«ІЛИЯС ЖАНСҮГІРОВТЫҢ МҰРАСЫ»

атты облыстық ғылыми конференция

Биыл қазақ әдебитетінің классигі, ақын, жазушы, дра­матург, аудармашы, публицист Ілияс Жансүгіровтың туғанына — 130 жыл. Ауданымызда осы мерекелік датаға байланысты көптеген шаралар атқарылуда. Солардың бірі – Жетісу облысының қоғамдық даму басқармасы және «Тіл оқыту – әдістемелік орталығының», сондай – ақ, аудан әкімдігінің ұйымдастыруымен өткен «Ілияс Жансүгіровтің мұрасы» атты облыстық ғылыми конференция.

Облыстан келген қонақтарды ауылымыздың кіре берісіндегі «Ту алаңында» аудан өнерпаздары жырдан, ақ әжелеріміз нұрдан шашу шашып, қазақы салт – дәстүрмен қарсы алдық.

Шара орталық алаңдағы Ілияс атамыздың ескерткішіне гүл шоқтарын қоюдан басталды.

Ескерткіш алдында та­рих сахнасында өзіндік із қалдырып, өз мүддесін ұлт мүддесімен ұштастырып кет­кен ақынның ізбасарлары өмірі мен шығармашылығына кеңінен тоқталып, жырларын жатқа оқыды.

Негізгі шара «Қобызшы Молықбай» атындағы мәдениет үйінде жалғасты.

 Шара «Молықбай Байсақұлы» атындағы мәдениет үйінің кіре беріс фаэсіндегі ақын атамызға арналған көрмені тамашалаудан басталды. Аудандық кітапхана Ілияс атамыздың кітаптары мен атамызбен қатарлас, қазақтың үш арысы атанған Сәкен Сейф­лулин мен Бейімбет Майлиннің де кітаптарынан көрме ұйымдастырыпты. Сондай – ақ, жерлес ақын, жазушылардың ата­мыз туралы жазған деректерін де көрермендер назарына ұсыныпты. Қонақтар келесі ке­зекте І.Жансүгіров атындағы әдеби мемориалдық музейінің атамыздың киген киімдері, аса таяғы, қолданған құралдары, «Мерседес» атты баспа машина­сы мен шығарған кітаптары тура­лы көрмесін тамашалады.

Ғылыми конференцияны Жетісу облысы «Тіл» оқу – әдістемелік орталығының басшы­сы, жерлесіміз Жеңіс Жолдыбаев модератор болып, ашып жүргізіп отырды.

Алғашқы сөз кезегін алған аудан әкімі Тынышбаев Берік Тынышбайұлының Ілияс ата­мыз туралы баяндамасынан кейін, Жетісу облысы қоғамдық даму басқармасының бас­шысы Бауыржан Абибеков өз сөзінде жерлесіміз, шара­ны ұйымдастырушылардың бірі Жеңіс Хамитұлының өтінішімен мұражайда тұрған Ілияс атамыздың өкіл әкесі Молықбай Байсақұлының қобызын аудан халқына тыңдату үшін арнайы алып келгенін ай­тып, шара соңында Қобызшы Молықбай атындағы мәдениет үйінде қобызшы Молықбайдың қобызының үні естілетінін айтты.

Келесі кезекте Жетісу облысының мәдениет, ар­хивтер және құжаттама басқармасының басшысы Қуаныш Сүлейменов, атағын ат көтере алмайтын Халықаралық «Алаш» сыйлығының иегері, ақын, «Халықаралық «Қазақ тілі» қоғамы» қоғамдық бірлестігінің Жетісу облыстық филиалының төрағасы, мен аудандық филиалының төрағасы қызметін атқарғаннан кейін біздің тікелей басшымыз Әміре Әрін, жерлесіміз, Астанадағы А.Байтұрсынұлы атындағы Тіл білімі институтының директоры, филология ғылымдарының канди­даты Фазылжан Анар Мұратқызы, Ш.Уалиханов атындағы Тарих және этнология институты Бас директорының ғылыми жұмыс жөніндегі орынбасары, тарих ғылымдарының кандидаты Шамек Тілеубаев, жерлесіміз, Жетісу облысы әкімдігінің әдеп жөніндегі уәкілі, ақын Ғабит Тұрсынбай Ілияс атамызды жан — жақты қырынан таныстырып, «Ілиястану» сабағын өткізді. Модератор Жеңіс Хамитұлы айтқандай «Өткізген жақсымен жарты сағат, жаманның өтіп кет­кен өміріндей» дегендей керемет әсер алдық.

Соңында ақын атамыздың ұрпақтарына құрмет көрсетіп, ша­пан кигізіп, иықтарына ақ жаулық жапты. Киелі сахнада Молықбай атамыздың қобызынан күй төгілді.

Түстен кейін қонақтар ақынның туған ауылы Ойтоғанда бо­лып, ақын рухына тағзым етіп, Ақсудағы І.Жансүгіров атындағы тарихи – өкетану музейіне экскур­сия жасады.

Ербол СЫМХАНОВ.

Мәліметпен бөлісу: