Еліміз еңсесін көтеріп, жарқын өмірге қол жеткізіп, еліміз бейбітшілік алғанына да биыл – 30 жыл. Талай «тар жол, тайғақ кешуден» өткен ата — бабамыздың кейінгі ұрпаққа қалдырған мұрасы да – егемендік.
Тәуелсіздік жылдары еліміз тарихи тұрғыдан қысқа мерзім ішінде ғаламат табыстарға қол жеткізгені белгілі. Осы әрбір жеткен жетістіктің артында түрлі салада жан аямай қызмет еткен азаматтардың еңбегі бар. Қазақстанның тәуелсіздігін нығайтып, ел үшін тынымсыз еңбек еткен азаматтар туралы айтар болсақ, алдымен ойымызға Ақсудың арда қызы, Ақсу және Сарқан ауданының «Құрметті азаматы», апайымыз Исанова Орал Сердалықызы келеді.
Орал апамыз Ұлы Отан соғысы аяқталған ауыр кезеңде, яғни, 1946 жылы 6-шы қарашада Талдықорған облысы Бөрлітөбе ауданы Матай стансасында өмірге келген. Сол жердегі №256 орта мектептің 7-ші класын 1961 жылы бітіріп, Қызылорда қаласындағы М.Мәметова атындағы қыздар педагогикалық училищесіне түсіп, оны 1965 жылы тәмәмдап, бірден сол қаладағы Н.В.Гоголь атындағы пединституттың филология факультетіне түсіп, оны ойдағыдай 1969 жылы аяқтаған.
Еңбек жолын туған жеріндегі №258 орта мектепте мұғалім болып бастап, мектеп директорының оқу – тәрбие жөніндегі орынбасары қызметтеріне дейін көтеріліп, 1972 жылдың сәуіріне дейін аталмыш мектепте еңбек еткен.
1972 жылы Бөрлітөбе ауданы құрылып, аудандық комсомол комитетінің екінші хатшылығына, 1974 жылы бірінші хатшылығына сайланды. 1974 жылдың маусым айынан 1981 жылдың тамызына дейін аудандық партия комитетінің үгіт және насихат бөлімінің меңгерушісі қызметін атқарды. Ал 1981 жылы Талдықорған облыстық партия комитетінің ұсынысымен Алматы жоғарғы партия мектебіне түсіп, 2 жыл мектептің тыңдаушысы болып, осы мектепті бітіріп келгеннен соң 1983 жылдан 1990 жылға дейін аудандық атқару комитеті төрағасының орынбасары, 1990 жылы қаңтардан партия тарағанша 1991 жылдың қыркүйегіне дейін аудандық партия комитетінің идеология жөніндегі хатшысы болды. Еліміз Тәуелсіздік алған аса қиын жылдары 1993 жылдың маусымына дейін аудандық қамсыздандыру (райсобес) бөлімінің меңгерушісі, ал 1993 жылдың маусымынан 1997 жылдың наурызына дейін аудан әкімі орынбасары кызметтерін атқарды. 1997 жылы аудан таратылды. Қызметкерлер, мамандар жан — жаққа тарап кетіп жатқанда, көп жылғы еңбегі ескеріліп, наурыз айынан бастап сол кездегі Талдықорған облысы әкім аппаратының ішкі саясат және әлеуметтік бөліміне бас маман қызметіне шақыртылады. 3 айдан соң Талдықорған облысы таратылып, 1997 жылдың шілде айында Ақсу ауданы әкімінің орынбасары болып тағайындалды. 2001 жылы идеология жөніндегі орынбасарлар штаты қысқартылып, зейнеткерлікке шыққанға дейін (2004 жылдың қарашасы) аудан әкімі аппаратының ішкі саясат және әлеуметтік бөлімінің меңгерушісі қызметін атқарады. Білімі мен тәжірибесін ескерген аудан басшылары зейнеткерлікке шыққан соң да аудандық мәслихатта тағы 5 жыл қызмет жасауға мүмкіндік берді.
Бөрлітөбе ауданы ашылғанда (1972 ж.) қызметке барып, ол тарағанша сол жердің суығына тоңып, ыстығына күйіп, ер — азаматтар мен бірге ат үстінде жүріп сол ауданда 25 жыл еңбек етіпті. Бар мүмкіндігі мен іс — тәжірибесімен ауданның әлуеметтік, мәдени көркейуіне өз үлесін қосып, қарттар, Ұлы Отан, Ауғанстан соғыстарының ардагерлері, көп балалы аналар, жастар мәселелеріне басты назар аударуған нағыз Тәуелсіз еліміздің тарланы, Ақсу, Сарқан ауданының ару анасы десек артық айтпаймыз. Себебі жарты ғасырлық еңбек жолының 25 жылын Бөрілтөбе ауданына 25 жылын Ақсу ауданына арнаған асыл жан.
Мақаламыздың басында айтқандай, Тәуелсіздік жылдарындағы жеткен әрбір жетістіктің артында түрлі салада жан аямай қызмет еткен азаматтардың еңбегі бар десек, Орал апамыздың еңбегін ауыз толтырып айтуға болады. Кейбір аудандар жабылып қалып жатқан ең қиын кездерде ауданымыздың экономикасының дамуына Қосқан үлесін аудан тұрғындары жақсы біледі. Тіпті өзі оқытқан оқушылары қазір ата болса да, Орал апай әлі сол қалпы деп айтып жүр. Сондықтан да Орал апамызды сол кездегі ауданның еңбектеген баласынан, еңкейген қарттарына дейін құрмет тұтып, қазірдің өзінде алдынан кесе көлденең өтпей, ауылдың құрметті қызы, әпкесі, замандасы, досы, тіпті жанкүйері ретінде сыйлайды, құрметтейді. «Менің ең үлкен бақытым осы!» дейді Орал Сердалықызы.
Қазір зейнет демалысында болса да қоғамдық жұмыстардың ортасында жүр. Көп жылдан бері Ақсу аудандық сайлау комиссиясының төрағасы болып, қазірдің өзінде белсенді мүшесі болып келе жатыр. «Nur Otan» партиясының аудандық филиалы, аудандық ардагерлер кеңестерінің мүшесі.
Көп жылғы еңбектері бағаланып «Қазақстан Республикасының білім беру ісінің үздігі» төс белгісі, «Мұхамеджан Тынышбаевтың – 130 жыл» мерекелік, Бауыржан Момышұлының «Батыр шапағаты», «Қайырымдылығы үшін «Сауап» медальдарымен, «Nur Otan» Халықтық демократиялық партиясының 10 жылдығына байланысты, Қазақстан Республикасы Президентінің «Алғыс хаттарымен», Қазақстан Республикасы мемлекеттік Тәуелсіздігінің 20 жылдығына орай Қазақстан Республикасының Орталық сайлау комиссиясының төрағасы Қ.Тұрғанқұловтың «Алғыс хатымен», Қазақстан Республикасы Білім және Ғылым министірі Б.Жұмағұловтың «Құрмет грамотасымен» марапатталған. «Солардың ішінде халқымның ең үлкен алғысы, марапаты — Ақсу, Сарқан аудандарының «Құрметті азаматы» атағы» дейді апамыз.
6 қарашада Орал апайымыздың туған күніне орай аудандық әкімдікте аудан әкімінің орынбасарлары Сабырбаев Амандос Ақышұлы, Есжанов Ғазиз Отарбайұлы және аудандық сайлау комиссиясы ұжымы мен бөрілтөбелік қонақтар арнайы құттықтады.
Орал апамыздың:
«Былтыр Бөрібай батыр ескерткішінің ашылу салтанатында жүргізуші марқұм Нұртілеу Иманғалиұлы бүгін Орал апамыздың да туған күні деп көпшілік алдында құттықтап еді, биыл Алдияр батырдың ескерткішінің ашылу салтанатына құрметті қонақ ретінде кетіп барамын. Бұл жай сәйкестік емес шығар»,- деген сөзі ол кісінің жай адам еместігін дәлелдеп тұрғандай.
Ербол СЫМХАНОВ,
Қазақстан Журналистер одағының мүшесі.