Өңірді жол өзгертеді

Аудан үшін экономика мен әлеуметтік салалардың бәрі маңызды. Дегенмен елең еткізетін жаңалықтары мен баса мән берілетін тұстары болады. Егер бұрнағы жылдары Ақсу қант зауытын жүргізу, коператив құру сияқты жайлар әңгіме өзегіне айналса, биылғы ауыл мен аудан әкімінің ел алдындағы есебінде жол салу арқылы әр елді мекенді дамыту жағы қарастырылды.

Басынан бастасақ, Елбасының 190-шы Жарлығына сәйкес әкімдердің тұрғындар алдындағы есебі биыл жыр құлагері І.Жансүгіров туған Ойтоғаннан басталды. Оның өзіндік сыры да бар. Келесі жылы ақынның 125 жылдығы республика деңгейінде кеңінен аталып өтеді. Бұрында бұл елге әкім шақ келмей, арыз — шағым көбейіп кеткен еді. Былтырғы сайлауда жаңадан әкім болып тәжірибелі Тұрсыннұр Білісбек келген. «Содан не өзгеріс?» деген сұрақ та көкейімізде тұрды. Ауылға баратын жолдан бас-тап, көшелердегі түнгі жарық, ғимараттардың безендірілуі, Елбасы Жолдауы мен Рухани жаңғыру тақырыбындағы бильбордтар мен түрлі көрнекіліктер бірден жаңаша серпін барын байқатты.

Ауыл әкімі өз есебінде 109 шаруа қожалығы, 1 ауылшаруашылығы коперативі жұмыс істейтінін, 100 гектар арпа, 20 гектар қызылша себетінін және өнімдері жақсы екенін тілге тиек етті. Негізінен мал өсірумен айналысатын тұрғындар ірі қараны 4162 басқа, ұсақ малды 10889 басқа жеткізген. Жылда бітпейтін су дауы болса, 4,5 шақырым канал тазаланып, 154 үйге таза ауызсу беріліпті. Халыққа 1 наубайхана, 2 дүкен мен мектеп, пошта, денсаулық мекемелері қызмет етеді. Былтырғы түлектердің 80 пайызы грантқа оқуға түсіп, 9 қылмыс толық ашылған. 125 жылдық мерейтойға байланысты жаңа мәдениет үйі салынады, ескі клуб жөнделіп спорт кешеніне айналады. Ауыл ішіндегі жолдар асфальтталып, туризмді, қазақтың саятшылық өнерін дамытуға  алғышарт жасалуда. Бұрған өзені бойындағы Ілияс баба белгітасының маңайы абаттандырылып, қасындағы көлге Тілеукен Қосмиллионов деген азаматтың бас-тамасымен су жіберілген.

Қаракөз ауылының жаңадан сайланған әкімі Дастан Көпелбаев округке қарасты 2 елді мекенде 921 тұрғын барын, «Береке- 1» ауылшаруашылығы коперативі жұмыс істеп 18 адам 37 миллион теңге жеңілдетілген несие алғанын, 171 үйге ауызсу кіргізілгенін, ең үлкен жаңалық бұрын астынан ордалы жылан шыққан мектептен алыс орталықта жаңа ғимарат салынып жатқанын баяндады. Құрылыс биыл күзде пайдалануға берілмекші. Дегенмен, ауылда 1410 гектар астық, 60 гектар қызылша, 58 гектар майбұршақ өнімдерін жинаудың есебіне келгенде шатасты.

Жаңалық ауылының әкімі Берік Мұсанов тәжірибелі жан, Ауыл тұрғындары да берекелі, ұйымшыл. Ағайын арасындағы ренішті өздері ортаға салып, тәртіпке келтіргендіктен қылмыс болмайды. Бұларда коператив алғашқылардың бірі болып құрылып, сүт өндіріп, субсидия алуда өз жемісін беруде. 174 үйде 952 адам тұрады. 57447 гектар жерінің 753 гектары ғана суармалы, қалғаны шабындық пен жайылым.  90 гектар қызылшаның әр гектарынан 500 центнерден өнім жинады. Жұмыспен қамту орталығы арқылы 21 адам оқытылып, 20- сы жұмысқа орналасқан. Былтыр ұялы телефон байланысы орнатылып, қызметін ел көріп отыр. Ауылда туберкулез, бруцеллез, гепатит ауруымен ауырғандар жоқ. Мал аурулары да тоқтады. Саяхметовтар отбасы облыстық «Мерейлі отбасы» байқауында жеңімпаз атанды.

Биылғы жылдың тағы бір жаңалығы ауыл әкімдерінен кейін ардагерлер кеңесінің төрағалары, сол ауылдардан сайланған депутаттар ел алдында есеп берді. Ауыл әкімдері мен ардагер, депутаттарға жиналғандар тарапынан қойылған сұрақтарға тиісті жауап берілді.

Соңынан аудан әкімі Әділбек Егеубекұлы Далбағаевтың есебі тыңдалды. Ол алдымен өткен жылдың оң істеріне тоқталды. Жаңа жылдың басты жаңалығы- сөз жоқ Ақсу қант зауыты екендігі белгілі. Осыдан оншақты жыл бұрын тоқтап қалған зауыт іске қосылғалы 80 мың тонна қант қызылшасын өңдеп, аймақты бір қуантып тастады. Оған Елбасымыздың тапсыруымен өңір әкімі Амандық Баталов мұрындық болғанын да айта кетуіміз керек. Нәтижесінде 500- ден астам адам жұмыспен қамтылып, осыншама отбасына айтарлықтай табыс кірді.

2017 жылы қант зауыты бұрыннан сақталған құрал- жабдықтарын қайта іске қосу арқылы жұмыс істеді. Кадрлар негізінен Ақсу политехникалық колледжінде оқытылып, дайындалды. Шикізат негізінен қызылша өсірумен айналысқан Ақсу, Сарқан аудандарынан, ішінара Алакөл ауданы шаруашылықтарынан тасылды. Биылдан бастап 3 жыл ішінде Ақсу қант зауыты шетінен модернизациядан өтетін болады. Яғни, зауыттың құрал- жабдықтары заманауи техникаларға ауыстырылады. Мұның өзі ірі өнеркәсіп орнының жылына 350 мың тонна қызылша өңдеуіне мүмкіндік береді.

Ауданда мал саны 109 пайызға өсіп, ет жоспары- 104,3, сүт- 104,8 пайызға орындалды. Бюджеттік ішкі кірісі 1 миллионға жетіп қалды. «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясындағы жұмыстар 2013 жылдан басталып, Ақсуда туған азаматтардың көмегімен әр ауылда 2- 3- тен әлеуметтік ғимараттар, оның ішінде мешіт, балабақша, клуб, мейрамханалар пайдалануға берілді. Биыл Жансүгіров ауылында 180 орындық спорт кешені құрылысын бастауға 300 миллион теңге құйылды. Мұнымен бірге қант зауыты өзінің жұмысшылары үшін және кезекте тұрғандарға арналған арендалық ондаған үй салынады.

Мақала басында айтқанымыздай ауданда жол құрылысы мықтап қолға алынады. Себебі, инвесторлар ауданға қаржы құю үшін ең алдымен жол қатынасына көп көңіл бөледі. Мысалы, Суызсай ауылында 20 гектар алма бағын отырғызғысы келген поляктар Арасан мен Суықсай ауылдары арасындағы жолдың асфалтталуын күтіп отыр. Жол салынса оның бойында қаншама әлеуметтік нысандар салынып, тұрғындар жұмыспен көптеп қамтылатыны белгілі.

2017 жылы елді — мекендердің көше жолдарын жақсарту мақсатында облыстық бюджеттен 164,4 млн. теңге бөлінді, оның ішінде жоғарыда айта кеткендей Жансүгіров ауылының көше жолдарын орташа жөндеуден өткізу үшін 98,0 млн теңге, ал 6 елді-мекен көшелерін ағымды жөндеуден өткізу үшін 66,4 млн. теңге бөлініп жұмыстар жүргізілді (Кеңғарын, Сағакүрес, Арасан, Суықсай, Көлтабан, Алтынарық ауылдары). Қапал ауылының көше жолдарын күрделі жөндеуден өткізу үшін 3 млн. 449 мың теңгеге жобалық сметалық құжаттама әзірленді. Жөндеу жұмыстары сумен жабдықтау жүйесін реконструкциялау жұмыстары аяқталған соң басталады.

Ауданымыздың көше жолдарын паспорттау және диагностикалау жұмыстарын жүргізу үшін 11 млн. 574 мың теңге бөлінген, оған 299 шақырым құрайтын көше жолдарына тиісті жұмыстар атқарылды. Биылғы жылы елді — мекендердің көше жолдарын жөндеу үшін облыстық бюджеттен  172 млн. 917 мың теңге бөлініп отыр. Оның ішінде Жансүгіров  ауылының көше жолдарын орташа және ағымды жөндеуден өткізу үшін 31 млн. 584 мың теңге бөлінсе, Сағабүйен, Сағакүрес, Кеңжыра, Есеболатов, Жаңалық, Кеңғарын,  ауылдарының көше жолдарын орташа жөндеуден өткізу үшін 141 млн. 333 мың теңге жұмсалады.

Құжаттары болмаған және облыстық жолдарының тізіміне еңбеген Қызылқайын, Тарас ауылдарының кірме жолдарының 2017 жылы құжаттары әзірленіп, аудандық коммуналдық теңгеріміне алынып жатыр. Осы жұмыстың нәтижесінде аталған жолдарды қысқы күтіп ұстау үшін қосымша қаражат бөлініп отыр.

Облыстық маңызы бар жолдар бойынша өткен жылы «Алматы — Өскемен-Қапал — Арасан шипажайы» жолында 48-77 шақырым аралығында (Қапал мен Арасан ауылдарының арасы) орташа жөндеу жұмыстары жүргізіле басталды, биылғы жылы осы жұмыстар толығымен аяқталады. Бұл жұмыстарды іске асыру үшін 2017 — 2018 жылдар аралығында облыстық бюджеттен 570 млн. 192 мың теңге қаражат бөлінді.

2016 жылы Алматы-Өскемен-Кеңжыра ауылына кірме жолында басталған орташа жөндеу жұмыстары  былтыр толығымен аяқталды. Сонымен қоса, ауданымызда орналасқан облыстық маңызы бар жолдарының 84 шақырымына ағымды жөндеу жұмыстары жүргізілді. Биыл Суықсай ауылындағы Бүйен өзеніндегі көпірді қайта салу үшін облыстық жолаушылар көлігі және автомобильдер жолдары басқармасы арқылы жобалық сметалық құжаттамасы әзірленуде. Осы жылы сметалық құжаттама мемлекеттік сараптамадан өткеннен кейін құрылыс жұмыстары басталады.

Әкімдердің ел алдындағы есеп беру жиналысын аудандық мәслихат хатшысы Бейбіт Сүлейменов жүргізіп, оған аудан мекемелерінің басшылары, ақпарат құралдары мен қоғамдық ұйым өкілдері, облыстық дене шынықтыру және спорт басқармасының басшысы Тұратбек Тұрлыбекұлы Шарапиев, аудандық Қоғамдық кеңестің төрағасы Сәбит Бейсебекұлы Қорғанбаев қатысты. Ауылдардың және аудан әкімінің есебіне жиналғандар толық қанағаттанарлық баға берді.

Мұхаметәлі ҚАЗБАНБЕТОВ.

Мәліметпен бөлісу: