ЕРКІНДІГІМ, ҚАСИЕТТІМ, ҚАСТЕРЛІМ — ТӘУЕЛСІЗДІК


Еліміз тәуелсіздіктің бесігінде тербелгелі 30 жыл. Отыз жыл ішінде Қазақстан етек — жеңін жиып, шекарасын бекітіп, өз алдына дербес зайырлы ел болды. Бұл атадан келе жатқан ұлы жеңістің жемісі. 1991 жылы 16 желтоқсанда егемендігін алған еліміздің өз Президенті, ұлты мен ұлысы, салты мен дәстүрі, мәдениеті мен эконо¬микасы болды. Желтоқсанның желі мен ызғарына қарсы тұрған жастардың жалын¬ды рухы мен ерліктерінің арқасында шаңырағы биік, керегесі кең мемлекет болып қалыптастық. Аз ғана мерзімде көптеген елеулі табыстарға қол жеткіздік. Еліміздің тыныштығы мен қауіпсіздігі, көп ұлтты Қазақстан халқының жарастығы мен ынтымақтастығы Президентіміздің жүргізіп отырған парасатты да көреген саясатының нәтижесі ретінде орнады. Экономика¬сы дамып, халықтың жағдайы әлдеқайда жоғары деңгейге жетті. Өзге елдермен арадағы қарым — қатынастар реттеліп, халықаралық саудаға шығуға мүмкіндік алды. Жастардың шет елдерде оқуға, сол жер¬де алған білімін Отанында қолдануға мүмкіндіктері пайда болды. Қазіргі таңда спорттан ұйымдастырылатын олим¬пиада, спорттық ойындарда қазақстандық бауырларымыз жоғары орындардан көрініп, ел беделін көтеруде, еліміздің әнұраны бүкіл әлем алдында жиі ойнатылып Қазақстан деген мемлекет күннен — күнге әлем үшін жаңа белестерден көрінуде. Елбасымыздың бастауымен Астананың негізі қаланып, бүгін адам танымастай өзгеріске ұшырады, әлемдегі мемлекет¬термен келісімшарттар жаса¬латын, жиналыстар өткізілетін заманауи шаһар қалыптасты. Ендеше, қолда бар алтынның қадірін білу оны келесі бір дәуірге аманаттау және жеткізу – мойнымыздағы парызымыз,-деп білейік, ақын Қалқаман Сарин жырлағандай мәңгі сақтайық.
ТӘУЕЛСІЗДІК!
Еркіндігім.
Қасиеттім.
Қастерлім.
Өзің барда өзегімде жоқ шер мұң!
Кеше сенің келбетіңді арман ғып,
Боданына бұғауландық басқа елдің.
Бабалардың басын тігіп бәйгеге,
Аналардың жанарына жас бердің!
Уа, Еркіндік,
қош келдің!

Өзегімді өртке ораған қоғамда,
Өз үйіме өзім өгей болам ба?!
Алшаң басып жүре алмаса алты алаш,
Азаттығым! Қадірің де жоқ онда!
…Саған жету қиын болса қаншалық,
Сақтап тұру қиынырақ одан да!
Алла берген азаттықтың әр сәті —
Аманат қой
Маған,
Саған
Оған да!

Саясатқа сермей алмай семсерді,
Езгі күнге тері қылдым еңсемді!
Желтоқсанда жалын атып жастығым,
Құрсау болған темір қоғам теңселді!
Есте даңқы қыршындардың қалды ма,
Сексен алты ерлігім бе — ей,
ең соңғы!?
Уа, еркіндік,
Құның немен өлшеңді!?
Уа, еркіндік!
Құның немен өлшенді?!
Сені көксеп
Боздақтарым өлсе өлді!
Сенсің менің ең ғажайып өлеңім,
Ең шуақты,
Ең шырайлы,
Ең шерлі!
Әр таңыңды сүйіншілеп тұрайын —
Құдай берген ғұмырымда өлшеулі!
Б.АБЕЕВА,
Қаракөз ауылдық кітапханасының
кітапханашысы, БПҰ мүшесі.

Мәліметпен бөлісу: