ЕЛІН СҮЙГЕН, ЕЛІ СЕНГЕН ЕЛБАСЫ!

Әлем тәжірибесінде Президент күндері бар. Мәселен, АҚШ-та ақпан айының үшінші дүйсенбісі (22-ақпан) – Президент күні. Бұл АҚШ-ты біртұтас бір мемлекетке құрай білген Д.Вашингтоннің туған күніне сәйкес келеді. Ал, қазақ халқы өзінің тұңғыш Президент күнін ресми түрде 2012 жылдан бастап 1 желтоқсанда атап өтеді.

Тұңғыш Президенттің баста­маларына қолдау жасай отырып, еліміз көп биікті бағындырды. Қазір мемлекетіміздің әлем елдері арасындағы абыройы уақыт санап артып келеді. Мұның барлығы да бүгінгі тәуелсіздігімізді тұғырлы ету жолындағы Тұңғыш Президентіміз – Елбасының еселі еңбегінің, көреген жасампаздығының жемісі.

Тәуелсіз Қазақстанның қалыптасуы Елбасымен тікелей байланысты. Тарих беттеріне көз жүгіртер болсақ, 1991 жылғы 1 желтоқсанда, алғаш рет жалпыхалықтық сайлау өтті. Сайлауға қатысқандардың 98, 78%- ы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарба­евты қолдап, өз дауыстарын берді. Осылайша егемен Қазақстанның Тұңғыш Президенті болып Нұрсұлтан Назарбаев сайланды. Бұл жаңа мемлекет қалыптасуының өтпелі кезеңінде сенімді басшыға өз тағдырын тапсырған Қазақстан халқының жауапты таңдауы еді. Ал 10 желтоқсан күні Алматыдағы Рес- публика сарайында Президентті ұлықтау рәсімі өтті. Нұрсұлтан Назарбаев республиканың көпэтносты халқына адал қызмет етуге, азаматтардың еркіндігі мен құқықтарын кепілдендіруге, Қазақстан Республикасының Президентіне жүктелген міндеттерді адал орындауға ант берді.

16 желтоқсан күні «Қазақстан Республикасының мемлекеттік тәуелсіздігі туралы» Қазақстан Республикасының Конституциялық заңы қабылданды. Осы заң негізінде еліміз өзінің Тәуелсіздігін жария етті. Қысқасы, Қазақстан Республикасының мемлекеттік тәуелсіздігінің іргетасы осылай қаланды.

Әрине, тәуелсіздіктің алғашқы жылдары мен еліміздің қазіргі жағдайының айырмашылығы жер мен көктей. Құлдыраған экономи­ка, төмен әлеуметтік жағдай уығын енді көтеріп жатқан жас мемлекеттің халқы мен басшысына түскен сынақ еді. Осындай ауыр кезеңдерден өтіп Қазақ елі біртіндеп аяғына тұрды.

Шын мәнінде, Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев ел басқарған тұста, салиқалы саясатының арқасында тәуелсіз Қазақ елі қалыптасып, тарихымыз түгенделіп, тіліміз, дініміз және діліміз қайта оралып, мемлекетіміздің ұлттық рәміздері қабылданды. Қазақстанның шы­найы егемендігін қамтамасыз еткен маңызды мемлекеттік актілерге қол қойылды. Тарихтың өзі елін сүйген, елі сенген Елбасымыздың ерен еңбектерін ақтарып тұр.

Мемлекеттің мықты болуына, елдің мерейлі болуына өлшеусіз еңбек сіңірген Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың арманы мен мақсатына арқау болған азат жо­лымыз, бейбіт күніміз, берекелі өміріміз ұзағынан сүйіндірсін,-деп тілейік. Елбасымыз өзі айтқандай, баршамыздың күні-түні ойлайтыны­мыз қазақ елінің тәуелсіздігі болсын! Еліміз аман, жұртымыз тыныш, жо­лымыз нұрлы болғай!

АҚСУ АУДАНДЫҚ СОТЫНЫҢ БАСПАСӨЗ ҚЫЗМЕТІ.

Мәліметпен бөлісу: