ЕЛ ҚОРҒАҒАН – ЕР БАБАМ! АЛДИЯР БАТЫР

Міне, бұйыртса, тағы бір батыр бабамыз тұғырына қонды. Ақсулық бір топ азамат­тар Бөрібай батырдың ескерткішінің қасында Алдияр батырдың ескерткішін шашумен қарсы алып, аталарымызға арнап құран бағыштады. Жырдан шашу шашып, келіндеріміз атасының бетіне ақтық байлап ақ тілекпен шығарып салды.

Осы қуанышқа орай, Б.Сейіловтың «Алдияр батыр» мақаласын ұсынамыз.

РЕДАКЦИЯ АЛҚАСЫ.



Алдияр Елкеұлы (шамамен 1641-1712) – қазақ-қалмақ соғысына қатысқан аға батыр. Есімі Садыр руының ұранына айналған. Алдияр туралы жазба деректер Қазақстан мен Қырғызстанда сақталған. Ол өз елінде Тауымбет сияқты ру басшы­ларымен сыйыса алмай, қырғыз манабы Сарудың қарамағында қызмет атқарған. Жасы отыздан асқанда қырғыз қызы Ханшайымға үйленіп, одан Қырықсадақ, Қырғызшора деген ұлдары дүниеге келеді. Кейін Тәуке ханның шақыруымен елге оралады. Бірақ Тәукенің жоңғар хандығына қарсы кейбір әрекеттеріне наразы болады. Тәуке Севан Рабданның өз ордасына келген елшілерін қырып тастамақ болады. Бұған Алдияр бастаған бірнеше батыр қарулы қарсылық көрсетіп, елшілікті аман-сау еліне қайтарады. Бұл оқиға шамамен 1704-1705 жылда­ры болған. Тәуке жасақтарымен болған қақтығыста Алдиярдың інісі Майдан бастаған көп адам қаза табады. Алди­яр 1696, 1698, 1701, 1710 жылдардағы қазақ-қалмақ шайқастарының бел орта­сында жүріп, Садыр руы жасағына аға батыр болған. Батырдың Қырықсадақ пен Қырғызшорадан басқа Қуат, Кенем­бай, Дөненбай (шешелері Таубике), Асан, Медет, Кенжебай (шешесі Ежеп), Ақпан, Тоқпан (шешелері Жібек) деген сегіз ұлы болғаны белгілі. Шыршық өзен жағасындағы Төлек, Қылышты ата дейтін ескі зиратқа жерленген.

Өз заманында туған Елке бабамыз өте момын адам болған. Сол кезде өзінің туған інісі Тәуімбеттің түйесін бағыпты. Күз айларының бір күні үлкен ас беріліп, Тәуімбет өз балаларын ерітіп, сол жаққа жолға шығып кетеді. Елке туысына малға, ауылға, бала-шағаға қара деп та­стап кеткен екен.

Алдияр ол кезде жас болғанымен, талабы зор, ақылы мол бала болады. Кеудесін намыс пен ыза кернеп, өзің мініп жүретін «жел себесі» деген жүйрік торы құнанын мініп, тез арада түйе бағып жүрген әкесіне барып: «Әке жүріңіз, асқа баралық» дейді. Елке бабамыз: «Шырағым, барғың келсе, өзің бара бер, мен бара алмаймын, малдан айрылып қалсаң, Тәуімбет ренжиді» дейді. Бала Алдияр әкесінің еркіне көнбей: «Жүріңіз! Сіз Тәуімбеттің бірге туған әз ағасысыз. Сол елдің жиынына баратын жөніңіз бар. Сіз де өліге құран оқытып, тіріге көңіл айтыңыз. Ел ішінде ер салтанатын құрып жүріңіз» деп, әкесін ертіп, жұрт жиылған жерге барады. Тәуімбет қаралы ауылды ел ішінде жүрген Елкені көріп, ұрсып, тілдейді. Әкесінің сырт жағынан келіп тұрған Алдияр Тәуімбеттің сөзіне шыдай алмай, оның алдына жетіп келеді. Өзінің балағаттап тұрған сөзің өзіне айтып тұра қалады.

Осы тұста Тәуімбет Елкені қойып, жас балға қаһарын төгіп, сапысын алып ұмтылғанда, Алдияр оның астындағы атының қақ басынан қамшымен тар­тып жібереді. Тәуімбет сасқанынан құрдастарын шақырып алып, қолқасын айтады. «Мынаны ұстаңдар, мен басын кесіп, қанын ішемін» деп ақырады.

Қуғыншылар жабылып, ұстамай қоймайтынын байқаған Алдияр әкесіне бұрылып: «Ардақты әкетайым, хош болыңыз!» деп торы құнанының басын қоя беріп, самсаған сары қолды қақ жа­рып, алдыға сытылып шығып кетеді. Өз есімін өзі шақырып, ұран салып «Алдияр­лап» ұзап жөнеледі. Күн батқанша қуып жете алмаған қуғыншылар қала береді.

Осы бетімен суыт жүріп отырып, қазақтың даласынан шығып, қырғыз еліне кіріп, ханы Сарудтың ордасы­на тоқтайды. Хан келген қонағын дұрыс көзбен қабылдап, жөн-жосығын, әңгімесін естігеннен кейін: «Шырағым, еліңнен жалғыз шығып, алыс жол жүріп қалған екенсің, бізде қырғыз деген бір тайпа елміз ғой, сені сақтай аламыз»,-деп Алдиярды өз ордасына қалдырады.

Күндер мен айлар өтіп жатады. Алдиярдың ақылдылығы ханның көңіліне ұнайды. Саруд қатты ойланып, өзіне бала қылып алмақшы ойымен ханыммен ақылдасады. Сонда бәйбішесі: «Баланың тал бойында бір міні доқ, тұлғасы қай жағынан да бөлек, ақыл-мінезінде де кемшілігі жоқ. Бірақ, менің білуімше, дәл осы сынды адам «бұралқы» болып, бөтен елге сіңбес. Егерде хан ием, көңіліңіз ауып, Алдиярды бала етемін десеңіз, оған жалғыз қызыңыз Ханшайымды қосып, «күйеу бала» етіңіз», — деген екен. Келер жылы хан қызы жүкті болып, егіз ұл туады. Үлкенінің есімін Қырықсадақты, екіншісін Қырғызшора деп атайды.

Сол заманның бір жылдарында Өзбек хандығымен қырғыздар соғысып, жеңіске жетеді. Бұл соғыста Алдияр ерлігімен ерекше көзге түсіп, соңынан бүкіл қырғыз қолына қолбасшылыққа сайланады. Көп кешікпей бұл жеңіс, Алдиярдың атағы, еңбегі, ерлігі бүкіл қазақ даласы­на естіледі. Хабарды ести келе қазақтың ханы Әбілхайыр Орта, Кіші жүзге хабар­лайды. Қырық кісі сайлап, елшілікке Бұхар жырауды қояды. Әбілхайыр: «Алдияр­ды елге қайтарыңдар» деп қырғыз еліне жібереді.

Қазақтың қырық кісіден сайланған елшілігі қырғыз еліне жетіп, ханға жолығып, өздеріне жүктелген міндеттерін жеткізіп, ордадан жауабын күтіп жатады. Біраз айлар бойы Саруд хан елшілерге жауабын қайтармайды, онысы Алди­яр батырды қимағаны мен қиналғаны. Күндердің бірінде батырдың өзі хан ор­дасына кіріп келіп: «Хан ием, мен сізге кеше ғана «пана» сұрап келгенде, жақсы сөзбен қарсы алып, артынан шексіз құрмет көрсеттіңіз, қызыңызға үйленіп, екі балалы болдым. Енді бүгін қазақтан елшілер келіп, мені алып кетпек. Кезінде өз туысымның қорлығына шыдамай, ел­ден кетіп едім, басқа жұртыма өкпе жоқ. Бүкіл қазақ елі шақырып, елшілері келіп отырғанда, маған еліме, жеріме қайтқан дұрыс болар деп, сізден рұқсат сұрап, ақ батаңызды алуға келдім. Менде өзіңіз қосқан Ханшайым мен екі ер балам бар, басқа мал-мүлік жоқ. Хан ием! Рұқсат болса, менің тартуым осы екі баламды қияметке дейін сізге бердім. Ханшайым да балаларды тәрбиелеп, өз қолыңызда бол­сын», — деп ханның үйінен сыртқа шығып кетеді.

Қырғыз ханы манаптарды тегіс шақырып, кеңес құрып, бір бітімге келген соң, Бұхар жырау бастаған қазақ елшілеріне қырық сәйгүлік жылқы, қырық түйесін беріп, Алдиярға хан өзі мініп жүретін «көк ала» тұлпарын мінгізіп, қолына көк ала ту ұстатып, батасын беріп, еліне қайтарады. Батырды қырғыз елінің шетінде ақ үй тігіп, аса құрметпен күтіп, сыймен қош айтыса­ды.

Алдияр батыр, қолбасшы қазақ жеріне Тәуке ханның заманында келеді. Әкесі Жәңгір хан бұл дүниеден өткеннен кейін Тәуке 1680 жылдан бастап 38 жыл қазаққа хан болып, 1718 жылы қайтыс болады. Батыр елден кеткенде елке әкесі айт­тырып қойған қалыңдығы жұртта қалып қояды. Қалыңдағы қоңырат руының еліне белгілі Дүйсе деген кісінің Таубике атты қызы. Тірі кеткен батырды күтіп, үйінде отырған екен. Алдияр айттырып қойған қалыңдығын еліне іздеп барып, атасына сәлем беріп, аз күн қонақтап, ауылына алып келеді. Бірнеше жылдар өткен соң батыр бір рулардың жиынында Жібек де­ген қызды кездестіріп, өз өтініші бойынша ата-анасынан бата алып үйленеді.

Алдияр Тәуке ханның бірінші батыры болған, ел арасындағы ол әрқашанда ханның оң жағында отырған. Батыр сол дәуірде өзімен жақын арада орналасқан көрші елдерге, туыстарына қатты қарап, қысым жасап отырған. Бұл күндері одан әбден жапа шеккен жақындары Тәуке ханға Алдиярдың үстінен шағым жасайды, оны хан Алдиярға айтады.

Бірнеше күн өткеннен кейін, хан өзінің үйінде жаңағы шағым айтушылар бар халықтың ортасында отырғанда, үйге Ал­дияр батыр ханға кіріп сәлем беріп, өзінің үйреншікті орнына, ханның оң жағына от­ыра кетеді. Біраз өткен соң, жүк артылған 2-3 түйе көрінеді (олар қазақ үйдің ішінен көрініп тұрған екен), олардың артқандары құрт пен май еді. Түйелерді Алдияр адамы айдап келе жатқан. Батыр отырған жерінен оған даусын көтере сөйлеп, «Мен бұл сыйларды бұл топқа емес, ханға әкелдім, түйелерді ханның үйіне апар» деп жарлық берді. Тәуке хан жиналған халыққа Алдиярдың қысымы туралы өздерің шағымдарыңды айтыңдар деп қолқа қойды. Бірақ оған ешкімнің батылы бар­мады және сөз айта алмады. Сондықтан Тәуке халыққа: «Осындай ардақты, атақты Алдияр сияқты батырға өз туыстарын, жақын аймағын ренжітуі жараспайды, ал шағыммен келген қауымға ренжігендеріңді қойып, ескіні ұмытып, келісімге келіңдер, татуласыңдар, бұдан былай мұндай жағдайлар қайталанбасын» деп ақылын айтты. Ақырында хан халыққа батыр­ды қатты қадірлейтінін білдіріп, «Ол түйе алса, атанмен қайтарады» деген сөздермен түйіндеді.

Алдияр «жәйші» болған кісі еді (сол кездегі қазақтың ұғымындағы жаңбыр, дауыл шақырған адам), Тәуке қарақалпақтарды қол астына кіргізу үшін оларға бірнеше дүркін шабуыл жасаған еді. Бірақ қарақалпақ ханының алдыңғы шебіндегі қырағы сарбаздары тез уақытта халқына, ханына шұғыл ха­бар беріп, Тәуке әскерінің жолын айтып отырған. Сондықтан олар жорықтардан олжасыз қайтатын еді. Күндердің күнінде Тәуке хан Алдияр батырды шақырып алып: «Сарбаздарыңды дайында, қарақалпақтарға жорыққа шығасың, ха­нын қолға түсіріп, елін шауып шығыңдар», — деп бұйрық берді.

Алдияр қазақ жасағымен жорыққа ат­танады, қарақалпақ шекарасына бір күндік жол қалғанда батыр, құдіретті күшін қолданып, жер бетіне тұман түсіріп, аспаннан қалың жаңбыр жаудырып, жаудың алдыңғы жасағына көрінбей, жеріне кіріп, ауылдарын шауып, әскерінің көбін тұтқынға алып, мал-мүліктерін тегіс жинап, еліне алып кетеді.

Жолада тұтқынға түскен қарақалпақтың бір қызы тұтқындардың ішінен өзінің ха­нын таниды, бұл жағдайды қазақтың бір батыры біліп қалады. Осы батыр хан­ды өлтіріп, артынан өзі Алдиярдың ал­дында «Мен ұстадым» деп көрсетпекші болғанда, қарақалпақ ханы батырға алтыннан ақша беріп, жасырын бостандыққа шығып кетеді. Сол күні бұл жағдай Алдиярға белгілі болады. Ол ханның соңынан қуғын жіберіп, ханды ұстап, тірідей Тәуке ханға жеткізеді. Ол қарақалпақ ханын өлтіріп, қанын ішкен екен.

Қазақ хандығымен қарым-қатынас жа­сау үшін халықаралық келіссөз жүргізуге қалмақтың қонтайшысы (ханы), алдияр­ды қазақтың бас батыры деп өзі келген екен. Олардың кездесуінің арқасында «Алдағы жылдары екі жақ жауласуды тоқтатып, тату, бейбіт өмір сүрейік» деген келісім жасалды.

Алдияр Тәуке ханға келіп, қонтайшы мен өзінің ойларын, жасаған келіссөз туралы айтады. Бірақ Тәуке бұған наразылық білдіріп, қонтайшыны ұстап алып келіп, өлтіруге бұйрық береді. Алдиярдың бірнеше рет «Ол менің құдайы қонағым» деп айтқан қолқасын қабылдамайды. Ол да өз қонығымды ұстап бермеймін деп, ауылына алып кетеді де, ел сарбаздарын дайындап, ханның шабуылына тойтарыс беруге әзірленеді.

Тәуке әскерін жинап, Алдиярдың ауы­лына шабуыл жасайды, бірақ батыр туған-туыстарын ұйымдастырып, оған қарсы соғыс ашады. Шайқас Алдиярдың ауылының маңында болады. Сол заман­да Алдиярдың Майлан деген ең кенже бауыры болған, ол батырлардың ішіндегі ер жүректісі, қаһарманы еді. Алдияр оған әрдайым: «Майлан, ажалың әлде қайдан» деп айтатын.

Алдиярдың батыр Құдияр, Ізбасар, Майлан бауырлары және туыстары Тәукемен таң атқаннан күн батқанға дейін шайқасады. Осы күні шайқаста жас батыр Майлан қаза табады. Батыр Тәуке әскерінің шабуылдарын тойта­рып, оларды кері қайтарады. Ертеңіне қалмақтың қонтайшысын еліне аттан­дырады. Алдиярдың артында қалған ұрпақтарының есінде осы болған шайқас жөнінде мынадай бір шумақ өлең жыр қалды:

Ұзынағаш Тойкеде келді қалмақ,

Хан Тәуке басып барып басын алмақ,

Келмегірдің қалмағы қайдан келді,

Екі қазақ соғысып Майлан өлді.

Қонтайшы аман — есен еліне оралған соң, тұтқынға түскен қазақтарды ордасы­на шақырып алып, олардың қайсысы қай рулардан шыққандарын сұрастырып, тек Садыр руының адамдарын ғана емес, барлық Найман және Алдиярдың атын естіген тұтқындарды босатып жіберген екен.

Б.СЕЙІЛОВ.

ҚБ газеті, №7 (84) шілде 2005 жыл.

Мәліметпен бөлісу: