І.ЖАНСҮГІРОВ АТЫНДАҒЫ ТАРИХИ — ӨЛКЕТАНУ МУЗЕЙІНЕ — 30 ЖЫЛ!

Еліміздің Тұңғыш Президенті, Елбасымыз Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев: «Қай халықтың бол­сын өзге ұлтқа ұқсамайтын бөлек болмыс бітімін даралап, өзіндік тағдырын айқындайтын басты белгісі — мәдениеті. Мәдениет ұлттың бет бейнесі, рухани бол­мысы, жаны, ақыл ойы, параса­ты. Өркениетті ұлт ең алдымен тарихымен, мәдениетімен, ұлт ұлықтаған ұлы тұлғаларымен, әлемдік мәдениеттің алтын қорына қосқан үлкенді — кішілі үлесімен мақтанады. Сөйтіп тек өзінің ұлттық төл мәдениеті арқылы ғана танылады. Адамзат тарихының күретамыры — мәдениет, ал мәдениеттің күретамыры — адамзаттың ақыл — ойы мен іс — әрекетін дүниеге әкелген материялдық құндылықтар болып табылады»,– деді өз сөзінде.

Кейінгі жылдары елімізде мәдени мұраларға ерекше көңіл бөлінуде. Барымызды баптап, жоғымызды түгендеп, ата — бабамыздың тарихи мұраларын, құнды ескерткіштерін, ерлік істерін, ақыл — парасатын жинақтап ұрпақтан — ұрпаққа табыс етіп, аманатына қиянат етпей, ұлттық мирастарымызды жанымыздай қорғап, құндылықтарымызды қастерлеу — бүгінге міндет, ертеңге ұлағат.

Жыл өткен сайын мазмұны арта түсетін мұражай жәдігерлерінің тарихы келер ұрпақ үшін маңызы өте зор.

Мұражайлар тек ескі дүниелердің көрмесі емес, ол- халық қазынасын сақтайтын, та­рих қойнауынан сыр шертетін ұлағатты орын.

Күн сайын қарасы көбейіп, бой көтерген мұражайлар ісі, тари­хи құндылығымен ерекшеленеді, өткенге ақиқат, болашаққа мақтаныш, тарих пен танымның қайнар көзі.

Осындай бір музей Ақсу ауда­нына қарасты Ақсу елді мекенінде орналасқан І.Жансүгіров атындағы тарихи — өлкетану музейі. Бұл музей 1991 жылы музей болып қалыптасып, сол кездегі қиын – қыстауға байланысты кешеуілденіп 1994 жылы Ақсу ауданының мәдениет бөлімінің ұсынысымен, Алматы обылыстық мәдениет комитетінің 1991 жылғы шілде айының 3 — ші жұлдызында №59 — шы бұйрығы бойынша І.Жансүгіров атындағы тарихи — өлкетану музейі обылыстық та­рихи — өлкетану музейінің фи­лиалы ретінде І.Жансүгіровтің 100 жылдық мерей тойында лентасы қиылып ашылған. Яғни, Тәуелсіздіктің төл құрдасы. Биыл сол Тәуелсіздік мерекесімен 30 жылдығы тұспа тұс келіп отыр.

Бұл музей орналасқан ғимарат тарихи ескерткіштедің бірі болып саналады. Олай дейтін себебіміз, еліміздің хат танып, өсіп — өнуіне, мәдениетінің дамуына үлкен үлесін қосқан, есімдері аңызға айналған Маман ұрпақтары салған Жетісу жеріндегі алғашқы ұлттық, дүниетанымдық мектептерінің бірі «Мамания» мектебінің Қарағаштан көшіріліп әкелінген ағаштарынан салынған. Бұл ғимарат тарихи ескерткіш ретінде мемлекет қорғауында. Көп жыл­дар мектеп интернаты, құрлыс техникумының оқу сыныпта­ры болған. Ғимараттың қайта жөндеуден өткізіліп музей болып қалыптасуына Ақсудың арда азаматтары А.Зияданов пен С.Серпербаев үлкен еңбек сіңірді. Мұрағаттарының жинақталуына, музей ісінің жандануына белгілі ұстаз, музейдің алғашқы директо­ры Кеңсаба Омаровтың еңбегі зор. 2006 жылдан бастап он жылдам астам уақыт музей ди­ректоры болған Көбетов Орал­хан Тәсілбайұлы 2009 жылы му­зей ғимаратына күрделі жөндеу жұмысы жүргізілуін, экспозиция­сын жаңарту жұмыстарын қолға алып, аянбай еңбек етті.

Музей жеті бөлімнен тұрады. Мұзейдің жалпы экспозициясының басты мақсаты-ол еліміздің бір аймағы болып табылатын осы өлкенің тарихи, әлеуметтік-экономикалық өзгерістерін со­нау қазақ хандығының құрылуы кезеңінен бастап бүгінгі күнге дейінгі шежіресін Қазақстан Ре­спубликасын тәуелсіз мемлекет болып қалыптасуының обьективті тарихы негізінде көрсету. Соны­мен қатар, келушілерге өлкеміздің табиғи байлығы, фаунасы мен флорасы жайлы мол мағлұмат беру көзделген.

Музейдің жалпы көлемі – 344,7 шаршы метр. Экспозициялық зал көлемі –280,5 шаршы метр. Мұнда өлкенің табиғаты, тарихы, Ақсу ау­данынан шыққан қоғам, өнер және мәдениет қайраткерлері, соғыс және еңбек ардагерлері туралы мәліметтер бар. Бүгінде музей қорында 800 экспонат бар. Му­зей химаратында күрделі жөндеу жұмыстары 2009 жылы өтсе, биыл 2021 жылы ағымдағы жөндеу жұмыстары өтті.

Ардақ ҚҰМАРОВА,

І.Жансүгіров атындағы тарихи – өлкетану

 Музейінің меңгерушісі.

Мәліметпен бөлісу: