Тақырыпты көріп ойланып отырған боларсыз, әрине, еліміздің тыныштығы, береке — бірлігі, бейбіт өмірі баға жетпес байлық екені баршамызға белгілі. Осындай гүлденіп көркейген елімізге сырттан қызыға да, қызғана да қарайтындар жеткілікті. Түрлі айлашарғылар арқылы, дінді желеу етіп, алдап-арбап әсіресе, тепсе темір үзетін жастарды адал жолдан ауытқытып, елге, халыққа қарсы қойып қоятын қанпезерлерде жоқ емес. Сондайлардың аздаған ақшасы мен үгіт-насихатына алданып, туып — өскен жерлеріне сатқындық жасайтындар еміс-еміс байқалады. Экстремизм мен терроризм тақырыбы тек Қазақстан үшін ғана емес, әлемдік деңгейдегі аса өзекті мәселенің бірі. Бұл әсіресе соңғы жылдары әлемнің түпкір — түпкірінде орын алып жатқан түрлі лаңкестік оқиғалар мен экстремистік топтардың белсенді әрекетінен кейін ғаламдық мәселеге айналды. Осы ғаламдық мәселе бізді де бей-жай қалдырмады. Сондықтан әр адам өзінен, жанұясынан, жақындарынан бастап жауапкершілікпен қолға алғаны дұрыс. Ата – ана баласының кімдермен сөйлесіп, немен айналысып жүргенін толық — қанды қадағалауға міндетті.Үлкендік құрметі мен кішілер кішілік ізеті мен әр айтылған сын-пікірді дұрыс қабылдай білгені абзал.
Әр тұлға қоршаған ортаға қай жағынан болса да ықпал ете алады. Ол білімі, еңбегі, жетістіктері арқылы, жақсылыққа, елді дамуға жетелесе, дәл соған сәйкесінше кері әсерінде тигізе алары анық. Сондықтан бәрімізді құшағында аялап тербетіп, бар керегімізді сыйлай білген, қажетімізге мейлінше жарай білген, қасиетті Отанымызға қызмет етейік. Елдің ел болып еңсесін тіктеп, мәңгілік гүлденіп көркеюіне сүбелі үлес қосайық. Жат ағымдардың ішке кіруіне, арам пиғылын іске асыруына мүлде жол бермейік. Ел болып, халық болып қарсы тұрайық. Бар күш — жігерімізді, қажыр — қайратымызды ел болашағы болған жас ұрпаққа дұрыс үлгі — өнеге көрсетуге арнап, ғасырдан — ғасырға жалғасып өмір сүре білейік ағайын.
Әсем ЕСЕНАМАНОВА,
Қызылағаш ауылдық мәдениет үйінің директоры.