Көксу ауданының қос ауылына табиғи газ берілді


Көксу ауданы Лабасы ауылдық округіне қарасты Жамбыл, Мәмбет ауылдарына табиғи газ берілді.
Қос ауылдың тұрғындарының көптен күткен қуанышын бөлісуге аудан әкімі Марлен Көлбаев пен облыстық тұрғын үй басқармасының басшысы Ернат Бәзіл арнайы барды.
– Ауданға әкім болып тағайындалғанда 10 ауылдық округтің барлығын аралап шықтым. Ауылдардағы жүзеге асырылуы тиіс мәселелерді сондағы тұрғындармен бірге талқыладық.

Соның бірі елді мекендерді газбен қамту мәселесі болатын. Жамбыл мен Мәмбет ауылдарына газ құбырлары бірнеше жыл бұрын орнатылғанымен, газ тартылмаған болатын. Бүгін сол тұралап қалған жұмыстарды жүргізіп, ауылды көгілдір отынға қостық, – деді аудан басшысы.
Бүгінгі күні Жамбыл ауылында мың бір жүзден астам, Мәмбет ауылында екі мыңға жуық тұрғындары бар. Ауыл тұрғындары үшін «көгілдір отынның» келуі үлкен қуаныш әкелді.


Жалпы, Көксу ауданында 9 елді мекен толықтай газға қосылған. Тағы 3 елді мекенде құрылыс-монтаж жұмыстары жүріп жатса, 12 елді мекенге газ тартудың жобалық құжаттары жасалуда.

Мәліметпен бөлісу: