«Гендерлік саясат» деген тіркесті айта қалсаңыз, ерлер мен әйелдердің ғана бір-біріне теңестірілуі деп қабылдайтын түсінік басым. Өткен дәуірдегі кеңестік социалистік кезеңнің әйел теңдігі саясатымен салыстыратын да жайт бар. Бұл сөздің мәнісін тек адамдардың жыныс айырмасымен байланыстырып, біржақты, аса тар ауқымда қабылдасақ өте қатты қателесетін боламыз.
Негізінен «гендер» дегеніміз – табиғаты бірдей заттардың немесе тіршілік иелерінің жиынтығына жататын, яғни генезис, форма немесе сипаттамалар секілді элементтерді бөлетін типке, класқа, текке қатысты сөз. Оны қолданудың аясы кең. Сондықтан, гендерлік саясат дегенді жер шары мен жаһандық тұрғыдан алып қарасақ, бұл – жанды-жансыз және үлкенді-кішілі не нәрсенің болмасын бірге және үйлесімділікте тіршілік кешуін, бір — бірімен тепе — теңдікте сақталуын қадағалауға тиіс мүдде болып шығады.
Қоғамның жыныстық жіктеліміне байланысты эволюциялық үдерісі қай елдің, қай мемлекеттің болмасын саяси — экономикалық және әлеуметтік дамуына өз ықпалын тигізбей қоймайды. Әлемнің кейбір бөліктерінде нәзік жыныстылар үшін әртүрлі шектеулер қазірдің өзінде сақталып келе жатқанымен, өркениеті дамыған елдерде гендерлік тепе — теңдікті сақтау үрдісі бүгінгі таңда өз арнасын тапты деуге толықтай негіз бар.
Қазақстан да тәуелсіздік алған жылдардан бері қарай әйелдерге тең қолжетімділікті және өмірдің барлық салаларына қатысуды қамтамасыз етуі тиіс осы демократиялық жолды ұстана бастады. Содан бері экономикалық еркіндік үшін тең мүмкіндіктерді пайдалану, билік құрылымына әйелдер мен ерлердің бірдей қатысуы, отбасындағы тең құқықтар мен міндеттер үшін талаптар құру, жыныс белгілері бойынша күштер бостандығы, қоғам дамуында әйелдердің рөлін дамыта беру үшін жаңа мүмкіндіктер туғызып отыру – біздің еліміздегі гендерлік саясаттың бірегей міндеттері.
Гендерлік саясат – қазіргі уақытта өзекті мәселелердің бірі. Қоғам өмірінің барлық салаларында ерлер мен әйелдердің теңдігіне қол жеткізуге бағытталған мемлекеттік және қоғамдық қызмет. Мемлекетімізде гендерлік саясат жүргізу жөніндегі жұмысты Қазақстан Республикасы Президентінің жанындағы Әйелдер істері және отбасы-демографиялық саясат жөніндегі ұлттық комиссия үйлестіреді. Оның негізгі функциясы – отбасына, әйелдер мен ерлердің теңдігіне қатысты «Қазақстан Республикасындағы Отбасылық және гендерлік саясат тұжырымдамасы» деп аталатын кешенді мемлекеттік саясатты жүйелі түрде іске асыру.
Тұжырымдамада «Гендерлік саясат саласындағы қол жеткізілген нәтижелер мен проблемалар», «Халықаралық тәжірибені шолу», «Қазақстан Республикасындағы отбасылық және гендерлік саясатты дамытудың пайымы», «Қазақстан Республикасындағы отбасылық және гендерлік саясатты дамытудың негізгі қағидаттары мен тәсілдері», «Нысаналы индикаторлар мен күтілетін нәтижелер», «Қазақстан Республикасындағы 2030 жылға дейінгі отбасылық және гендерлік саясат тұжырымдамасын іске асыру жөніндегі іс- қимыл жоспары» деп аталатын тақырыптар қамтылады.
Қазақстандықтардың көпшілігі үшін отбасы – маңызды құндылық. Дегенмен, қоғамда отбасы институтының маңыздылығына қарамастан, ажырасулар және некесіз бала туу азаймаған.
Ер адамдардың гендерлік жағдайдағы еркіндігі әкелердің бала тәрбиесіне аз қатысуына әкеліп соғады. Баланы асырау үшін алимент төлеуде де мәселе тудырады. Жаппай сауалнама деректері ерлердің өз балаларымен өзара қарым-қатынасқа қатысуының айтарлықтай төмен деңгейін көрсетіп отыр.
Тұжырымдама кезең-кезеңімен жүзеге асырылғанда көптеген нәтижелерге қол жеткізілетін болады.
Гендерлік теңдік деңгейі жоғарылаған сайын, отбасы мүшелерінің әрқайсысының тұрмыстық, экономикалық, адамгершілік — тәрбиелік, қорғаушылық және басқа да маңызды функцияларын орындауда жауапкершілігі, тепе — теңдігі де жоғары болатынын түсінуге тиіспіз.
Сондықтан отбасы және гендерлік саясат туралы қабылданған жаңа тұжырымдаманы әйелдердің өзін — өзі дамытуына мол мүмкіндік беруге бағыттағанын жеткізген Президент бастамасы халқымыз тарапынан үлкен қолдау табуда. Себебі, әрбір әйел өз отбасында бақытты, қызметінде табысты, қоғамда белсенді болуға лайықты.
А .Разбекова,
аудандық соттың бас маманы.