ҮЙ ЖАҒДАЙЫНДАҒЫ FAST – FOOD

Шындығын айту керек, қазір барлық адамдар, мейлі ол балалар болсын, үлкендер болсын «жылдам дайында­латын» тағамдарды жақсы көреді. Мұндай фаст — фуд хош иісмен, дәмімен, өте үйлесімді өнімдердің жарасуымен адам­ды өзіне тартады. Бірақ, гам­бургер, бутерброд, пицца­ларды жеп болғаннан кейін, олардың құрамына кіретін майлардың, қанттардың және консерванттардың көп болуына байланысты асқазанға ауырлық әкелуі мүмкін. Ал, үйден сон­дай дәмді, бірақ денсаулыққа әлдеқайда пайдалы бола­тын ұқсас тағамдарды қосып жасауға болатынын бәрі біле бермейді. Тек сапалы өнімдер мен үйдегі фаст — фудтың дұрыс дайындалу жолын таңдау керек.

Бүгінгі күні жылдам тамақтану орындары ауданымызда көптеп ашылған. Орталық саябақ маңындағы арбаттардың бойы мен орталық базардың маңында мұндай орындар жетерлік. Осындай тамақтану орында­рын ашу үшін алдымен ауданда сұраныс көбірек болуы керек. Ал, сұраныс дегеніміз — жақсы пайда табудың алғашқы жолы. Міне, осы кәсіпті нәсіп еткен ауыл тұрғынының бірі – Оспано­ва Гүлмира Ыбырайымқызы.

Бұл кәсіпкер әпкеміз өткен жылы «Қазақстан Республикасының еңбек нарығын дамытудың 2024 — 2029 жылдарға арналған тұжырымдамасы шеңберінде 2024 жылдың маусым айында, еңбекке жарамды І топ мүгедегі ретінде, жаңа бизнес — идея­ларды іске асыру үшін 400 АЕК – 1 572 800 теңге мемлекеттік грантты ұтып алған.

Ендеше, әңгімені Гүлмира әпкемізбен таныстығымыздан бастайын. Гүлмира Ыбырайым-қызы Ақсу ауданы әкімінің штаттан тіс кеңесшісі болып, аудандық «Аманат» пар­тиясы, қоғамдық кеңес, БАҚ өкілдерінен арнайы бақылау то­бын құрып, аудандағы қоғамдық орындар, мекемелер, асхана­лар, дүкендер, аурухана, т.б. орындардағы пандустардың дұрыс деңгейде болуын қадағалайтынбыз. Сол топтың мен де бір мүшесімін. Гүлмира әпкеміз өзінің мүгедектер арба­сымен пандустарға шығып көріп, оның ыңғайлылығын, басқа мүгедектер келгенде олардың кіріп – шығуына қолайлы болу­ын тексереді. Әпкеміздің өзі І топтағы мүгедек. Негізі мүгедек деген сөздің өзі жаман естіліп, адамға ауыр тиетінін білеміз әрине. Ал, Гүлмира Оспано­ва бұл мүгедектер арбасына қалай отырды содан бастайық. Жас кезінде шапқылап жүрген әпкеміз 2016 жылы сол жағынан инсульт алып, төсек тартып жатып қалады. Оған дейін де жоғарыда айтқан қолөнер, аспаздық әпкеміздің бойын­да бар еді. Ауылдағы той – томалақта, ағайын – туыс арасындағы бас қосуларда дәмді, жылдам дайындала­тын тағамдар жасап жүретін. Аяқ астынан төсекке алып ұрған сырқат отбасына ауыр тиді. Сол кезде қызы Ләззат 11 сы­ныпты бітірген болатын. Ана­сына қарайлап бір жыл оқуға да бара алмай қалады. Қызының болашағын ойлаған анасы оған оқу оқуы керектігін айтып бо­сатады. Алайда ақылды қыз өзінің дос – құрбысын анасына қарайлауға орнына тастап кетеді. Сөйтіп, Ләззаттың құрбысы Сейілхан Гүлбақыт өзінің анасын­дай аса мейіріммен әпкеміздің денсаулығына қарайласып, мас­саждарын жасап, ақырындап ор­нынан тұрғызады.

Осы арада отағасы Құтымов Дәулетқали ағамыздың еңбе-гін айтпай кетуге болмайды. Дәулетқали ағамыз барлық жұмыстарын қоя тұрып, әпкемізбен бірге күліп, бірге қиналып, бар ауыртпалықты көтеріп шықты. Ағамыздың ай­туынша әпкеміз қанша ауырып жүрсе де үйден қонақ үзілмейтін, келген қонақтарды қуана қарсы алып, күліп шығарып салатын нағыз адал жар екен. Осын­дай жанның қалай асты — үстіне түспеуге болады, — дейді отағасы. Әйтпесе, қазіргі таңда ауырып қалған жарын тастап кететін еркектерді де, әйелдерді де көріп, естіп біліп жатырмыз ғой.

Енді әңгімемізді бизнестің бас-тауына ауыстырайық. Осы кез­де күнделікті қасында болып, қолғабыс етіп жүрген Гүлмира әпкеміздің дос – құрбысы, Нүсіпова Света апайымыз өзіңнің қолыңнан келетін іс емес пе, өзіңе алданыш болады, қасыңда бес аспабты көмекші қызың бар, екеуің осы жылдам дайында­латын тағамдар жасауды қолға алыңдар, мен көмектесіп, дайын өнімдерді өткізіп беруге тырыса­мын деп кеңес береді.

Гүлмира әпке алдымен фасд — фудтың қай түрі өзін қызықтыратынын шешіп, алды­мен самсадан бастайды. Кейін келе кішкентай хот – дог, сендвич­тар қосылады. Бұл 2020 жылдар болатын. Ол кезде бірақ жұмыс ауырлау болды. Нанды қолмен илейтін. Оның үстіне бір қолы мен аяқтары қозғалмай қалған. Сонда да оң қолымен нан илеп, көмекші қызға үйретіп, отбасының көмектесуімен жұмысты тоқтат-пай жүргізе береді. Тіпті нан пісіретін (духовка) пеші де үйдегі пайдаланып жүрген кішігірім аспап. Бір илеген наннан 48 тал сендвич шықса оны пісіру үшін де 3 – 4 сағат уақыт кететін.

Ондай пешпен жылдам, қарқынды тамақ пісіруге әрдайым уақыт бола бермейді. Ал, дәмді тағамдар — бұл мыңдаған адамдарға ортақ қажеттілік екенін түсінеді. Сөйтіп, жұмыс өнімді болу үшін өнімді құралдар алу ке­рек болды. Бір рет қайтарымсыз грант алуға тырысып, байқап көріп, ұта алмай қалады. Өткен жылы ғана жоғарыда айтқанымыздай 1 476 000 теңге қайтарымсыз грантты ұтып алып, арманы орындалады.

Бұған бірден – бір септігін тигізген мемлекет басшысы Қасым – Жомарт Тоқаевтың «Жұмысшы мамандықтар жы­лын» белгілеуі.

Бірден 4 ярусты үлкен пеш, нан илейтін аппарат, тоңазытқыш, мұздатқыш және қажетті құрал – жабдықтар, оның ішінде үстел, тақтайлар, ыдыс – аяқтар т.б. сатып алады. Енді бұрынғыдай нанды қолмен илемейді. Нан илейтін аппарат қажетті қоспаларын қосып, бір нүктені басса бір демде 7 келі дайын нанды илеп бере салады. Бұрынғыдай кішкентай пештің алдында 3 – 4 сағат мөлиіп отырмайды. Жаңағы айтқан 48 тал сендвич бір мезгілде, біркелкі болып пісіп шығады. Бұл уақытқа да, электр тоғына да үнемді болады.

Сөйтіп, қазір Гүлмира әпкеміз «Үй жағдайындағы Fast — Food» дайындайтын «Гүлмира» атты жеке кәсіпкерлігін ары қарай да­мытып, бүгінде «Пицца», «Бур­гер», «Сендвич» «Ход — дог», «Самса», әр түрлі тоқаштар мен торт, пирог пісіріп жатыр. Дайын өнімдерді аудан орталығындағы дүкендерге, асханаларға өткізіп, кейде той иелерінен де тапсы­рыстар қабылдап жүр.

Сонымен бірге екінші жұмысы «Мүгедектер қоғамын» да жүргізіп, бізді ертіп алып, аудандық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөліміне берілген «Инва­таксимен» ауылдарды ара­лап кетеміз. Ол жұмыстар да шетінен нәтижесін беріп келеді.

Мен барғанда ашыған нанды домалақтап кесіп, 20 – 25 см – дей етіп дөңгелектеп жайып, сендвич пісіргелі жатыр екен.

– Сендвич дегеннің ішінде бірдеңелер болмайды ма? – де­сем.

– Әрине, ол былай жасала­ды деп, дөңгелектеп жайған нанның бетіне май жағып екіге бүктеп, оның үстіне қайтадан май жағып, тағы бір бүктеп еді үш бұрыш болып шықты. Енді осыны пісіріп, суыған соң, мына ауыздарды ашып, ішіне салатын заттарын саламын деді.

– Ол салатын заттарды қазір шикі кезінде салмайды ма? – деген сұрағыма күліп, – оның барлығы каша болып, езіліп пісіп кетпейді ме деп жауап берді әпкем. Мынауың бірақ маманның емес, еркектің сұрағы болды – деді.

Мен де күлдіріп, әдейі айтқанымды білдіріп, – Ащы еңбектің тәтті тағамдарының енді нәтижесі қандай? Пайда бар ма? — дедім.

– Шындығын айту керек, «До­нер» пісірмедім. Ол да қолдан келеді. Бірақ шығыны көп, Қымбатырақ сатсаң ешкім ал­майды, арзандатып сатсаң өзін — өзі ақтамайды. Ал, қалғанынан еңбегімнің жемісін көріп жатыр­мын, бұйырса — деді.

Иә, «Жұмысшы мамандықтар жылында» нағыз жұмысшы мамандығын көрсетіп келе жатқан әпкеміздің жұмысына ары қарай да сәттілік тіледік.

Ербол СЫМХАНОВ.

Мәліметпен бөлісу: