Қазіргі таңда жұрт арасында зекет берушілер көбейіп келеді. Зекет – Алла Тағаланың бізге бұйырған бес парызы. Осыны ескеріп, имандылыққа бет бұрып, қамқорлыққа мұқтаж жандарға көмек қолын созып жатқан азаматтар саны артып келеді. Зекет кімдерге парыз? Ол қай кезде, қандай көлемде беріледі? Пайданың қай түрінен беруге болады? «Зекет» корпоративтік қорының Талдықорған өңірі, Ақсу ауданы бойынша өкілі Бакеев Сәбетбек Серікұлымен сұхбатымыз осы төңіректе өрбіді.
— Сәбетбек Серікұлы, ауданда «Зекет қоры» қашан құрылды? Мақсаты қандай?
— 2012 жылы муфтияттан «Зекет» қоры бөлінген. Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының бұйрығымен ауданымызда 2018 жылдың қараша айында «Зекет» қоры құрылды. Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының бұйрығымен ауданымыздағы «Зекет» қорының өкілі болып тағайындалдым. Былтыр қараша айынан бастап жұмысты бастап кеттік. Аудан бойынша жаны жомарт азаматтардан зекет алып, оны мұқтаж адамдарға таратып беру менің міндетіме жатады. Қордың мақсаты – зекет беруге шамасы жететін азаматтардан зекет жинап, оларды мұқтаж адамдарға бөліп беру.
— Оқырмандарға түсінікті болу үшін зекет жайында кеңірек айтып өтсеңіз.
— Зекет сөзі – тазару, өсу, өну, арту және береке деген мағынаны білдіреді. Бұл жөнінде қасиетті Құран кәрімде, «Бақара» сүресінің 83 аятында «Намазды толық орындаңдар және зекет беріңдер…» деп айтылған. Яғни, бұл жерде зекеттің намаз секілді парыз екені айтылады. Пайғамбарымыз Мұхамед (с.ғ.с) хадисінде «Зекет беріп, мал-мүліктеріңді қорған ішіне алындар» деген. Жалпы, зекеттік шариғаттық мағынасына келсек, Алла Тағалаға ықыласпен, бағыну ниетімен әр мұсылман өз тапқан пайдасы, дүниесінен шариғат белгілеген мөлшерде зекет беріп, оны пақыр-міскін, яғни қазіргі тілмен айтқанда жағдайы жоқ, тұрмысы нашар адамдарға беріледі.
— Яғни, Құран кәрімде зекеттің Алла Тағала тарапынан сұралатын амал екен ғой.
— Иә, расында солай. Зекет — Алла Тағаланың алдында сұралатын амал. Алла Тағала ислам үмбеті үшін зекеттің парыздылығын шариғатқа һижраның екінші жылы, шәууәл айында, Рамазан оразасы мен пітір садақасынан кейін Мәдинеде енгізді. Зекеттің парыздығы жайында Құранның 82 жерінде намазбен қоса айтылған. Алла Тағала дәулетке бөленген құлдарын сынау үшін зекетті парыз, ал садақаны ерікті етіп енгізді.
— Зекет кімдерге беріледі?
— Иә, зекет лайықты кісіге берілуі тиіс. Шариғат белгілеген сегіз түрлі кісіге зекет берілуі керек. Зекет — пақырға, міскінге, зекет жинауға тағайындалған арнайы адамдарға, қарызға батқан, қаржылары бітіп, жолда қалған адамдарға беріледі.
— Сәбетбек Серікұлы, ауданымызда зекет бергісі келетін азаматтар саны артып келеді. Жұртқа түсінікті болуы үшін зекет кімдерге парыз, қанша ақшасы бар адамдар зекет беруі тиіс екенін айтып өтсеңіз.
— Зекет төлеуді уәжіп ететін мал-мүліктің мөлшері шариғатта нисап деп аталады. Нисабы толмаған мал-мүліктен зекет төленбейді. Халыққа түсінікті болуы үшін айта кетейін, нисаптың толуы жыл басындағы мал — мүліктің жыл соңындағы мөлшерімен есептеледі. Яғни, жыл бойы түсіп жатқан пайда нисапқа қосылып, жыл соңында барлығынан зекет малы төленеді. Мысалы, адамның қолында 85 грамм алтыны, болмаса 595 грамм күмісі бар болса, зекет беріледі. Қазір нарықтағы 1 грамм алтынның құны — 13882 теңге, соны 85 грамға көбейтсек, 1 миллион 180 мың теңге шығады. Яғни, берілетін зекеттің көлемі — 2,5 пайыз, 29500 теңге көлемінде болады. Ал, нарықтағы 1 грамм күмістің бағасы – 181 теңге, соны 595 грамға көбейтсек, 107 695 теңге шығады. Сонда күмістен 2693 теңге зекет беріледі.
— Егер қолдағы ақша жыл басында нисап мөлшеріне жетіп, жыл соңында айналымға түсіп кетсе ше?
— Жыл басында қаржыңыз нисап мөлшеріне жетіп, жыл соңында айналымда тауар ретінде жүрсе де зекет беріледі. Зекетті ақшалай және заттай беруге болады.
— Зекетті төрт түлік малмен берсе бола ма?
— Әрине, зекет мал — мүліктен де алынады. Мысалы, сіз түйе асырап жүрсіз дейік. Егер сізде 5-9 түйеңіз болса — 1 қой, 10-14 түйеңіз болса – 2 қой, 15-19 түйеңіз болса – 3 қой, 20-24 түйеден 4 қой беріледі. Шаруашылығыңызда 35-45 түйе бар болса – екі жасар ұрғашы түйе, 45-60 түйеңіз болса – үш жасар ұрғашы түйе, 61-75 түйеңізге — төрт жасар ұрғашы түйе, 76-90 түйеге – екі жасар ұрғашы түйе, 90-120 түйеге — үш жасар 2 ұрғашы түйе береледі. Сиырға келетін болсақ, сиырдың нисап мөлшері — 30 бас. Яғни, сіздің 30 сиырыңыз бар болса – бір жасар тана, ал 40 сиырыңыз болса – екі жасар құнажын беріледі. Мысалы, 120 сиыры бар адам – бір жасар 4 тана немесе екі жасар 3 құнажын бере алады. Қой мен ешкіден берілетін зекет жайын да айта кетейін. Егер сіздің 1-39 қойыңыз бар болса, зекет берілмейді. Сізде 40 –тан 120 бас аралында қой бар дейік, сізге осы малдан 1 қой зекет парыз болады. Сондай-ақ, 121-200 қойға — 2 қой, 201-399 қойға – 3 қой, 400-499 қойға – 4 қой, яғни әр жүз қойдан 1 қой зекет беріледі. Жылқы құны нисап мөлшеріне жетсе, зекет беріледі. Бір айта кетерлігі, зекет малының орнына құнын төлеуге болады. Жайылымдағы малдың құны зекет берілетін күні жергілікті жерлдегі мал бағасымен өлшенеді.
— Жұрттың бәрінде мал болмауы мүмкін ғой. Кейбіреулер егін шаруашылығымен айналысады дегендей. Олар қайтпек?
— Егін өнімінен берілетін зекет – ұшыр (хушрия) деп аталады. Яғни, ұшыр – оннан бірі деген сөз. Әрине, егілген егіннің өнімі зекет беруге жетсе, міндетті түрде зекет беріледі. Бұл жерде ескеретін жайт, егіннен зекет беру үшін бір жыл толуы шарт емес. Сонымен бірге жер жалға алынса да зекет беріледі. Жауынмен, өзен-көлмен суғарылса табыстың оннан бір бөлігі ретінде зекет беріледі. Ал су қолмен тасылса, суғарылған өінімнің бестен бірі беріледі. Сондай-ақ, дән мен жемістер, бал, жүзім секілді бау-бақша өнімдерінен де зекет алынады. «Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының зекет қоры» КҚ жасаған зекеттің нисаб мөлшері бойынша уәсақ өлшем бірлігімен алынады. 1 уәсақ — 130-6 келіге тең. Егері сіздің 5 уәсақ, яғни 653 келі бау-бақша өнімі бар болса, зекет беріледі.
— Қазір жұрт қолына тағып жүрген асыл тас, бағалы бұйымдардан зекет алына ма?
— Інжу маржан, асыл тас, алмаз, гауһар тас секілді бағалы заттарыңыз болса, зекет берілмейді. Егер сіз оларды сатып, пайда тауып, нисап мөлшеріне жетсе, зекет беріледі.
— Зекеттің қандай қандай пайдасы бар?
— Зекет сырына келер болсақ, біріншіден, ол мал-мүлікті арам көздерден, ұрлықшылардан қорғайды. Ибн Масғуд ардақты пайғамбарымыздың (с.ғ.с) «Мал-мүліктеріңді зекетпен қорғаңдар және ауруларыңды садақамен емдеңдер, сондай-ақ бәлеге қарсы дұға әзірлеңдер» дегенін жеткізген. Екіншіден, зекет пақырлар мен мұқтаж адамдарға қолғабыс тигізеді. Өздеріне берілген зекет малымен олар шаруаларын аяғынан тұрғызады. Қоғамда қайыршылық болмайды. Үшіншіден, зекет мұсылман адамның жан дүниесін сараңдық пен ашкөздіктен тазартып, басқалардың жағдайына қарайласуға, жақсылық жасауға үйретеді. Төртіншіден, зекет беру – мал-мүлік берген Аллаға шүкір ету.
— Қазір таңда адамдардың кейбірі сараңдық жасап, зекет бергісі келмеуі мүмкін. Көршісі нашар тұрып жатқанын көріп, көмек қолын созбайтын адамдар да бар. Халық арасында мейірімділік, жомарттық, ізгілік секілді қасиеттер көмескіленіп бара жатқан секілді. Жалпы, зекет беруге жағдайы бола тұра сараңдыққа салынған, кедейлерге қайырымдылық жасамаған адамға ислам дінінде жаза бар ма?
— Әрине, зекет бермеуші мұсылманның екі дүниеде жазаға ұшырайды. Дүниедеге жазасына келер болсақ, тапқан дүниесі ысырапқа ұшырайды. Ислам дінінде айтулы тұлғалардың бірі болған Әбубәкір (Алла оған разы болсын) халифа болған заманда көптеген мұсылмандар өздеріне Раббылары парыз еткен міндеттерден намазды мойындап, зекет төлеуден бас тартады. Сонда Әбубәкір «Аллаһқа серт! Әлбетте, намаз бен зекеттің арасын бөлуші әркіммен соғысамын. Расында, зекет – мал-мүліктің хақы» деген болатын. Осыдан бір намаз бен зекеттің бірге сұралатынын аңғарамыз. Ақыреттегі жазасы өте ауыр. Алла Тағала қасиетті Құран кәрімде: «Алтын мен күмісті қазына етіп жинаушыларды және оны Аллаһ жолында жұмсамаушыларды, (ей, Мұхаммед) оларды қинаушы азаппен сүйіншіле! Қазыналары жәһаннам отына қыздырылған күні: «Бұл өздерің үшін жиған қазыналарың. Енді, жиған нәрселеріңнің дәмін татыңдар» делініп, онымен олардың маңдайлары, жамбастары және арқалары күйдіріледі» деген.
— Зекет төлеу кімдерге парыз?
— Зекет төлеуді парыз ететін екі шарт бар. Олар: мал — мүліктің иесіне қатысты шарттар және мал — мүліктің өзіне ғана қатысты шарттар. Мал — мүліктің иесімен қатысты айтар болсақ, зекет беретін адамның мұсылман болуы, ақыл-есі дұрыс болуы, балиғат жасқа толуы және азат болуы шарт. Мал — мүліктің өзіне ғана қатысты шарттарға келсек, мал — мүлік зекет төлеушінің қолында болуы, мал — мүліктің қайтару уақыты келген қарыздан аман болуы, нисаптың күнделікті тіршілік қажеттілігіне жұсмалатын қаражаттан артық болуы, нисап мөлшері мал-мүлік түрінен ғана болуы, көкөніс пен жемістен басқа мал-мүлік нисабы ай есебі бойынша бір жыл айналымда болуы шарт.
— Жақсы, соңғы сұрақ, зекет бергісі келетін адамдар қай жерге барып сізге жолықса болады? Былтырда бері аудандағы «Зекет» арқылы мұқтаж адамдарға қандай көмектер көрсетілді, сол жайында айта кетсеңіз.
— Ауданымызда зекет беру соңғы жылдары жақсы жолға қойылып келеді. Осыдан екі-үш жыл бұрын Талдықорған қаласынан «Зекет» қоры келіп, аудандағы мұқтаж адамдарға ірі малын таратты. Ауылдарға барып, дүкен иелерімен сөйлесіп, зекеттін парыз екенін айтып жатырмыз. Сол кісілер қаржылай, заттай зекетін әкеп беріп жатыр. Зекетті өзіміз жинап, жетім-жесір қаншама адамдар бар, соларға үй алып берсек деген ойымыз бар.
— Әңгімеңізге рахмет! Ауданымызда зекет бергісі келетін азаматтардың саны көбейіп, ісіңіз алға баса берсін!
Сұхбатты жүргізген:
Ербол Сымханов.