ЕЛІМНІҢ БАҚЫТЫН ТЕРБЕТКЕН ТӘУЕЛСІЗДІККЕ — 30 ЖЫЛ!

Өмірде еркін жүріп, еркін тұрғанды жаны қаламайтын жанды кездестіру мүмкін де емес шығар. Міне, қазақ дейтін текті халықтың басына бақ қонып, тәуелсіз ел атанғанына биыл 30 жылдың жүзі болып қалыпты. Айтылған сөз, жазылған тарих, ақтарылған сыр арқылы менің жас жүрегім сол кездегі бауырластарымыздың көкейінде «азаттық», «еркіндік» сөздерінің тулап тұрғанын сезінеді.

Тәуелсіздік туралы толғанған сәтте қазақ жастарының 1986 жылғы желтоқсанда болған үстем жүйеге қарсы толқуларын айтпай кетудің өзі азаматтық арымызға сын болмақ. Елдің бойына жиналған ашу-ыза, қайралған намыс күндердің бір күнінде бір жерден тесіп шығуы тиіс бола­тын. Әлем картасына түбегейлі өзгеріс енгізген бұл оқиға түбінде желтоқсан оқиғалары деген атпен тарих сахнасында өз еншісін алды.

Тұғырлы тәуелсіздіктің 30 жылдығына орай, мектебімізде тіл мамандарының жетекшілігімен маңызды тарихи — танымдық «Елімнің бақытын тербеткен тәуелсіздікке — 30 жыл!» атты іс — шарасы өткізілді. Мақсаты — Тәуелсіздік жолында құрбан болған қазақ жастарының ерлігін ұлықтап, көтерілістің шынайы мақсат — мүддесін өскелең ұрпаққа түсіндіру, бейбіт елдің көрінісін паш ету. Мерекелік кешті мектеп оқушылары үш тілде жүргізді. Атаулы кеш талай жандардың жүрегіне жылу сыйлады. Мектеп оқушылары бұл шараға белсене атсалысты.

Қырандай самғаған қазақ еліміз өз қанатының астына қаншама ұлт өкілдерін сыйғыза білді. Егемендік алғаннан бастап, әртүрлі этностар арасындағы келісімді сақтай алды. Ұлтаралық қақтығыстардың орын алуына жол бермеді. Елімізде қазақтардың саны көп болғанымен, олар басқа халықтарды кемітпей, керісінше, оларға өз мәдениетін, тілін және дәстүрін дамытуға мүмкіндік жасады. Әрбір ұлттың дінін, тарихи мұрасын, және әдеп-ғұрпын құрметтеп, оларға шыдамдылықпен және түсінушілікпен қарады. Міне, осындай қазақтың кеңпейілділігін насихаттау мақсатында оқушыларымыз елімізде тұрып жатқан әр ұлттың ұлттық киімдерін киіп, ұлттық болмысын насихаттады. Қазіргі Қазақстан елінің тәуелсіздігін дәріптеді.

Біздің өсу қарқынымызды, сайын даланың тәңірі атанған көк бөрінің ұрпағы екенімізді, досына адал, дұшпанына қатал, бірақ, шындықты қастерлеп төрге шығаратын қонақжай, мейірімді ұлт екенімізді жоғарғы сынып оқушылары сахналық көрініс арқылы жеткізді. Бұл көріністен со­нау қиын — қыстау заманда кез — келген ұлтқа жылы жүзбен қарап, мейірім шапағатын төгетін қара қазағымның кең жүрегін көре алдық. Іс-шара соңында мерекелік кеште белсенділік көрсеткен барлық оқушыларға сый-құрмет көрсетіліп, мектеп директоры арнайы Дипломдармен марапаттады.

Ең бастысы егенменбіз, азатпыз, тәуелсізбіз! Ендігі мақсат — мүддеміз де айқын, бағытымыз да, бағдарымыз да мәңгілік ел болмақ. Осындай елде тұрып, текті ұлтымыздың текті ұрпағына қызмет ету де бақыт. Өйткені, мен тәуелсіз елдің ұрпағымын. Туымыз тұғырлы, еліміз ғұмырлы болсын! Ұрпағымыз еліне қызмет етуден жалықпасын!

Арайлым ЖҰМАДІЛОВА,

«Қарасу негізгі орта мектебі, мектепке дейінгі шағын орталығымен» коммуналдық мемлекеттік мекемесінің орыс тілі және әдебиеті пәнінің мұғалімі.

Мәліметпен бөлісу: