Елдік мәселеден ешкім де еңсе басып, сырт қалмауға тиіс. Ел Президентінің мемлекетіміздің экономикасының барынша нығайып, халқының әл ауқатының жақсаруына тікелей әсері бар сарқылмас қуат көзін жасау жолындағы бастамасы, яғни атом электр стансатын салу туралы халқының қалауына жолдаған ұсынысы, көкірегінде саралы сезімі бар әр азаматты ойландыруға тиіс.
Жаркент қаласындағы сайлау учаскелеріне таң бозынан ағылған тұрғындардың нөпірінен референдумнан ешкімнің сырт қалмайтынын аңғардық. Қала орталығындағы мәдениет үйіне орналасқан №326 сайлау учаскесіне келіп туыстарымен бірге даус берген Жақыбаевтар әулетінің ұйымшылдығы тамсандырды. Әулет ағасы Панфилов ауданының «Құрметті азаматы» Азат Жақыбаевтан референдум туралы пікірін сұрадық.
-Біз Жаркент қаласында тұратын Жақыбаевтар әулеті бұл бастаманы ой елегімізден өткізіп, ақылдасып, пікірлесіп алғашқы сәттен-ақ қолдадық. Бүгін міне таң сәріден өзіміз дауыс беретін Жаркент қаласындағы №326 сайлау учаскесіне келіп, біздің әулеттің 33 адамы бүкілхалықтық референдумда Қазақстанда атом электр стансасын салуды қолдаймыз деп өз дауыстарымызды бердік.Бұл ұрпағымыздың, отандастарымыздың жарқын болашағы үшін жасалған таңдауымыз.
Мырзағали Нұрсейіт
Панфилов ауданы.