ХАЛЫҚ қалаулылары — ел сенімінде

Бүгін Астанада өткен барлық деңгейдегі мәслихаттар депутаттарының II республикалық форумына Жетісу облысы депутаттарының қатарында Ақсу аудандық мәслихат төрағасы ретінде қатыстым. Форумда алдағы уақытта атқаруға тиісті көп мәселелерді айқындап,  бағыттарымызды бағамдадық.

Елімізде соңғы жылдары жемісін беріп жатқан саяси реформалар барлық деңгейдегі мәслихаттардың құрылымы мен әрекетіне де әсер еткені анық. Оны Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев та атап өтіп, мәслихаттың мемлекеттік биліктің өте маңызды тармағы екеніне тоқталды.

Ел Президентінің: өткен жылғы мәслихат депутаттарының сайлауының дұрыс бағытта өткенін айтып, жастарға көптеген мүмкіндіктер беріліп, арнайы квота бөлінгенін тілге тиек етті. Бұл шешім олардың қоғамдық-саяси үдеріске араласуына жол ашып берді – деді. Бұрын мәслихаттағы жас азаматтардың үлесі 2 пайызға да жетпейтін. Қазір заңнамаға енгізілген өзгерістердің нәтижесінде бұл көрсеткіш еселеп артты деуге болады», – деген сөзіне жер-жердегі мәслихаттардың жаңа құрамы дәлел. Біздің Ақсу аудандық мәслихат депутаттарының қатарында да жанарында от ойнап, ел-жұрттың қамын ойлайтын, келешекке кемел көзқараспен қарайтын жастар бар.

Бүгінгі форумда Мемлекет басшысы депутаттардың өкілді билік функциясын халықтың сеніміне сай жоғары деңгейде атқаруына қажет бірнеше мәселені алға тартты. Одан ой қорытып, кәсібилікті шыңдап, халыққа, мемлекетке тиімді қызмет ету біздің міндетіміз. Сонымен қатар, Президенттің мәслихат депутаттарының біліміне білігі сай, іскер, тиімді жұмыс істейтін корпусын жасақтау туралы ұсынысы көңілге қонғанын айтқым келеді.

Мемлекет басшысы мәслихаттар – жергілікті өзін — өзі басқару жүйесіндегі негізгі институт екенін нақтылап, ауыл, аудан және облыстық маңызы бар қала әкімдерін тікелей сайлау жүйесі елімізде жаңа саяси ахуалдың қалыптасуына жол ашқанын атап өтті.

Осы ретте Мемлекет басшысы: «Мәслихат депутаттары мен әкімдердің бірлесе жұмыс істегені жөн. Өйткені оларды мемлекеттің жергілікті жердегі қос тірегі деуге болады», – дегені бізге күш бергендей болды.. Бұл сөз елге, жерге жанашыр, мемлекет мүддесі үшін маңдай терін төгіп жүрген азаматтарды әрі қанаттандырады, әрі жауапкершілікті еселей түседі. Ең бастысы, халықтың сенімін ақтап, елге пайдалы қызмет ету – парызымыз.

Бейбіт СҮЛЕЙМЕНОВ,

аудандық мәслихат төрағасы.

Мәліметпен бөлісу: