Ел үшін туған азамат

Еліміздің Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты мақаласын тәуелсіз қазақ елінің болашағына бағыт — бағдар беретін аса маңызды құжат,– деп білеміз. Мақаладағы:

«Қазақ «Туған жерге туыңды тік» деп бекерге айтпаған. Патриотизм кіндік қаның тамған жеріңе, өскен ауылыңа, қалаң мен өңіріңе, яғни туған жеріңе деген сүйіспеншіліктен басталады. Сондықтан мен «Туған жер» бағдарламасын қолға алуды ұсынамын»,- дегені жастарды патриоттық рухта тәрбиелеуде бүгінгі заман талабынан туындаған ұсыныс дер едім. Ауданымызда бұл бастама қолға алынғалы біраз жыл болып қалды. Осы акция аясында көптеген шешімін таппай жатқан мәселелер оң жаққа ауысып жатқанын көзімізбен көрдік.

Сағабүйен ауылдық мәдениет үйінде қызмет істейтін Қызайбаев Сейсенғали Айтқалиұлыда осындай туған жер үшін еңбек етіп жүрген азаматтарымыздың бірі. Ол қазір беделді ауылдастарымыз ашқан «Сағабүйен» қоғамдық бірлестігінің белсенді мүшесі. Бес баланың әкесі. Жары Раушан Байниязқызы екеуі отбасылық дует шығарып облыс деңгейінде аудан өнерін биікке көтеріп жүрген жандар. Қазіргі таңда балалары да ер жетіп, ата – ана жолын қуып, өнерді жағалаған. Соның арқасында бүгін Қызайбаевтар отбасылық ансамблі құрылған. Ауылымыздағы мәдени шаралардың басы – қасында жүретін нағыз патриот інімізді қоғамдық бірлестік атынан сәуір айында өткен туған күнімен құттықтаймыз. Ілияс атамыз «Өз елі өз ерлерін ескермесе, ел тегі алсын қайдан кемеңгерді» деп айтып кеткен ғой. «Жақсының жақсылығын айт – нұры тасысын» дегендей, келешек ұрпаққа үлкен патриоттық тәрбие беретін кішкентай әңгімеміздің тобықтай түйіні осы.

Сапарғали Темірбеков,

«Сағабүйен» қоғамдық бірлестігінің мүшесі.     

Мәліметпен бөлісу: