ІІМ есірткі бизнесінің қаржылық және цифрлық схемаларына соққы жасауда

Ішкі істер министрлігі елімізде есірткі қылмысына қарсы күресті заманауи технологиялық деңгейде белсенді жалғастыруда, – деп хабарлайды 7-su.kz ақпараттық порталы.

Ресми мәліметтерге сүйенсек, 2026 жылдың алғашқы бес айының қорытындысы бойынша елімізде 3 мыңнан астам есірткіге қатысты құқық бұзушылықтың жолы кесіліп, оның ішінде 1,5 мыңға жуық ауыр есірткі қылмысы анықталды. Тәртіп сақшыларының жедел әрекеттерінің нәтижесінде 6 ұйымдасқан қылмыстық топтың, соның ішінде 1 трансұлттық қылмыстық құрылымның жолы кесілді. Сонымен қатар, жастардың өміріне үлкен қауіп төндіретін синтетикалық есірткі өндірісімен айналысқан 12 астыртын зертхана мен 42 фитозертхананың қызметі толықтай тоқтатылды. Киберкеңістіктегі қауіпсіздікті қамтамасыз ету шеңберінде есірткіні жарнамалап, саудалаған 12 мыңға жуық заңсыз онлайн-ресурс бұғаттауға жіберілді.

Қазіргі уақытта ІІМ Ұлттық банкпен тығыз бірлесе отырып, есірткі бизнесінің заңсыз қаржылық операцияларына, криптоәмияндары мен транзакциялық схемаларына тосқауыл қоюда. Бұл бағыттағы жүйелі жұмыстардың нәтижесінде 107 миллион теңгеден астам күмәнді қаржы аударымы дер кезінде тоқтатылып, есірткі саудасына қатысы бар 125 мыңға жуық шетелдік төлем картасы бұғатталды. Бұған қоса, қылмыстық кірістерді заңдастыру мақсатында қолданылған 20 мың криптоәмиян жіті тексерілу үстінде. Тәртіп сақшылары жүргізген арнайы операциялар барысында заңсыз айналымнан 466 килограмм дайын синтетикалық есірткі және оларды дайындауға арналған 11 тоннадан астам химиялық прекурсор тәркіленді.

Есірткі қылмысымен күресте тек жазалау емес, алдын алу шаралары да маңызды рөл атқаруда. Жыл басынан бері еліміздің мектептері мен жоғары оқу орындарында жасөспірімдердің құқықтық және сауаттылық деңгейін арттыру мақсатында 6,5 мыңнан астам есірткіге қарсы іс-шара өткізіліп, бұқаралық ақпарат құралдары мен әлеуметтік желілерде 8 мыңнан астам ақпараттық материал жарияланды. ІІМ есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл комитеті төрағасының орынбасары Елдар Әбдікенов қоғамдық қауіпсіздікті нығайту, азаматтардың денсаулығын қорғау және жас ұрпақтың болашағын сақтау мақсатында халықаралық ынтымақтастық пен трансұлттық есірткі қылмысына тосқауыл қою бойынша кешенді жұмыстардың алдағы уақытта да қатаң жалғасатынын мәлімдеді.

Мәліметпен бөлісу: