ИСЛАМДАҒЫ ТУЫСТЫҚ ҚАРЫМ — ҚАТЫНАС


«Кімде кім ризығының көбеюін және өмірінің ұзаруын қаласа, туысқанымен қарым — қатынасын үзбесін» (хадис) Жаратушы Алла Тағаланың адам баласына берген нығметтерін санасақ сан жетпейтіні мәлім. Осы өмірде бізге берілген үлкен нығметтердің бірі – туған туыс — тарымыз, бауырларымыздың болуы. Ата — бабаларымыз «Мал қонысын, ер жігіт туысын іздейді», «Ағайын тату болса – ат көп, абысын тату болса – ас көп», «Ағасы бардың жағасы бар, інісі бардың тынысы бар», «Жақсы ағаң — орман, жақсы інің — қорған», — деу арқылы туысқандықтың киелілігін ұрпақтарына дәріптеп отырған. Аллаға иман келтірген жанның ата — анадан кейін мойын бұру керек ең алғашқы адамы – туысы болуы керек. Күләйб ибн Манқаьадан (оған Алла разы болсын): «Менiң атам Пайғамбардан (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын): «Я, Алла Елшісі! Жақсылық iстегенге кiм лайығырақ?», – деп сұрағанда, Ол: «Алдымен әкең мен анаң. Кейiн ағаң мен әпкең. Одан кейiн жақындық дәрежесiне қарай туыстарың. Бұл – мiндеттi нәрсе. Туыстық қатынасты үзбе», — деп жауап бердi. Мына дүрбелеңі көп өмірдің соқпағында кез — келген қиындыққа тап болсақ, не қуанышты күндерімізде барлығымыздың арқа сүйеп, шер тарқатар адам іздейтініміз ақиқат. Сондай қиындық болғанда жанымызға демеу болып, көмегін аямайтын туған —  туыстарымыз, бауырларымыздың болуы жанымызға жылу сыйлайды. Алла Тағала қасиетті Құранда Нахыл сүресінің 90 аятында пенделеріне туыстық қарым — қатынасты сақтауды бұйырып: «Негізінде Алла әділетті, игілікті және ағайынға қарайласуды бұйырады. Және арсыздықтан, қарсылықтан һәм зорлық көрсетуден тыяды. Сендерге насихат береді. Әрине, түсінесіңдер»,- деп айтқан. Әрбір момын пенденің жақын ағайындардың үйіне барып қуанышына ортақтасуы, қиыншылық сәттерде көмек қолын созып, жан жылуын аямау, сырқаттанып жатқан туысқандардың қал-жағдайын білу, арнайы іздеп барып жағдайын білу, алыста жүргенде хабарласып немесе хат алысу сынды әрекеттер туған — туыспен арақатынасты жақсартуға жасаған қадам болмақ. 

Жаратушы Алла адам баласының жаратылысын жақсы білгендіктен қоғам ішіндегі қарым — қатынасты бекем ұстауды, туыстармен көркем мәміледе болуға шақырады. Алайда, кемшіліксіз адам болмайды. Кейде лағынеті шайтанның азғыруы мен қу нәпсінің құрығына ілініп, болмашы нәрселерге бола ағайынмен ренжісіп, татуласуға тырыспай, менмендікке салынып жатамыз. Туысқандар ата — анамыздан кейінгі жақын адамдар болғандықтан оларға сый — құрмет көрсету, араласу мұсылманның міндеті. Қазақ даналарының туған ағайынның қадыры жайлы: «Ата — ананың қадірін балалы болғанда білерсің, ағайынның қадірін жалалы болғанда білерсің» деген. Кейбір адамдардың қу дүниенің соңынан қуып, айналасындағы қоғамнан ұзақтап кететіндері де кезігеді. Бұның көбі ешкімге мұқтаждық туып, қиындық көрмегеннен болар. Алайда, тұла бойынан күш-қуаты кетіп, кәрілік қажытып, дене мүше қақсап ауырғанда яки бір пәлекетке душар болып, мұқтаждық туындаған уақытта ешкімнен жәрдем ала алмай, өзінің жалғыз қалғанын сезініп туыстың қадырын білері анық. Ал, Әбу Айюб әл — Ансариден (р.а.) жеткен бір хадисте: «Пайғамбарымызға (с.ғ.с.): «Маған, мені жәннатқа кіргізетін амалды хабар етіңізші», – дегенде, Пайғамбарымыз (с.ғ.с.): «Аллаға ғана құлшылық етіп, Оған еш нәрсені ортақ қоспа, намаз оқып, зекет бер. Сондай — ақ, туысқанмен байланысыңды үзбе», – деп айтты», – делінген. (Бұхари, Мүслім). Құран, хадиске құлақ асқан дана халқымыз: «Өле жегенше, ағайынмен бөле же», «Бауыр шырын, бас тәтті. Ағайынмен ішкен ас тәтті», «Туысы бірдің қонысы бір. Туысы бірдің уысы бір» деп ұл —  қыздарына ақыл айтып, араздықтан, бет көріспей кетуден сақтандырып, ескертіп отырған. 

Данагөй ата — бабамыз ағайын — туыстардың өзара татулығы мен бірлігіне шақырып: «Туғаныңмен сыйыспасаң, кең дүниеге сыймассың», – деп те ескерткен. Бұқар жырау: «Ағайынның аразы елдің сәнін кетірер, абысынның аразы ауыл сәнін кетірер», – деп айтқандай, ағайын — туғанның араздасып, арадағы байланыстарын үзуі Құдайдың қаһарына ұшыратып, елдің берекесін кетіреді. Сол сияқты, болмайтын кішігірім мәселелер үшін түймедейді түйедей етіп, артын айғай — шуға ұластыру да жақсылық емес. Мұндай жағдайда Раббымыздың: «Әрине, кім сабыр етіп, кешірімді болса, дау жоқ, істердің ең маңыздысы осы» («Шура» сүресі, 43 — аят), – деген сөзіне құлақ асып, сабырлы, кешірімді болуға тырысқан жөн. Алланың елшісі (с.ғ.с.): «Расында, «әр — рахим», яғни туыстық байланыс сөзі «әр — рахман» сөзінен туындаған, ал Алла туысқандық байланысқа: «Кім сенімен байланыс жасаса, Мен онымен байланыс жасаймын, ал кім сенімен қатынасын үзсе, Мен онымен қатынасымды үземін», – деп айтты», – деген. Алла Елшісі (Оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) мына хадисі ағайын туысқа көмектесудің сауаптығын көрсетеді: «Шынында, міскінге берген садақа, бір ғана садақаға жатса, ал туысқан адамға беру екі сауапты амалға, әрі садақаға, әрі туыстық байланысқа жатады», деген (Имам Тирмизи). Және бір хадисте Әбу Һурайра (р.а.) пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) былай деп айтқанын жеткізген: «Кім Аллаға және Қиямет күніне иман келтірсе, қонағын сыйлап, құрметтесін. Кім Аллаға және қиямет күніне иман келтірсе, туысқанымен қарым — қатынасын үзбей, жалғастырсын. Кім Аллаға және қиямет күніне иман келтірсе, жақсы сөз сөйлесін немесе үндемесін» (Бұхари, Мүслім). Алла Тағала баршамызға туған — туыс, бауырларымыздың аман — есен, тату — тәтті болуын, ынтымағымыздың нығаюын, рызығымыздың мол болып, ағайындарымызбен бірге Жаннатқа кіруімізді нәсіп етсін! 

Анарбай ТАСБОЛАТҰЛЫ, 

аудандық мешіттің бас имамы.

Мәліметпен бөлісу: