтау басқармасы, ішкі істер бөлімі, РДТ «Қазақтелеком» Сарқан-Ақсу ЛТЦ, Ақсу аудандық электр жүйелері (РЭС), Ақсу ауданы әкімшілігінің шаруашылық жүргізу құқығындағы «Ақсу Су құбыры» МКК, т.б. мекемелермен бірге Жансүгіров ауылдық округінің жұмысшылар тобы қатынасты.

Оқу — жаттығуда аудан әкімінің орынбасары Құсмолдин Серік Әділбекұлы, Ақсу ауданының ТЖБ бастығы, азаматтық қорғау майоры Нұрдәулет Жақсыбаев сөз сөйлеп, барлық мекемелердің дайындықтарын бақылап шықты.

Су тасқынына ең қауіпті аймақ Н.Есеболатов ауылдық округі деп танылып, алғашқы жаттығу жұмыстары осы ауылда жалғасты. Кезінде Жамау ағамыз жырға қосқан кішкентай ғана «Жартоған» көктемде су көбейгенде арнасы­нан асып, ауылға қарай жайылып кетеді екен. Сондықтан Жартоғанның ауыл жақ қабағын көтеріп, қауіптің алдын алу шаралары жасалды.

Ауыл ішіндегі арықтар тазаланып, көпірлердің ауызы аршылды.

Құтқару шаралары қадағаланып, құтқарылған бір топ ауыл тұрғындарын аудан орталығындағы Ақсу политехникалық колледжіне орналастырып, ыстық тамақпен қамтамасыз ету жұмыстары көрсетілді.

Біздің байқағанымыздай ауданымыздың қауіпке қарсы жасағы сақадай сай екен. Жамандықтың бетін ары қылсын. Жақсылықта жүздесуге жазсын. Марқұм Нұртілеу ағамыз айтқандай «Бай, қуатты болайық ағайын!»

Ербол СЫМХАНОВ.

Мәліметпен бөлісу: